Accessibility links

Ирандағы наразылар кімдер?


Тегеран университеті маңында полиция жасағымен қақтығысып қалған студенттер. Иран, 30 желтоқсан 2017 жыл.
Тегеран университеті маңында полиция жасағымен қақтығысып қалған студенттер. Иран, 30 желтоқсан 2017 жыл.

Иранның жаңа тарихындағы билікке қарсы ең ірі жаппай наразылықтың артында кім тұр? Бұл сұраққа жауап табу оңай емес.

Иранда қантөгіске ұласқан наразылыққа жастар мен қарттар, елдің әр аймағынан келгендер қатысып жатыр, олардың билікке қояр талаптары да әркелкі. Адамдар құрбан болған жаппай наразылықтың кімнің ұйымдастырып жатқаны, олардың нақты нені талап ететіні әлі де толық айқын емес.

Демонстранттардың орталық ұйымдастырушы тобы жоқ, елдің әр түкпірінде жұрт наразылық шерулеріне шықты, оған ирандықтардың түрлі топтары қатысып жатыр, сондықтан, демонстранттарды жынысы, жасы, экономикалық табы бойынша ажырату мүмкін емес. Президент сайлауында Махмұд Ахмадинежад қайта сайланғаннан кейін бұрқ еткен 2009 жылғы нарызылық шеруінен бұл жолғы жаппай шерудің басты айырмасы да осы болып тұр. Өткен жолы сайлау нәтижесі бұрмаланды деп ашуланған жоғары білімді орта тап өкілдері Жасылдар қозғалысы бас болып наразылық білдірген еді.

ВИДЕО: Иранның Ахваз қаласындағы наразылық (2 қаңтар 2018 ж.)

Бес күннен бері жалғасып жатқан бұл жолғы шеруді елдің жаңа тарихындағы бүліктермен салыстырып көргенде, мұның алдыңғыларға ұқсамайтыны аңғарылды.

- Режим бұл наразылықты 2009 жылғы шерулермен салыстырып, екеуін де "ауқатты, білімді әрі бүлікшіл халық тұратын солтүстік Тегеран феномені" деп сипаттауға бейіл. Наразылықтың Иранның барлық қалаларында өтуі жалпы бұқара халықтың режимнің экономика, сыртқы саясат және әскери интервенция салаларында, саяси және әлеуметтік мәселелерде жасап жатқан әрекеттеріне күмәнмен қарайтынын аңғартады, - дейді Ұлыбританиядағы Бирмингем университетінің ирантанушы маманы, EA World View вебсайтының редакторы Скотт Лукас.

ДЕМОГРАФИЯЛЫҚ ЕРЕКШЕЛІКТЕР

Тегеран бұл наразылықты жастардың ісі деп көрсетуге тырысып бақты. Ішкі істер министрінің орынбасары Хусейн Золфағаридың айтуынша, елдің түкпір-түкпірінде қамауға алынған шерушілердің 90 пайызы – 25-ке толмаған жастар.

Көзбен көргендер де, шерулерден түсірілген видеоматериалдар да көшеге шыққандардың көбі жастар екенін айғақтайды. Дегемен, бұл наразылықты "жастар көтерілісі" деп атасақ қателесеміз.

25-ке дейінгі жастар Ислам мемлекетін құрған 1979 жылғы төңкерістен кейін дүниеге келген деп есептесек, Тегеранға "бұл – оң-солын ажырата алмайтын жастардың бүлігі" деп түсіндіре салған ыңғайлы болмақ.

Ирандағы наразылық туралы фотогалерея:

Дегенмен, бүгінде 25-ке келген бұл жастар 2009 жылғы наразылықққа қатысып, сол кезде діни басшылықтың бейбіт шеруді қатыгездікпен басып тастағанын көзбен көрген болуы мүмкін. Бұлардың көбі бәлкім 2013 жылғы сайлауға да қатысып, дауыс берген болар. Ол сайлауда Ахмадинежадтың ізбасары Хассан Роухани билікке келген.

Салыстырмалы түрде салмақты саясаткер саналатын Роухани "Батыспен араны жақсартып, халыққа көбірек бостандық беремін, рецессияға ұшырап, кері кеткен экономиканы түзетемін" деп уәде беру арқылы жеңіске жеткен. Роухани Иранның даулы ядролық бағдарламасына байланысты келісімді әзірлегенінің арқасында Батыс елдерімен байланысты жақсартып, "бүлікші ел" атынан құтылу үшін ашық саясат жүргізуге ниет танытып, 2017 жылы президенттікке қайта сайланған.

Осы келісімнің нәтижесінде Иранға салынған халықаралық санкциялар алынып тасталғанымен, ел ішінде Роуханидың экономиканы оңалтатынына күмәнданушылар қарасы өсе берді.

Тегеранның Фирдоуси алаңындағы наразылықты тарқату үшін полиция арнайы көліктен су шашып тұр.
Тегеранның Фирдоуси алаңындағы наразылықты тарқату үшін полиция арнайы көліктен су шашып тұр.

