Accessibility links

Собчак сайлауға бойкот жариялаудан бас тартты


Ксения Собчак, ресейлік тележүргізуші.
Ксения Собчак, ресейлік тележүргізуші.

Тележүргізуші Ксения Собчак Алексей Навальныйды президент сайлауына қатысуға жібермеуді «тым әділетсіз әрі биліктің кезекті үлкен қателігі» деп атады. Бірақ соған қарамастан, ол оппозиционердің сайлауға бойкот жариялауға шақырған үндеуін қолдаудан бас тартты. Ксения Собчак Ресейде 2018 жылы 18 наурызға белгіленген президент сайлауына түсуден үмітті.

Собчак Навальныйдың 2011 жылы сайлау алдындағы «Бойкот іске аспайды әрі оның саяси күресте мағынасы жоқ, қазіргі президент Владимир Путинге ұпай жинауға көмектеседі» деген мәлімдемесін еске салды.

«Дәл қазір Алексейге [Навальный] қаншалықты ауыр екенін түсінемін, бірақ ортақ іс маңызды» деп жазды Собчак Instagram-дағы парақшасына. Ол барлық демократиялық оппозициялық күштерді бірігуге шақырып, өзін кандидат ретінде ресми тіркеген жағдайда, Навальныйға сенімді өкілі болуды ұсынды.

Алексей Навальный 25 желтоқсанда өзінің алты жыл бұрынғы "сайлауға қатысып, «Единая Россиядан» басқа кез келген партияға дауыс беру керек" деген ұстанымынан бас тартатынын мәлімдеді. Ол енді «Путинге қарсы кез-келген адамға қарсы дауыс беруді» Путинге дауыс берумен бірдей деп санайды.

25 желтоқсанда Орталық сайлау комиссиясы Алексей Навальныйды Ресей президенттігіне үміткер ретінде тіркеуден бас тартқан.

XS
SM
MD
LG