Accessibility links

Жаңаөзен оқиғасында зардап шеккендерге статус беруді сұрайды


Жаңаөзен оқиғасы құрбандарының туыстары мен зардап шеккендер "Өзенмұнайгаз" компаниясына талаппен келіп тұр. Жаңаөзен, Маңғыстау облысы, 14 желтоқсан 2017 жыл.
Жаңаөзен оқиғасы құрбандарының туыстары мен зардап шеккендер "Өзенмұнайгаз" компаниясына талаппен келіп тұр. Жаңаөзен, Маңғыстау облысы, 14 желтоқсан 2017 жыл.

Жаңаөзен оқиғасы кезінде қаза болғандар мен жараланғандар өздеріне статус беруді, жұмысқа орналастырып, емдеу-оңалту шараларымен қамтамасыз ету туралы талабын жергілікті билік пен "Өзенмұнайгаз" компаниясы өкілдеріне жеткізді.

2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасы кезінде құрбан болғандардың туыстары мен зардап шеккен бір топ жергілікті тұрғын желтоқсанның 14-і күні таңертең Жаңаөзен қаласы әкімдігіне жиналды. Олар билікке Жаңаөзен оқиғасы құрбандары мен зардап шеккендерге статус беру, жарақат алғандарды жұмысқа орналастыру, оларды медициналық көмек пен реабилитациялық шаралармен қамтамасыз ету, қаза болғандар мен жараланғандардың балаларын балабақшаға, жоғары оқу орындарына жеңілдікпен қабылдау, коммуналдық төлемдерде жеңілдік беру тәрізді талаптар қойып отыр.

2011 жылы желтоқсандағы оқиға кезінде тамағынан оқ тиіп ауыр жараланған мұнайшы Нұрлыбек Нұрғалиев бұған дейін осы мәселемен қазан айында Маңғыстау облысы әкімі Ералы Тоғжановқа да барғанын, бірақ "конструктивті әңгімеден гөрі моральдық және психологиялық қысымға душар болғанын" айтады.

- Сондықтан біз облыс әкімін Жаңаөзенге шақырдық. Мақсатымыз - жараланғандар мен адамынан айырылған отбасыларына арнайы статус алу. Біз әкімнен осы мәселені үкімет алдына қоюды талап етпекпіз, - дейді ол.

2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасы құрбандарының туыстары мен зардап шеккендер Жаңаөзен қаласы әкімдігіне талаппен келіп тұр. Маңғыстау облысы, 14 желтоқсан 2017 жыл.
2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасы құрбандарының туыстары мен зардап шеккендер Жаңаөзен қаласы әкімдігіне талаппен келіп тұр. Маңғыстау облысы, 14 желтоқсан 2017 жыл.

ЖАҢАӨЗЕН ОҚИҒАСЫНДА ЖАРАЛАНҒАНДАР

Жаңаөзен әкімдігіне барғандардың арасында алты жыл бұрынғы оқиға кезінде жараланған бірнеше адам болды.

Ринат Жүсіповтің сөзінше, оған 2011 жылы желтоқсанның 16-ы күні дәріханаға барған кезде оқ тиген. Тұрғынның сөзінше, Жаңаөзен оқиғасынан кейін үкіметтен зардап шеккен азаматтарға берілген (әрбіріне 500 мың теңге) жәрдемақыны әлі алмаған. Оның қасындағы өзін Мұханбет Мақсатұлымын деп таныстырған адам да алты жыл бұрынғы оқиғада зардап шеккенін айтады.

- Маған да аяғыма оқ тиген. 500 мың теңге жәрдемді мен де әлі алған жоқпын. Қала әкіміне талай келдім, орынбасарларының бәрімен кездестім. Астанаға да бардым, "Нұр Отан" партиясында да болдым. Менің қасымда ешқандай көмек алмаған он адам бар, - деді ол Азаттық тілшісіне.

2011 жылғы оқиға кезінде арқасына оқ тиген Бауыржан Сартов, иығынан жараланған Ислам Шамилов те әкімге өз талаптарын жеткізуге келді.

- Оқ иығымды тесіп өтті. Бірақ мені бірден қамап тастады. Сол жерде иығымды байлап жаттым, - дейді Ислам Шамилов.

Жазықсыз қамалдым, денсаулығыма нұқсан келді. Маған жұмыс тауып берсін, басқа ештеңе керек емес.

Оның сөзінше, жараланғаны үшін жәрдем ретінде берілген ақша дәрі-дәрмектен аспаған, бірде бір рет ешқайда емделуге бармаған.

