Accessibility links

Марқұмдардың туыстары полицияға шығындарын өтетуден әлі үмітті


2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасында қаза тапқан Аманбектің ата-анасы Төрехан мен Раушан Тұрғанбаевтар қайтыс болған ұлдарының балаларымен бірге отыр. Жаңаөзен, 16 желтоқсан 2016 жыл.

Бес жыл бұрын Жаңаөзен оқиғасы кезінде оққа ұшқан азаматтардың жақындары оларды кімдер атқанын, атуға бұйрықты кім бергенін білгілері келеді.

2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасы кезінде полиция оғынан қаза болған адамдардың жақындары ішкі істер министрлігі мен Маңғыстау облысының ішкі істер департаментінен моральдық және материалдық шығындарын өтеп беруді талап етуді тоқтатпайтындарын айтады.

«БІЗГЕ АҚША ЕМЕС, ПРИНЦИП МАҢЫЗДЫ»

Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында тұратын Рая Юсупова – 2011 жылы 16 желтоқсанда мұнайшылар ереуіліне қарсы полиция оқ атқан кезде құрбан болған 16 азаматтың бірі Радик Юсуповтың анасы.

Рая Юсупова Жаңаөзен оқиғасы кезінде балаларынан айрылып қалған өзі сияқты ата-аналармен бірігіп, ішкі істер министрлігі мен Маңғыстау облыстық ішкі істер департаментінен 50 миллион теңге моральдық шығын өндіруді талап еткен. Олар сол кезде қаза тапқан туыстарын жерлеу үшін әрқайсысы жалпы сомасы 1 миллион теңгеден 2 миллион теңгеге дейін қаражат жұмсағандарын айтып, сол шығындарын «Жаңаөзен оқиғасы кезінде қызметтік өкілетін асыра пайдаланған» деген айыппен сотталған бес полицейден өндіріп беруді сұраған.

– Бізге Маңғыстау облыстық соты «полицейлердің материалдық шығынды өтеуге қаржылық мүмкіндіктері жоқтығы туралы» шешім шығарып берді. Тапсырған қағаздарымызда жоқ болып кетті. Назарбаевқа жазған шағымымыз жетпей орта жолда қалды. Бас прокуратураға да, ішкі істер министрлігіне де жаздық. «Қаралады» деді, сонымен жауап жоқ, – дейді Рая Юсупова.

Ол биліктің өздеріне «ескірген жараның ауызын тырнап қаната бермеуді» ұсынғанын айтады.

– Олар үшін 2011 жылғы қырғын – жай ғана жазылуы тиіс жара. Ал біз үшін бұл жара ешқашан жазылмайды. Материалдық және моральдық шығынды талап етеміз. Біз үшін маңыздысы – ақша емес, принцип, – деді Рая Юсупова.

2011 жылғы оқиға кезінде оққа ұшып қаза тапқан 24 жастағы Радик Юсуповты анасы екі күн іздеп, 17 желтоқсанда Жаңаөзендегі мәйітханадан тапқан еді.

Радик Юсупов пен әйелінің үйлену тойындағы суреті.
Радик Юсупов пен әйелінің үйлену тойындағы суреті.

– Содан бері бес жыл тез өте шықты. Ұмытылудың орынан жара күшейіп барады. Келінім Дағыстанға кетті. Немерем Әмина сонда балабақшаға барады. Күнде кешке балаларды әкелері алып кетуге келгенде ол айғайлап жылауға басады: «Мені неге әкем алып кетпейді?» дейді. Осылай өмірі сүріп жатырмыз. Артынан кете де алмадық, өліп те қалмадық. Билік біздің үйден бірден үш адамды әкетті, – дейді Рая Юсупова.

Марқұмның әкесі Расул Юсупов ұлын «кімнің бұйрығымен кім атқанын сотталған полицейлер біле тұра айтпайтынына» сенімді.

– «Оқ тесіп өткен» деді. Кім атты? Сотталған полицейлер баяғыда босап шықты, олар қазір жұмыс істеп, емін-еркін жүр. Олар жақсы біледі кімнің атқызғанын, – дейді Расул Юсупов.

«БАЛАМДЫ КІМ АТТЫ, КІМ АТҚЫЗДЫ – СОНЫ БІЛГІМ КЕЛЕДІ»

Министрлік пен департаменттен моральдық және материалдық өтемақы талап еткен арыздары сол беті жабылғанын айтып наразы болған жаңаөзендік тұрғындардың енді бірі – Төрехан Тұрғанбаев. Ол 27 жастағы жалғыз ұлы Аманбектің сүйегін 2011 жылы 16 желтоқсан күні түнде Жаңаөзендегі қалалық ауруханадан тапқан.

Аманбектің ата-анасы немерелерімен бірге отыр. Жаңаөзен, 16 желтоқсан 2016 жыл.
Аманбектің ата-анасы немерелерімен бірге отыр. Жаңаөзен, 16 желтоқсан 2016 жыл.

Төрехан Тұрғанбаев Жаңаөзен оқиғасына байланысты бес полицейдің ғана сотталғанына, олардың бірнеше жыл отырып бостандыққа шыққанына разы емес екенін айтады. Ол «үкіметтің осы күнге дейін істегендерін мойындағысы келмейтініне қынжылады».

– Баламды кім атты, кім атқызды – соны білгім келеді. Атқан адамдар жазасын алуы керек. Түбінде әділдікке бет бұратын үкімет келетін шығар. Бір бала емес, үйімнен төрт адам кетіп отыр ғой. Келін кетті, екі немере кетті, – дейді ол.

Төрехан Тұрғанбаевтың қаза тапқан ұлының отбасы қазір бөлек тұрады. Марқұмның балаларының үлкені сегізге, кішісі алтыға келген.

«АДВОКАТТАР БІЗДІҢ АРЫЗБЕН АЙНАЛЫСУДАН ТАЙСАҚТАЙДЫ»

Ішкі істер министрлігі мен Маңғыстау облыстық ішкі істер департаментінен моральдық шығынын өтеуді талап еткен жаңаөзендіктердің бірі – Хасен Дүйсекенов. Оның баласы, 24 жастағы Атаберген Дүйсекенов 2011 жылы 16 желтоқсанда Жаңаөзендегі орталық алаңға шәкірттерін лицей басшылығының тапсырмасымен ертіп барғанда оққа ұшқан. Ұлын аурухананың екінші қабатында қансырап жатқан жерінен тауып алған Хасен Дүйсекенов «дәрігерлер дер кезіне көмек көрсеткенде оны аман алып қалуға болатын еді» деп санайды.

– Себебі оқ өкпесін жанай өткен, жүрегі сау. Мен дәрігерлік көмекті уақытында көрсетпеген дәрігерлерді жауаптауды және сотталған бес полицейдің ісін «қасақана кісі өлтіру» бабымен қайта дәрежелеуді, Маңғыстау облыстық ішкі істер департаменті мен ішкі істер министрлігі моральдық шығын өндіріп беруді сұрап арыздандым. Бұл талаптар соттың барлық сатысында қанағаттандырылмады, – дейді Хасен Дүйсекенов.

Хасен Дүйсекенов. Жаңаөзен, 16 желтоқсан 2016 жыл.
Хасен Дүйсекенов. Жаңаөзен, 16 желтоқсан 2016 жыл.

Оның айтуынша, балаларынан айырылған отбасылар мұндай арызды 2012 жылдан бері бірнеше мәрте жазған, соңғы арыздарына жауапты биыл мамырда алған.

– Маңғыстау облысы прокуратурасының басқарма бастығы А.Жанаев қол қойған жауапта біздің сот процесіне қатысушы болып саналмағандықтан мұндай талап етуге қақымыз жоқтығы жазылған. Біздің арызымызбен кез келген адвокат айналысудан тайсақтайды. Сондықтан айналысатын адвокат болса, біз хабарласуға дайынбыз, – дейді Хасен Дүйсекенов.

«ӘКЕМНІҢ КӨЗІ ТІРІ БОЛҒАНДА...»

2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасынан кейін қиындыққа душар болған адамның енді бірі – Жадыра Кенжебаева. Ол – 2011 жылы Жаңаөзенде полицейлер соққысынан 50 жасында көз жұмған Базарбай Кенжебаевтың кіші қызы. Жадыра Кенжебаева 2012 жылы анасынан, 2014 жылы Жаңаөзен оқиғаларына қатысты сотта батыл мәлімдемелерімен жұрт есінде қалған апайы Әсем Кенжебаевадан да айырылған.

Жадыра Кенжебаева қайтыс болған туыстарын еске алып отыр. Жаңаөзен, 16 желтоқсан 2016 жыл.
Жадыра Кенжебаева қайтыс болған туыстарын еске алып отыр. Жаңаөзен, 16 желтоқсан 2016 жыл.

