ДАИШ ["Ислам мемлекеті" экстремистік тобының арабша қысқарған атауы - ред.] Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы "Перекресток" супермаркетінде болған жарылысқа жауапкершілікті алған. Бұл туралы террорлық әрекеттерді зерттеу жөніндегі SITE Intelligence Group тобы хабарлады.
Жарылыс желтоқсанның 27-і кешке Калинин алаңындағы "Перекресток" супермаркетінде болған. Қолдан жасалған, қуаты 200 грамм тротилді құрайтын бомба дүкеннің жүк сақтайтын бөлігінде іске қосылған. Жарылыстан 17 адам зардап шеккен, олардың 11-і ауруханаға түскен.
"Фонтанка" сайты жарылысқа қатысы болуы ықтимал күдіктінің видеосын жариялаған. Видеода жарылыс болардан жарты сағаттай бұрын дүкенге маршрутты таксимен келген жасыл түсті курткадағы ер адамның жүк камерасына рюкзагын қалдырып, сауда залына өткені жазылып қалған. Сауда залында бір жарым минуттай болған әлгі адам рюкзагын алмастан дүкеннен шығып кеткен.
Ресей президенті Владимир Путин Санкт-Петербургте супермаркетте болған жарылысты теракт деп атаған. Тергеу комитеті "жалпыға қауіпті әдіспен екі немесе одан да көп адамға қастандық жасау" бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған. Оқиғаны тергеумен Ресейдің Ұлттық антитеррорлық комитеті айналысып жатыр.