Қарағанды облыстық соты Балқаш қаласының төрт жылға сотталған тұрғыны, бірнеше жыл бұрын өзін құқық қорғаушы деп жариялаған Санат Бөкеновтің апелляциялық шағымын қарады. Сотқа сотталушының өзі емес, адвокаты Төлеген Мінібаев қатысты. Сот Бүкенов пен адвокатының шағымын қанағаттандырмай, үкімді өзгеріссіз қалдырды. Бірақ апелляциялық алқа Бөкеновті жазасын қалыпты режимдегі колонияда өтеуге жіберуге шешім шығарды. Қазір Бөкенов Қарағандыдағы СИ-16 түрмесінде қамауда отыр.
Санат Бөкенов апелляциялық шағымында Қазыбек би аудандық соты судьясы өзін сот жарыссөзіне қатыспаса да және соңғы сөзін айтпаса да заңсыз айыптау үкімін шығарды деп, оны жоюды сұрайды. Ол сонымен қатар тінту, жауап алу, көзбе-көз беттестіру және тергеу кезінде көп заң бұзу әрекеті болғанын айтады.
Бөкенов апелляциялық шағымын қараған сотқа да қатыса алмады. Адвокатының сөзінше, сотталушы апелляциялық сотқа өзін қатыстыру туралы өтініш білдіргенімен, оған рұқсат бермей қойған. Сот сонымен қатар Бөкеновтің апелляциялық алқа мүшелеріне және Қарағанды облысының барлық прокурорына білдірген қарсылығын да қарап, оны қанағаттандырудан бас тартты.
Прокурор алғашқы сот үкімін "заңды және негізді, ал Бөкеновтің кінәсі толық дәлелденген" деп, үкімді жоюға себеп жоғын білдірді.
2017 жылы наурызда Санат Бөкенов жергілікті билік өкілдері туралы "жалған мәлімет таратты" деп айыпталып, төрт жылға сотталған.