Жаңаөзендік Әділбек Шамов 2011 жылы 16 желтоқсанда өзін құқық қызметкерлері "тонаушы" деген күдікпен ұстап әкетіп, сегіз ай қамауда жатқанын, түрмеде ұрып-соққанын, "қылмысы" жайлы еш дәлел болмаған соң кейін сотта ақталып шыққанын айтады.

- Мен де зардап шектім, жазықсыз қамалдым, денсаулығыма нұқсан келді. Маған жұмыс тауып берсін, басқа ештеңе керек емес, - дейді ол.

ЗАРДАП ШЕККЕНДЕРДІҢ БИЛІККЕ ТАЛАБЫ

Тұрғындармен сөйлесуге Жаңаөзен қаласы әкімдігі аппаратының басшысы Бекжан Әуезов келді. Ол зардап шеккендерге осы уақытқа дейін жергілікті атқарушы органнан да, "Өзенмұнайгаз" компаниясы тарапынан да көмектер көрсетілгенін айтты.

- Сіздер жолығуды талап еткен Маңғыстау облысы әкімі Ералы Тоғжановтың жұмыс кестесі тығыз, ол іссапарда жүр. Ал қала әкімі Елубай Әбілов денсаулығына байланысты жұмысқа уақытша жарамсыз болып қалды, - деді ол.

Бұған соң Әуезов жиналғандарға әкімдіктің жазбаша жауабын дауыстап оқып беріп, кімдерге қандай көмек көрсетілгенін тізіп айта бастаған еді. Бұл жиналғандардың наразылығын тудырды.

2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасы кезінде тамағынан оқ тиіп жараланған Нұрлыбек Нұрғалиев (ортада) Жаңаөзен қаласы әкімінің аппарат басшысы (оң жақта) Бекжан Әуезовпен әкімдік дәлізінде сөйлесіп тұр. Жаңаөзен, Маңғыстау облысы, 14 желтоқсан 2017 жыл.
2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасы кезінде тамағынан оқ тиіп жараланған Нұрлыбек Нұрғалиев (ортада) Жаңаөзен қаласы әкімінің аппарат басшысы (оң жақта) Бекжан Әуезовпен әкімдік дәлізінде сөйлесіп тұр. Жаңаөзен, Маңғыстау облысы, 14 желтоқсан 2017 жыл.

- Бізге 500 мың теңге бердік деп әкімдік міндетсімесін. Мен аса ауыр жарақат алған адаммын, тамағымнан автоматтың оғы тиді. Ол мені күнде ызаландырып жатқызбайды. Мына адамдар да солай. Жігіттердің жағдайы қаралуы керек, - деді ашумен сөйлеген Нұрлыбек Нұрғалиев.

2011 жылғы мұнайшылар ереуілінің белсендісі, алты жылға сотталған Мақсат Досмағамбетов әкім аппараты басшысына жұрттың билікке "не жасадың деп емес, не жасалуы керектігін" айтуға келіп отырғанын ескертті.

Біз үкіметке "бізді ат, сосын бізге бес жүз мың бер, жұмыс бер" деген жоқпыз. Зардап шеккендерге ары қарай реабилитация жасау, оларды жұмысқа орналастыру туралы талаптарды орындауды сұраймыз.

- Елбасы 2011 желтоқсанда Жаңаөзенге келіп кеткенде халық аяғынан тұрып, тұрмыс-жағдайы, үй-күйі жақсарғанша көмектесесіз деп кетті. Біз оны құлағымызбен естідік. Егер сіз елбасының сөзін бұрмаласаңыз, оны айтыңыз, онда біз тікелей оның өзіне жазайық, өзіне барайық. Мына халықтың мұң-мұқтажын тыңдау керек. Бізге керек емес бес жүз мың теңге бергеніңіз. Біз үкіметке "бізді ат, сосын бізге бес жүз мың бер, жұмыс бер" деген жоқпыз. Зардап шеккендерге ары қарай реабилитация жасау, оларды жұмысқа орналастыру тәрізді билікке берілген талаптарды орындауды сұрап отырмыз. Халық әкімдердің келуін, кездесуін сұрап отыр, - деді ол.

Абақтыда онкологиялық ауруға шалдыққан Мақсат Досмағамбетов қаржы тапшылығынан 2017 жылы шетелге кезекті емдеу курсын алуға бара алмаған.

Жаңаөзен қаласы әкімдігі аппаратының басшысы Бекжан Әуезов Жаңаөзен оқиғасында зардап шеккендердің талабын әкімдер келген соң жеткізетінін айтты.

