Accessibility links

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі Пхеньянға қарсы санкцияны күшейтті


БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі мүшелері Солтүстік Кореяға қарсы санкцияларды күшейту туралы қарарға дауыс беріп отыр. Нью-Йорк, 22 желтоқсан 2017 жыл.
БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі мүшелері Солтүстік Кореяға қарсы санкцияларды күшейту туралы қарарға дауыс беріп отыр. Нью-Йорк, 22 желтоқсан 2017 жыл.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесі Солтүстік Кореяға қарсы санкцияларды күшейтті. Reuters мәліметінше, бұл шара Пхеньянның қарашаның 29-ы күні баллистикалық зымыран сынағын өткізгеніне жауап ретінде қабылданған.

Жаңадан енгізілген санкция Солтүстік Кореяға мұнай мен өңделген мұнай өнімдерін жіберуді шектеуді көздейді. Ол елге өнеркәсіп құрал-жабдықтарын, автокөліктер, металл және басқа тауарлар жіберуге тыйым салынады, сонымен бірге Солтүстік Кореяның экспорттық тауарларына қосымша шектеулер енгізіледі.

Бұған қоса өзге елдер Солтүстік Кореядан келіп жұмыс істеп жатқан еңбек мигранттарын 24 айдың ішінде Отанына қайтаруы тиіс.

АҚШ дауыс беруге ұсынған санкцияны күшейту туралы құжат жобасын Қауіпсіздік Кеңесінің барлық 15 мүшесі қолдаған. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі қарарында қарашаның соңындағы зымыран сынағын айыптап, Пхеньянға болашақта "баллистикалық зымыран ұшырмау, ядролық сынақ жүргізбеу және кез-келген өзге де арандатуға бармау" туралы талап қойған.

Қарарда Солтүстік Кореяға жылына 4 миллион баррельге дейін шикі мұнай мен 500 мың баррель мұнай өнімдерін жіберуге болатыны айтылған.

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі 2017 жылдың басынан бері Солтүстік Кореяға қарсы санкцияны күшейтетін осымен төртінші қарарын қабылдап отыр.

XS
SM
MD
LG