Accessibility links

Назарбаев: Қалталылар қандастарды қабылдауға жақын болуы керек


Оралман куәлігінің сыртқы мұқабасы.
Оралман куәлігінің сыртқы мұқабасы.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев тарихи отанына оралам деген деген адамдарды қолдауға шақырды.

Президент Назарбаев бұл туралы жергілікті БАҚ-қа жылды қортындылап берген сұхбатында айтқан.

- Қазақстандық семьяларға, қалталы азаматтарға айтатыным - қандастарымызды қабылдауға жақын болуымыз керек, - деген Назарбаев осы сұхбатында.

Оның айтуынша, таяуда қандастар мәселесін реттеу үшін арнайы қор құрылған. Назарбаев сол қорға қол ұшын беруге және сырттан келген адамдар қиыншылыққа кезіксе, оған көмектетсіп отыруға шақырған.

- Келем дегендерге есік ашық. Басында қандастар тұратын елдерге барып, жағдайларын біліп, құрылтай шақырып, көшті басын бастадық. Содан бері бір миллион қандасымыз елге келді, - дейді Қазақстан президенті.

Оның айтуынша, қазір де әуелгі кездегідей қарқынды болмаса да жыл сайынғы көш тоқтаған жоқ.

- Көшті тоқтатпаймыз. Келем дегендерге есік ашық. Жастары оқуға келіп қалып жатыр. Артынан үлкендері келіп жатыр. Оны қарап отырмыз, соның бәрін қуанышпен қабылдаймыз. Әлі де төрт миллионнан аса қандасымыз бар. Оларға келсең де кел, келмесең де кел деп айта алмаймыз. Кейбіреулерінің жағдай онда жақсы болса, қиыншылық көрмесе тұра берсін, - деген президент Назарбаев жергілікті бірнеше БАҚ-қа берген сұхбатында.

Астанадан биыл Дүниежүзі қазақтарынің бесінші құрылтайы ұйымдастырылып, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасарлығы Талғат Мамашевтен Зауытбек Тұрысбековке өткен. Сол жиында сөйлеген сөзінде Қазақстан президенті "Отандастар" қоры құрылатынын және шетелдегі қазақ балаларының Қазақстанда білім алуына бөлінетін грант екі есеге өсетіндігін айтқан. Құрылтайда Германиядан келген делегат Өмірхан Алтын Қытай қазақтарына қатысты қысымның күшейіп бара жатқанын еске салған болатын.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев 22 желтоқсан күні Астанада елдегі бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесіп, жыл қорытындысы бойынша журналистер сұрақтарына жауап берген. Назарбаевтың БАҚ өкілдеріне сұхбаты желтоқсанның 25-і күні республикалық телеарналардан көрсетіледі деп хабарланды. Алайда сұхбат көрстетілгенге дейін оның үзінділері ресми арналардан беріліп жатыр.

XS
SM
MD
LG