Ирандағы жұмыссыздық деңгейінің жоғарылығы, экономиканың ауыр ахуалы әсіресе жастарға қиын тигені рас. Халықтың 50 пайыздан астамы – 30-ға толмаған жастар. Ресми деректер бойынша, жастар арасындағы жұмыссыздық 20 пайыз болғанымен, бейресми болжамдарға қарасақ, бұл көрсеткіш 40 пайызға жетеқабыл.

Дегенмен, жапа шегіп отырған тек жастар ғана емес.

- Шеруге барлық әлеуметтік сегменттердің, аймақтардың және демографиялық топтардың өкілдері қатысып жатыр. Арасында кедейлер де, орта тап та, байлар да бар. Әйелдердің рөлі ерекше, - дейді шерулерді бақылап отырған ирандық сарапшы Раман Ғамвами.

Лорестан аймағындағы қауіпсіздік күштерінің шерушілердің тұтқындаудан бас тартып, халыққа қолдау білдіріп тұрған видеосын мысалға алған сарапшы "тіпті қауіпсіздік күштерінің өзі бұл тәріптке мойынсұнғысы келмейді" дейді.

НАҚТЫ МӘСЕЛЕ ЖОҚ

Шеруге түрткі болып отырған нақты бір мәселе жоқ. Шеру ең алдымен 28 желтоқсанда Мешхед қаласында басталды. Онда жұрт жұмыртқа, тауық еті сияқты негізгі азық-түлік өнімдері бағасының қымбаттауына наразылық білдірген.

Шерудің ауқымы ұлғайғаннан кейін демонстранттар Иранның саяси басшылығына ашу-ызасын білдіре бастады. Олар "Роухани өлсін!", "Хаменеи өлсін!" деп ұрандады. Кейбір шерушілер тіпті 1979 жылғы революциядан соң төңкерілген монархиялық билікті қалпына келтіруге шақырды.

Енді біреулер Иранның сыртқы саясатына, биліктің Сирия президенті Башар Асадты қолдап отырғанына наразылық білдірді. Кейбіреулер "өзіміз жарымай отырғанда көрші елге көп ақша шашу дұрыс емес" деп санайды.

Иранның Мешхед қаласындағы наразылық. 29 желтоқсан 2017 жыл.
Иранның Мешхед қаласындағы наразылық. 29 желтоқсан 2017 жыл.

Сарапшылардың айтуынша, Мешхедте шерудің бұрқ етуіне діни жүйедегі алауыздық түрткі болуы мүмкін. Елдің екінші ірі қаласы саналатын Мешхед – Роуханидың сайлаудағы қарсыласы, қатаң позицияны ұстанатын діни консерватор Ибрахим Раисидың туған жері.

- Қатаң саясатты жақтаушылар әу баста бұл шеруді қолдаған болуы мүмкін, бірақ олар ең алдымен өздерінің қысқа мерзімдік, топтық мүдделерін ғана ойлаған болуы ықтимал, ал мұның соңы тереңде жатқан, бұдан да ауқымды мәселелердің көтерілуіне әкеліп соқты, - дейді Халықаралық дағдарыс тобының сарапшысы Найсан Рафати.

Қысқаша айтсақ, Роуханиға, оның ядролық келісіміне қарсы сыни пікірлерді күшейтеміз деп ойлағандар осыған дейін сыртқа шықпай келген наразылықтың бұрқ етуіне, қалың бұқараның оянуына түрткі болған.

Иранда наразылық шерулері жиі болып тұрады. Соңғы бірер жылдың ішінде такси жүргізушілері, автокөлік жасаушылар, мұғалімдер, табиғатты қорғаушылар ереуілге шыққан. Бірақ үкімет оларды белгілі бір тақырыптың аясында шектеп, қоғамдық келісімге қол жеткізіп отырған.

ОРТАЛЫҚТАНДЫРЫЛҒАН БАСШЫ ЖОҚ

Оппозициялық Жасылдар қозғалысы ұйымдастырған 2009 жылғы демонстрациядан айырмашылығы – бұл жолғы наразылықтың артында нақты топ не қозғалыс тұрған жоқ.

"Рэнд" корпорациясының аға саяси зерттеушісі Алиреза Надер Twitter әлеуметтік желісінде: "[Шеру] кенеттен болған, әрі, менің байқауымша, оның көшбасшысы жоқ", - деп жазды.

Басты идеясы жоқ бұл шеруді тоқтату қиын болады дейді сарапшылар.

- Көтерілісте басшы болмауының билік үшін жақсы жағы да, жаман жағы да бар. Бір жағынан үкімет нақты ұйымшылдықтың болмауынан ерте ме, кеш пе, бұл көтеріліс өзі бәсеңдейді, не оны басып тастау оңай деген тұжырым жасауы мүмкін. Екінші жағынан, наразылықтың ауқымы кең, халықтың талаптары әртүрлі болғандықтан, олардың ашуын басу үшін нақты шара қолданып, сұраныстарын қанағаттандыру да қиын, - дейді Рафати.

XS
SM
MD
LG