Accessibility links

АҚШ соты Пол Манафортты үйқамақтан босатты


АҚШ президенті Дональд Трамптың сайлауалды штабының бұрынғы басшысы соттан шығып келеді. Вашингтон, 11 желтоқсан 2017 жыл.
АҚШ президенті Дональд Трамптың сайлауалды штабының бұрынғы басшысы соттан шығып келеді. Вашингтон, 11 желтоқсан 2017 жыл.

АҚШ президенті Дональд Трамптың сайлауалды штабын басқарған Пол Манафортты үйқамақтан босатуға сот келісім берді. Манафортты электронды білезік тағып жүруге міндеттейді.

Пол Манафорт пен оның іскерлік серігі Рик Гейтске АҚШ аумағында шетелдік мемлекеттің ықпал етуші агенті ретінде тіркелмей жұмыс атқарған, Украинаның экс-президенті Виктор Янукович пен оның «Аймақтар партиясының» мүддесін қорғаған, сонымен бірге шетелдік шоттар арқылы заңсыз қаржы операцияларын жасаған деген айыптар тағылған. Манафорт пен Гейтс тағылған айыптарды жоққа шығарады. Олардың ісі бойынша сот процесі 2018 жылы мамырда басталуы тиіс.

Оқи отырыңыз: Трамптың сайлау штабының экс-басшысы істі болды

Қарашада Пол Манафортты 10 миллион доллар кепіл ақшамен үйқамаққа алған. Бизнесменді Вирджинидегі үйінде тәулік бойы бақылауда ұстаған. Оған үйінен тек сотқа бару үшін ғана шығуға рұқсат етілген болатын.

Өткен жылғы АҚШ президентінің сайлауына Ресейдің ықтимал араласуын тергеуге байланысты айыптар алғашқы болып Манафортқа тағылған.

АҚШ-та 2016 жылғы президент сайлауына Ресейдің ықтимал араласуына қатысты тергеу жалғасып жатыр. Тамыздың басында арнайы прокурор Роберт Мюллердің Ресейдің АҚШ президенті сайлауына ықтимал килігуін тергеу аясында үлкен алқабилер алқасын шақыртқан. Мюллер Трамптың штабы президент сайлауындағы оның бәсекелесі Хиллари Клинтонның позициясын әлсірету үшін Кремльмен астыртын мәмілеге барды ма, жқ па деген сауалға жауап іздейді. Мәскеу өзге мемлекеттердегі сайлауға араласқаны туралы ақпаратты үзілді-кесілді жоққа шығарады.

XS
SM
MD
LG