Accessibility links

"Бундестаг депутаты ұлт араздығын қоздырды"


Кельндегі оңшылдардың ксенофобтық наразылық шарасы. Германия, қаңтар 2016 жыл. Көрнекі сурет.
Кельндегі оңшылдардың ксенофобтық наразылық шарасы. Германия, қаңтар 2016 жыл. Көрнекі сурет.

Кьелн полициясы "Германияның балама жолы" оңшылдар партиясының мүшесі, Бундестаг депутаты Беатрикс фон Шторхқа "ұлтаралық араздық қоздырды" деген айып тақты. Twitter парақшасындағы саясаткер жазбасына байланысты полиция мәлімдемесі прокуратураға жолданды.

Жаңа жылды тойлау шаралары кезіндегі қауіпсіздік жайлы полиция ескертуінің бірнеше тілде, оның ішінде арабша жариялануы Фон Шторхқа ұнамай қалған. "Олар бұл жолмен топтасқан мұсылман еркектерінің жабайы зорлық-зомбылық әрекеттерін тоқтатамыз дей ме?", - деп жазған Фон Шторх твитінде. Осыдан кейін саясаткердің Twitter мен Facebook-тегі парақшалары (жазба екі әлеуметтік желіде де жарияланған) 12 сағатқа бұғатталған.

Кельн полициясы ірі шаралар алдындағы бірнеше тілдегі ескертпелерді бұрыннан бері жасап келе жатқанын мәлімдеді. Полицияның пайымынша, мұндай әдіс - ақпаратты әртүрлі топтарға жеткізіп, өзара түсіністікті арттырады.

Deutsche Welle ақпаратына сәйкес, қаңтардың 1-не қараған түні полиция Кельннің орталық алаңына 190 адамды өткізбей, 92 адамды ұстап әкеткен.

Екі жыл бұрын Жаңа жылды тойлау кезінде Кёльнде жүздеген әйел адамға шабуыл жасалған. Шабуылдағандардың дені Солтүстік Африка және Араб елдерінен келгендер болғаны айтылған. Осыдан соң Германия билігі елдегі ірі шаралардың қауіпсіздігін күшейткен. 2018 жылдың қарсаңында Берлиндегі Бранденбург қақпасының алдында тұңғыш рет әйелдерге арналған "қауіпсіздік зоналары" ұйымдастырылған. Ол аймақтарда Қызыл крест қызметкерлері мен полицейлер жұмыс істеді.

XS
SM
MD
LG