Accessibility links

Ақтау мен Атырауда Жаңаөзен құрбандарын еске алды


Ақтаулық азаматтық белсенділер саяси қуғын-сүргін құрбандары ескерткішіне гүл қойып жатыр. 16 желтоқсан 2017 жыл.
Ақтаулық азаматтық белсенділер саяси қуғын-сүргін құрбандары ескерткішіне гүл қойып жатыр. 16 желтоқсан 2017 жыл.

Бүгін Ақтау мен Атырау қалаларында 2011 жылы желтоқсанда Жаңаөзен оқиғасында қаза болғандарды еске алып, саяси қуғын-сүргін құрбандары ескерткішіне гүл қойды.

Ақтауда желтоқсанның 16-ы күні бір топ белсенді қала әкімдігінің жанындағы саяси репрессия құрбандарына арналған ескерткіш тасқа гүл әкеп қойды.

- Мен үшін бұл қаралы күн. Осы күні 1989 жылы да, 2011 жылы да бауырларымыз қаза болды. Олар өз құқықтары үшін күрескендіктен қуғын-сүргінге тап болды деп санаймыз, сол үшін осы ескерткішке гүл қойып, дұға бағыштауға келдік, - деді азаматтық белсенді Нүрияш Әбдікәрімова.

Атырауда жергілікті белсенділер қаладағы Жеңіс саябағындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарына қойылған ескерткішке гүл қойып, 2011 жылы Жаңаөзен оқиғасы салдарынан қаза тапқандарды еске алды.

Бүгін Жаңаөзен қаласында осыдан алты жыл бұрынғы оқиғада қаза тапқандарды туыстары еске алып, құран бағыштады.

Оқи отырыңыз: Алты жылға жалғасқан аза тұту

2011 жылғы 16 желтоқсанда Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласында полиция бірнеше ай бойы ереуілдеп тұрған мұнайшыларға бей-берекет жаппай оқ жаудырды. Ресми есеп бойынша, 17 адам қаза болып, 100-ден астам адам жараланған.

Қаза тапқандардың туыстары мен зардап шеккендер жұма күні жергілікті билік орындары мен "Өзенмұнайгаз" компаниясына өздеріне арнайы статус беру туралы талап қойып, оларды жұмысқа орналастыру және емдеу-оңалту шараларымен қамтамасыз етуді сұраған.

XS
SM
MD
LG