Accessibility links

"Сепаратист" қырым татарының соты басталды


Сулейман Кадыров, қырым татарларының белсендісі.
Сулейман Кадыров, қырым татарларының белсендісі.

Қырым түбегіндегі Феодосия қаласында қырым татарларының белсендісі Сулейман Кадыровтың үстінен сот басталды. Бұл туралы хабарлаған "Агора" халықаралық құқық қорғау тобының адвокаты Алексей Ладин оған әлеуметтік желіде репост жасау арқылы "сепаратизмге шақырды" деген айып тағылып отырғанын айтады.

Кадыров айыпты мойындамайды. Келесі сот отырысы қаңтарға белгіленді.

Тергеу ісі бойынша, Кадыров Facebook-тегі парақшасында "Демьян Демьянченко" деген қолданушының видеосымен бөлісіп, оған "Сулейман Кадыров келіседі! Қырым - Украина жері. Болған және бола бермек! Видео авторына рахмет! Қолдаймын!" деп жазып қойған.

2016 жылдың қазанында Сулейман Кадыровтың үстінен қылмыстық іс қозғалған еді. Белсенді тергеу айтқандай өз парақшасында видео жарияламағанын айтып келеді. Белсенді Ресейдің арнайы қызметі "Қырым татарларын қорғау" үшін айтқан мәлімдемелері мен саяси ұстанымы үшін өзіне шүйлікті деп санайды.

"РИА Новости" ақпарат агенттігіне берген сұхбатында "Ресей аннекциялаған Қырым - халықаралық заңдар бойынша, Украина жері" деп мәлімдеген тележүргізуші Ксения Собчак Сулейман Кадыровтың ісін атап өтті. Собчактың ойынша, бөлінуге, территориялық тұтастықты бұзуға шақырған мәлімдемелерді соттың қарауы заңдылық. Бірақ ол фактіні мысал ету және мемлекет ұстанымына үндеспейтін пікір білдіру заңға қайшы емес екенін айтады.

XS
SM
MD
LG