– Желтоқсан айы – біз үшін қайғылы ай. Тәуелсіздік күнін мереке деп санай алмаймыз. Сол күні туған қызым беске келді, бірақ оның туған күнін тойлай алмаймыз. Мемлекет көмектесті, бірақ ол көмек біздің отбасымызды қайтарып бере алмайды, – дейді Жадыра Кенжебаева.

Күйеуінен ажырасып кеткен, екі баласы бар Жадыра Кенжебаева қазір жұмыссыз әрі баспанасыз жүр.

– Әкемнің көзі тірі болғанда, соның қасында болар едім. Отбасымнан ажырассам да, қиыншылық көрмес едім. Қазір екі баланы асырау маған оңайға тиіп отырған жоқ. Пәтер жалдаймын. Екі ағам да жұмыссыз. «Өзенмұнайгазға» құжат тапсырдым, бірақ әлі хабар жоқ, – дейді ол.

Жаңаөзен оқиғасы кезінде қаза тапқан азаматтардың жақындарының ішкі істер министрлігі мен Маңғыстау облыстық ішкі істер департаментінен моральдық шығын есебінде 50 миллион теңге талап еткен арызын Маңғыстау облыстық соты қанағаттандырмаған.

ВИДЕО: Жаңаөзендік Төрехан Тұрғанбаев 2011 жылы 16 желтоқсанда қаза тапқан ұлының аруағына арнап дастархан жайды.

2011 жылы Жаңаөзеннің орталық алаңында «Өзенмұнайгаз» компаниясы мұнайшыларының еңбек жағдайын жақсартып, аймақтық коэфициентті төлеуді, жалақыны көтеруді талап еткен жеті айдан астам уақытқа созылған ереуілінің соңы полициямен қақтығысқа ұласқан.

Бас прокуратура дерегінше, 2011 жылы 16 желтоқсанда Жаңаөзен қаласында және ертеңінде Шетпе кентінде болған қақтығыстан 16 адам қаза тапқан. Олар – Байбек Құбайдұллаев (1989 жылы туған), Шадияр Аязов (1978 жылы туған), Серік Оңғаров (1959 жылы туған), Радик Юсупов (1987 жылы туған), Аманбек Тұрғанбаев (1984 жылы туған), Жаңаберген Көшеров (1979 жылы туған), Атаберген Дүйсекенов (1987 жылы туған), Жанар Әбдікәрімова (1974 жылы туған), Рахат Көшеров (1995 жылытуған), Нұрлан Мұналбаев (1982 жылы туған), Атабай Құлқаиров (1967жылы туған), Жарас Шұпашев (1973 жылы туған), Бекесжан Дүсенбаев (1953 жылы туған), Төлеген Тоқсанбетов (1968 жылы туған), Базарбай Кенжебаев (1961 жылы туған) және Төребек Төлегенов (1981 жылы туған).

2012 жылы 28 мамырда Ақтау қалалық соты Жаңаөзен оқиғасы кезіндегі адам өліміне байланысты бес полицейді «қызметтік өкілетін асыра пайдаланғаны үшін» соттаған. Сот полиция полковнигі Қабдығали Өтеғалиевты – 7 жылға, полиция подполковнигі Бекжан Бағдабаев пен полиция майоры Ерлан Бақытқалиұлы және полицияның аға лейтенанты Ринат Жолдыбаевтың әрқайсысын 6 жылға, полиция капитаны Нұрлан Есбергеновты 5 жылға абақтыға кескен. Сотталған полицейлердің барлығы мерзімінен бұрын босап шыққан.

Жаңаөзен оқиғасына байланысты 37 адам «жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру», «ұрлау» және «тонау» баптары бойынша айыпталған. 2012 жылы маусымда олардың 13-і үш және жеті жыл аралығындағы түрлі мерзімдерге түрме жазасына кесілген, 21-і шартты жаза алған, үшеуі ақталған. Сотталған 13 адам – Нұрлан Асқарұлы, Марат Әминов, Қайрат Әділов, Жарас Бесмағанбетов, Бауыржан Непес, Мұрат Қосбармақов, Талғат Сақтағанов, Таңатар Қалиев, Шабдал Өткелов, Роза Төлетаева, Мақсат Досмағамбетов, Нарын Жарылғасынов пен Қанат Жүсіпбаев өздеріне тағылған айыптарды мойындамаған. Қазір олар да бостандықта.

XS
SM
MD
LG