Accessibility links

Ресей Түркияға С-400 кешенін 2020 жылы жеткізе бастамақ


Ресейдің С-400 зымыран кешені.
Ресейдің С-400 зымыран кешені.

Ресей Түркияға «жер – ауа» санатындағы С-400 зымыран жүйесін 2020 жылдың наурызынан жеткізе бастайды. Бұл туралы Ресей мен НАТО-ға мүше Түркия арасындағы зымыран келісіміне комментарий берген ресейлік жоғары шенді шенеунік хабарлады.

«Ростех» мемлекеттік конгломератының басшысы Сергей Чемезов «Коммерсантъ» газетіне берген сұхбатында құны 2,5 миллиард долларға бағаланатын келісім бойынша Түркияға С-400 зымыран кешенінің төрт дивизионы жеткізілуі тиіс екенін айтты. «Келісімнің жалпы құнының 45 пайызы алдын ала төлем, 55 пайызы несие түрінде төленеді» деді Чемезов.

Түркияның Ресейден С-400 зымыран кешенін сатып алу шешімін кейбір Батыс елдері НАТО мен Ресей арасы шиеленіскен кезде Анкараның альянсты «менсінбей қарауы» деп бағалаған. Мәскеу Украина шығысындағы сепаратистерді қолдап, Сириядағы қақтығысқа араласқан соң Ресей мен НАТО арасындағы қарым-қатынас шиеленіскен.

Түркияның С-400 кешенін сатып алатыны туралы алғаш Түркия президенті Режеп Ердоған қыркүйекте хабарлаған. Анкараның бұл шешіміне қатысты «Ресей қару-жарағы альянстың қорғаныс жүйесіне сай келмейді» деген пікір айтылған. Түркия қорғаныс министрі Нуреттин Каникли 27 желтоқсанда зымыранға қатысты келісім аяқталғанын мәлімдеді.

XS
SM
MD
LG