Accessibility links

АМТ: Ереуілдеген кеншілер шахтадан шықты


"АрселорМиттал Теміртау" компаниясының шахтасы алдында тұрған кеншілер (Көрнекі сурет).
"АрселорМиттал Теміртау" компаниясының шахтасы алдында тұрған кеншілер (Көрнекі сурет).

15 желтоқсанға қараған түні Қарағанды облысында "АрселорМиттал Теміртау" компаниясы шахталарының ереуілдеп жатқан кеншілері жер бетіне көтерілді. "15 желтоқсанның түнінде "Шахтинск", "Ленин" және "Тентек" шахталарындағы барлық кенші сыртқа шықты. "Қазақстан" кенішінен кеншілер сыртқа шығарылып жатыр" деп хабарлады "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының баспасөз қызметі.

Кейбір кеншілердің әйелдері Азаттық тілшісіне кеншілердің шахталардан шыққанын растады. Кеншілердің барлығы сыртқа шыққан соң жуынып-шайынуға кеткен. Әйелдер Азаттықпен әңгімесінде күйеулерін алда не жағдай күтіп тұрғанына алаңдайтынын білдірді.

- Оларды "өздеріңді және әйелдеріңді қаматамыз" деп қорқытқан. Бұдан ары не болады, үйге қайта орала ма, білмейміз, - деді түнгі сағат бір жарым шамасында кеншілердің бірінің әйелі.

Желтоқсанның 14-інде кешкісін Шахтинск қалалық соты "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының "шахталардағы ереуілді тоқтату" туралы арызын қанағаттандырып, ұйғаруын бірден орындау туралы шешім шығарды. Ереуілдің дереу тоқтауын қала прокуроры қадағаламақ.

"Сот талап-тілекті қанағаттандырып, ереуілді оны заңсыз деп тануды талап еткен арыз қаралғанға дейін тоқтату қажет деп есептейді" делінген судья Мақсұтованың ұйғарымында.

Компанияның бірнеше жүз (кеншілердің айтуынша, 700-ден астам адам) кенші 11 желтоқсаннан бері жалақыларын екі есе өсіруді, зейнетақыға 50 жаста шығаруды, сырқат кездерінде өтемақыны толық төлеуді талап етіп, жер бетіне шығудан бас тартқан.

XS
SM
MD
LG