Accessibility links

Ақтөбеде облыстық мәслихат депутаты сотталды


Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты (Көрнекі сурет).
Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты (Көрнекі сурет).

Ақтөбеде сот облыстық мәслихат депутаты, жергілікті кәсіпкер Бақытжан Ержановтың бас бостандығы 3 жыл 9 айға шектеу туралы үкім шығарды. Хромтау аудандық сотының 26 желтоқсанда шығарған үкімі бойынша, осы аралықта экс-депутат пробация қызметінің бақылауында болады. Мемлекеттік органдардың рұқсатынсыз тұрғылықты мекен жайын, жұмыс орнын ауыстыра алмайды. Сот сонымен қатар Бақытжан Ержановты үш жылға дейін мемлекеттік қызметпен айналысу құқығынан айырды.

Кәсіпкер Бақытжан Ержанов биыл 20 қазан күні ұсталған болатын. Ақтөбе облыстық соты сол күні Ержановқа Қылмыстық кодекстің үш бірдей бабы бойынша айып тағылғанын хабарлады. Мәслихат депутатына тергеу Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлімінің 2-пункті ("Алаяқтық"), 106-бабының 1-бөлімі ("Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру"), 380-бабының 1-бөлімі ("Билік өкiлiне қатысты күш қолдану") бойынша айып таққан.

Тергеу материалдарына қарағанда, Ержанов 2015 жылы «Гулсим» шаруа қожалығының басшысы болып жүріп, «бөтеннің мүлкін алдау және сенімін теріс пайдалану жолымен аса ірі мөлшерде жымқыру мақсатында «Жантизер» шаруа қожалығының басшысы болып жүріп, Ақтөбе облыстық ауылшаруашылық басқармасына субсидия алуға жалған құжат тапсырып, 25 718 000 теңгені аса ірі мөлшерде жымқырған.

Тергеу материалдарында Бақытжан Ержановтың алаяқтық жолмен мемлекеттің жалпы сомасы 120 миллион теңгеден астам қаржысын иемденгені көрсетіледі. Бұдан өзге, ол өз қарамағындағы жұмысшыны соққыға жығып, субсидия алу заңдылығын сақтау бойынша тексеру жүргізген прокурорды тілдеген.

Хромтау аудандық соты Бақытжан Ержановты жоғарыда аталған баптар бойынша айыпты деп танып, әуелі 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарған. Бірақ Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты жарияланған рақымшылық заңы қолданылып, тағайындалған негізгі жазаның төрттен бірі қысқартылды да, түпкілікті 3 жыл 9 айға бас бостандығын шектеу жазасы кесілді.

57 жастағы Бақытжан Ержанов облыстық мәслихаттың құрылыс, көлік, сауда және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның мүшесі болды, "Нұр Отан" партиясы қатарында.

XS
SM
MD
LG