Accessibility links

СІМ: Сирия ұлттық конгресі Сочиде өтеді


Астанада өткен Сирия бейбіт келіссөзінің сегізінші кезеңі. Астана, 22 желтоқсан 2017 жыл.

Қазақстан сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Астанадағы Сирия бейбіт келіссөзіндегі гарант елдер келесі жылғы қаңтар айының соңында Сочиде Сирия ұлттық конгресін өткізуге келіскенін хабарлады. Мәжілісте Қазақстанның Азия бағытындағы саясаты жайлы баяндама жасаған Әбдірахманов 21-22 желтоқсан күндері өткен Сирия бейбіт келіссөзінің сегізінші раундында гарант елдер «серпімді келісім» жасасқанын айтты. Тараптар тұтқын алмасу, ұсталғандарды беру мәселесі бойынша жұмысшы тобының ережесі жайлы келісім, гуманитарлық нысандарды, әсіресе ЮНЕСКО қорғауындағы ғимараттарды минадан тазарту туралы мәлімдеме де қабылдаған.

Сирия бейбіт келіссөзінің кезекті раунды өтетін уақыт Ресей президенті Владимир Путин Сирияның Хмеймим әскери базасына барған күні жарияланып отыр. Путин Сирияда экстремистік "Ислам мемлекеті" ұйымының күйрегенін жариялаған соң Сириядағы Ресей әскерінің біразын шығаруға бұйрық берді. Ресей Сирияда әскери кампаниясын ресми түрде 2015 жылы 30 қыркүйекте бастаған.

Ресей, Түркия және Иран Астанадағы Сирия жөніндегі келіссөзде гарант елдер мәртебесін иеленген. Бұл келіссөз БҰҰ қатысатын Женевадағы бейбіт келіссөзден бөлек өтіп жатыр. Ресей мен Иран Сирия президенті Башар Асад үкіметін қолдайды. Түркия мен АҚШ түрлі бүлікшіл топтарға қолдау көрсетеді.

Сириядағы алты жылдан асқан азаматтық соғыста 330 мың адам қаза тапты.

  • 16x9 Image

    Өркен ЖОЯМЕРГЕН

    Өркен Жоямерген 2006 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің бакалаврын, 2008 жылы магистратурасын тәмамдаған. Қызмет жолын "Алматы Ақшамы" газетінен бастаған. Алматы және Астана қалаларындағы бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында жұмыс істеген. Қазір Азаттық Радиосы Астана бюросының жетекшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

AzattyqTV

Қар суын ішіп отырған ауыл
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:02 0:00

Фотогалерея

XS
SM
MD
LG