"ӨЗЕНМҰНАЙГАЗ" КОМПАНИЯСЫНДАҒЫ КЕЗДЕСУ

Жаңаөзен оқиғасынан зардап шеккендер бейсенбі күні түстен кейін қаладағы "Өзенмұнайгаз" компаниясының кеңсесіне барды. Бірақ өздері алдын ала хат тапсырып, талатарын жеткізу үшін кездесуін сұраған "Өзенмұнайгаз" акционерлік қоғамының бас директоры Бекзат Абайылдановты жұмыс орнынан таба алмады. Олармен компания жетекшісінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Мақсат Ибағаров сөйлесті. Жиналғандар компания өкіліне өздеріне жұмыс тауып беру туралы талаптарын жеткізді.

- Ереуілден кейін жаңа мекеме құрылды. Ол жерде орын жоқ дегенге сенбеймін, -дейді Ринат Жүсіпов.

2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасы кезінде 16 жастағы ұлынан айырылған Алтын Көшерова (сол жақтан үшінші) "Өзенмұнайгаз" компаниясы басшылығымен кездесуде отыр. Жаңаөзен, Маңғыстау облысы, 14 желтоқсан 2017 жыл.
2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасы кезінде 16 жастағы ұлынан айырылған Алтын Көшерова (сол жақтан үшінші) "Өзенмұнайгаз" компаниясы басшылығымен кездесуде отыр. Жаңаөзен, Маңғыстау облысы, 14 желтоқсан 2017 жыл.

2011 жылғы оқиғада 16 жастағы ұлынан айырылған Алтын Көшерова өзінің орнына үлкен ұлын жұмысқа алуды талап етті. Ол 2011 жылы мұнайшылар толқуы кезінде полиция өзгелермен бірге үлкен ұлын да абақтыға қамағанын айтты.

- Ұлымды ішкі істер басқармасының гаражынан шығарып алдым. Әбден таяқ жеген. Оны қудалап, іздеп маза бермеген соң Алматы асырып жіберген едім. Оның 7 баласы бар. Ол жақта үй-күйсіз жүру оған ауыр болды. Мұнда келгенімен жұмыссыз, соны менің орныма жұмысқа алсаңыз. Менің денсаулығым енді жұмысқа жарамайды, -деді ол.

Алты жыл бұрын оққа ұшып мерт болған Жанар Әбдікәрімованың ұлы өздеріне билік пен "Өзенмұнайгаз" салып берген үйдің құжатын әлі күнге реттей алмай отырғанын айтып, жұмыс сұрады.

- Бізге үй берілді, әкем жұмысқа орналасты. Бірақ оның қазір бөлек отбасы бар. Өзімнен кіші бауырларымды қолыма алайын десем менде жұмыс жоқ. Салынған үйдің құжатында "дүкен" деп көрсетілгендіктен ол жерге тіркеуге де тұра алмай жүрміз, - деді ол.

2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасы құрбандарының туыстары мен зардап шеккендер "Өзенмұнайгаз" компаниясы бас директорының орынбасары Мақсат Ибағаровпен (ортада) кездесіп отыр. Жаңаөзен, Маңғыстау облысы, 14 желтоқсан 2017 жыл.
2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасы құрбандарының туыстары мен зардап шеккендер "Өзенмұнайгаз" компаниясы бас директорының орынбасары Мақсат Ибағаровпен (ортада) кездесіп отыр. Жаңаөзен, Маңғыстау облысы, 14 желтоқсан 2017 жыл.

Мақсат Ибағаров жұмысқа орналастыру туралы талапқа қатысты нақты жауап бере алмады. Ол жиналған адамдардың тізімін жасап, оны компания басшылығына жеткізетінін айтты.

- Біз аутсорсинг арқылы жаңа жұмыс орындары болса қабылдауға тырысамыз. Біз осыған дейін көп көмек көрсеттік, - деді ол.

Оның жауабына қанағаттанбаған наразы топ келер жылға дейін талаптарына оң жауап болмаса, Ақордаға дейін баруға дайын екендерін айтып тарқасты.

2011 жылғы 16 желтоқсанда Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласында полиция бірнеше ай бойы ереуілдеп тұрған мұнайшыларға қарсы оқ жаудырып, күшпен таратқан. Ресми есеп бойынша, Жаңаөзен оқиғасы салдарынан 17 адам қаза тауып, жүзден астам адам жараланған. "Жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырды" деген айып бойынша 37 адам сотқа тартылып, оның үшеуі толық ақталып шықты. 21 адам шартты түрде, ал 13 адам үш жылдан алты жылға дейін сотталған болатын.

XS
SM
MD
LG