Accessibility links

Ирандағы наразылық бесінші тәулікке ұласты


Парсы шығанағы жағалауындағы Хузестан провинциясының орталығы Ахваздағы наразылыққа жиналғандар. Иран. 1 қаңтар, 2017 жыл.
Парсы шығанағы жағалауындағы Хузестан провинциясының орталығы Ахваздағы наразылыққа жиналғандар. Иран. 1 қаңтар, 2017 жыл.

Иранда қалыптасқан әлеуметтік, экономикалық жағдайға қатысты талаппен басталып, ел билігіне қарсы ұранмен жалғасқан, бірнеше адам мерт болған наразылық акциясы қаңтардың 2-сіне ауған түні де жалғасты.

Иранда желтоқсанның 28-інде басталған наразылық шеруі Тегеран және басқа да қалаларда жалғасып жатыр. Қаңтардың 1-і күні кешке Тегеранда шеруге шыққандар мен полиция арасында қақтығыс болғаны және бір көліктің өртенгені хабарланған.

Reuters агенттігінің жергілікті билікке сілтеме жасап хабарлауынша, қаңтардың 1-і күні Наджафабад қаласындағы қақтығыстар кезінде наразы адам оқ атып, салдарынан полиция қызметкері өлген. Бұл елде наразылықтар басталғалы бері қауіпсіздік күштері өкілдерінен қаза тапқан алғашқы адам деп хабарланды. Үкімет өкілі Саид Монтазер әл-Махдидің мемлекеттік телеарнадан мәлімдеуінше, күдікті аңшы мылтығынан оқ атқан. Оқиға салдарынан тағы үш полиция қызметкері жараланған. Әйтсе де бұл оқиғаның мән-жайы әлі анықталмады, әзірге әртүрлі қайшы мәліметтер тарап жатыр.

Ирандағы наразылық туралы видео:

Ирандағы билікке қарсы наразылық
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:08 0:00

Бұған дейінгі наразылық акциясы кезінде адам шығыны болған. Олардың арасында шеруге қатысқандар және полицейлер де бар. Иранның ресми "Хабар" арнасы әзірге шеруге шыққандардан кем дегенде 10 адамның қаза тапқанын хабарлады. Жүздеген адамды полиция ұстаған. Наразылық шерулері тек ел астанасы Тегеран мен ірі қалалар, провинция орталықтарында ғана емес, аймақтық деңгейдегі бірнеше қалада да болып жатыр.

Азаттықтың парсы тілінде хабар тарататын Фарда радиосының хабарлауынша, Ирандағы наразылық бейсенбі, 28 желтоқсанда Мешхедте басталып, бірден басқа қалаларға жайылған. Әуелде қымбатшылық пен күнкөрістің төмендеп кетуіне қарсы ұранмен шыққан шерудің соңы Иранның жоғары басшысы болып саналатын рухани жетекшісі аятолла Әли Хаменеидің ішкі саясаты мен Таяу Шығыстағы сыртқы саясатына наразылыққа ұласты. Көшеге шыққандар Хаменеидің портреттерін жыртып, ел басшылығына қарсы ұрандарын үдете түскен.

Әлеуметтік желіде тарап жатқан видеоларға қарағанда, шеруге шыққандар ел билігін уысында ұстаған консерватор Әли Хаменеиге ғана емес, реформашыл бағыттағы атқарушы билік басшысы президент Хассан Роуханиге де қарсы ұрандаған. Наразылық акциясында "Хаменеиге өлім келсін!", "Диктаторға өлім келсін!", "Халықтың ұраны – референдум!", "Реформатор мен консерватор, дәуірің таусылып жатыр!" деген ұрандар айтылған.

Шеру басталғаннан бері Америка президенті Дональд Трамп өзінің Twitter парақшасында бірнеше рет рет реакция білдіріп, Иранның барлық жағынан жеңілгенін, өзгеріс сәті келгені жайлы жазды. Дүйсенбі күнгі жазбасында ол Иран билігінің әрекетіне меңзеп "Иран халқының жылдар бойы жанышталып келгенін", "адам құқығымен бірге Иранның байлығы да тоналғанын" айтқан.

Трампқа қоса Американың өзге де бірнеше саясаткері Ирандағы наразылыққа қолдау білдіретінін мәлімдеген. Оған қарсы үн қатқан Иран президенті Трамптың атын атамай, "Америкадағы бұл мырзаның" бірнеше ай бұрын Иран халқын "террорист" депе атағанын ұмытып кеткенін және оның ирандықтарға жанашырлық танытуға хақы жоқ екендігін айтқан.

Ирандағы наразылыққа байланысты Израиль өзінің қатысы жоғын, алайда ирандықтардың талабын қолдайтындығын білдірсе, Ұлыбритания, Германия және Еуропа одағының сыртқы саясат мекемесі басшылары мен өкілдері Иранның елдің бейбіт митинг өткізу және сөз бостандығы құқығын сақтауы керектігін ескерткен. Иран президенті Хассан Роухани наразылық басталғаннан бері екі рет пікір білдірді.

Желтоқсанның 31-і күні үкімет отырысында ол АҚШ, Израиль және Сауд Арабиясын "арандатушы" деп атап, елдегі тәртіпсіздік мен қоғамдық меншіктегі мүлікті бүлдіріп-қиратуды айыптады. Бірақ сонымен бірге ол үкіметті азаматтардың "заңды сын мен наразылық білдіруіне мүмкіндік жасауға" шақырды. Роухани Иранды әркім жеке пікірін айтуына құқығы бар еркін ел деп атады.

Ал қаңтардың 1-інде сөйлеген сөзінде Иран президенті шеруге шыққандардың халық мүддесін көздемейтінін, "бірақ бұл біздің наразылық пен сынға селқос қарауымыз керек дегенді білдірмейді. Қайта оларды тыңдап, мәселені шешудің жолын ойлауымыз керек" деген.

ФОТОГАЛЕРЕЯ: Ирандағы наразылық

Желтоқсанның 31-і күні Иран билігі Instagram әлеуметтік желісі мен Telegram мессенджерін бұғаттап, бұл шешімді "бейбітшілік пен азаматтардың қауіпсіздігін" қамтамасыз ету қажеттігімен түсіндірген. Кейін белгілі болғандай, желтоқсанның 30-ы күні Тегерандағы наразылық шаралары барысында 200 адам ұсталған, олардың арасында 40 адамды билік "заңсыз жиынның ұйымдастырушылары" деп атаған.

Азаттықтың парсы тілінде хабар тарататын Фарда радиосының хабарлауынша, өткен айларда Тегеран мен өзге де қалаларда салымшылардың да митингілері жиілеп кеткен еді. Олар орталық банкі мен үкіметтің әрекетін қатаң сынап келген. Президент Хассан Роухани қаржылық ұйымдарға қатысты үкіметтің "хирургиялық операция" жолымен әрекет етіп жатқанын, алайда оны жүзеге асыруда қайшылықтың бар екенін айтқан.

XS
SM
MD
LG