Accessibility links

Парламент сенаты бейсенбіде пленарлық отырысында «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне ақпарат және коммуникациялар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын мақұлдады. Заң жобасын сенаттың әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитеті 15 желтоқсанда талқылаған.

Комитет таратқан ақпаратқа қарағанда, заң жобасы БАҚ, телерадио хабарларын тарату, ақпараттандыру және байланыс, ақпараттық қауіпсіздік салаларындағы қатынастарды құқықтық жағынан реттемек.

Бұған дейін ақпарат және коммуникация министрлігі БАҚ саласындағы мемлекеттік саясат департаментінің директоры Елдос Нәшірәлі жобада мемлекеттік органдарды журналистердің материал дайындау үшін жолдаған сауалына жауап беру мерзімі 15 күннен 7 күнге дейін азайтылғанын айтқан. Оның сөзінше, жобада журналистерге азаматтардың жеке басына қатысты, атап айтқанда қаржылық жағдайы, есепшоты, бала асырап алуы сияқты ақпараттарды олардың рұқсатымен жарялауды міндеттейтін талаптар қарастырылған.

22 қарашада заң жобасын мәжілісте таныстырған ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев жобада мемлекеттік органдардың "қоғам өміріне аса маңызды оқиға немесе төтенше жағдайлар" кезінде үш сағат ішінде ресми ақпарат таратуын міндеттейтін талап қойылғанын айтқан.

Министр бұл жобада телеарналарда діни тақырыптағы және балаларға арналған бағдарламалар арасында жарнама беруге тыйым салу жайы да қарастырылғанын да хабарлаған. Жобада жеке азаматтар немесе заңды тұлғалар мен БАҚ арасындағы дауды тараптардың сотқа жеткізбей реттеуіне де, медиатор арқылы шешуіне де мүмкіндік қарастырылған және БАҚ саласындағы кез-келген қоғамдық ұйымның медиатор қызметін атқаруына құқық берілген.

Заң жобасы енді президенттің қол қоюына жіберілмек.

XS
SM
MD
LG