Accessibility links

ЕО Ирандағы қақтығысушы тараптарды тәртіпке шақырды


Тегеранда үкіметке қарсы шеруге шыққан демонстранттар. Иран, 30 желтоқсан 2018 жыл.

«Еуропа Одағы (ЕО) Иран билігінен ой-пікір еркіндігі мен азаматтардың жиналу еркіндігін құрметтеуді талап етіп, қақтығысушы тараптардан зорлық-зомбылықтан бас тартуға шақырады» деп мәлімдеді ЕО-ның сыртқы саясат жөніндегі жоғарғы комиссары Федерика Могерини.

Вашингтон Ирандағы наразылық шерулерінде тәртіпсіздік пен қақтығыстың ұлғаюна байланысты БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл жиынын өткізуді талап етіп отыр. АҚШ-тың БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Никки Хейли наразылық шерулеріне қатысушылардың қаза табуына байланысты Женевадағы адам құқықтары жөніндегі кеңес те өз пікірін білдіруі тиіс деп есептейді. БҰҰ-дағы брифингте сөйлеген Хейли Иран демонстранттарын «батылдық танытты» деп мақтап, бүкіл елге тараған наразылық шаралары өздігінен және аяқасты туындағанын, оған сыртқы күштердің қатысы жоғын мәлімдеді. Бұған дейін Иранның рухани көсемі аятолла Әли Хаменеи наразылық шерулеріне білдірген пікірінде «Иранның жаулары ел билігіне зиян келтіру үшін біріккенін» мәлімдеген болатын.

Ирандағы наразылық бейсенбі, 28 желтоқсанда Мешхедте басталып, бірден басқа қалаларға жайылған. Содан бері шерулерде кем дегенде 20 демонстрант пен бір полиция қызметкері қаза тапты. Тегеранда 30 желтоқсанда 450-ден астам демонстрант ұсталды.

Әуелде қымбатшылық пен күнкөрістің төмендеп кетуіне қарсы ұранмен шыққан шерудің соңы Иранның жоғары басшысы саналатын рухани жетекшісі аятолла Әли Хаменеидің ішкі саясаты мен Таяу Шығыстағы сыртқы саясатына наразылыққа ұласты. Көшеге шыққандар Хаменеидің портреттерін жыртып, ел басшылығына қарсы ұрандарын үдете түскен.

Оқыңыз: Ирандағы наразылар кімдер?

Иран президенті Хассан Роухани елдегі тәртіпсіздік пен қоғамдық меншіктегі мүлікті бүлдіріп-қиратуды айыптады. Бірақ сонымен бірге ол үкіметті азаматтардың "заңды сын мен наразылық білдіруіне мүмкіндік жасауға" шақырды. Роухани Иранды әркім жеке пікірін айтуына құқығы бар еркін ел деп атады.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG