Accessibility links

Билік кеншілердің "қудаланбайтынына" кепіл болмақ


"АрселорМиттал Теміртау" компаниясының ереуілге шыққан кеншілері. Желтоқсан, 2017 жыл. Сурет Қарағанды облысы әкімдігінің сайтынан алынды.
"АрселорМиттал Теміртау" компаниясының ереуілге шыққан кеншілері. Желтоқсан, 2017 жыл. Сурет Қарағанды облысы әкімдігінің сайтынан алынды.

Қарағанды облысының әкімдігі "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының төрт күн ереуілдеген соң шахтадан шыққан кеншілеріне "ереуілге қатысқаны үшін қылмыстық жауаптан босатылатынына кепілдік берілетіні" туралы хабарлады. Аймақ билігі бұл туралы кепілдеме Шахтинск қаласының прокуроры қол қойған хатта келтірілгенін айтады. Кеншілер жалақысын екі есеге көбейтуді талап етіп, 11 желтоқсаннан бері шахтадан шығудан бас тартып, ереуіл өткізген.

15 желтоқсанға қараған түні шахтадан шығып, үйлеріне тарқаған кеншілер ертең жұмысқа шығады. "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының хабарлауынша, жұмысшылардың ертеңге дейін тынығып, күш жинап алуына рұқсат берілген. Компания мәліметінше, 15 желтоқсанға қараған түні сағат шамамен бір кезінде "420-ға тарта кенші шахтадан шығарылған", ал бүгін таңертеңге дейін барлық наразы кенші сыртқа шыққан. Кеншілердің өз мәліметі бойынша, төрт шахтада 700-ден астам кенші болған.

Желтоқсанның 14-інде кешкісін Шахтинск қалалық соты "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының "шахталардағы ереуілді тоқтату" туралы арызын қанағаттандырып, ұйғаруын бірден орындау туралы шешім шығарды. Ереуілдің дереу тоқтауын қала прокуроры қадағаламақ.

"Сот талап-тілекті қанағаттандырып, ереуілді оны заңсыз деп тануды талап еткен арыз қаралғанға дейін тоқтату қажет деп есептейді" делінген судья Мақсұтованың ұйғарымында.

- Күйеуім үйге түнгі төрт шамасында келді. Оларды қолынан тартып шығарды деуге болады. Күйеуім өзін-өзі жақсы сезінетін сияқты. Бірақ әлденеге ренжіп, көңілі қалған. Оларға бүгін демалыс берген, қазір тынығып жатыр. Сот туралы оларға әзірге ешнәрсе айтпаған. Сотқа шақыра ма, жоқ па, ол жағын білмейміз, - деді "Тентек" шахтасы кеншілерінің бірінің әйелі.

Ол күйеуі компаниямен жалақыны көбейтуге байланыста қандай да бір келісім жасалғаны, я жасалмағанын білмейтінін айтады.

Ал бүгін Қарағанды облысының әкімдігі кеншілерге компанияның ұсынған шартын жариялады. "Жұмыс беруші кеншілерге мынадай ұсыныс жасады: компания шахтада жұмыс істейтін барлық кеншінің жалақысын 30 пайызға көбейтеді, көмір кәсіпорнында шахта сыртында жұмыс істейтіндердің жалақысын қанша пайызға өсіруді алдағы келіссөзде Келісім комиссиясы анықтайды. Көмір департаментінің барлық жұмысшысына бір айлық жалақы көлемінде бір реттік сыйақы төленеді" делінген әкімдік жариялаған хабарламада.

ОҚЫҢЫЗ: АМТ кенші ереуілін "заңсыз" деп тануды сұрады

"АрселорМиттал Теміртау" 15 желтоқсанда "Сарань", "Абай", Күзембаев атындағы және Костенко атындағы шахталарда жұмыс басталғанын хабарлады.

"Қазіргі сәтте көмір департаментінің қалған шахталарының жұмысын қанша уақытта қайта бастауға болатыны зерттеліп жатыр. "АрселорМиттал Теміртау" әкімшілігі мен кеншілер арасындағы келіссөз Келісім комиссиясы аясында жалғасады" деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.

Кеншілер жалақыларын екі есе өсіруді, зейнетақыға 50 жаста шығаруды, сырқат кездерінде өтемақыны толық төлеуді, еңбек жағдайын жақсартуды және жеңілдіктер жасауды талап етеді.

XS
SM
MD
LG