Accessibility links

Роуханиден шоттарын жариялауды сұрады


Иран күштік құрлымдарының басшылары: президент Хассан Роухани (сол жақта), парламент спикері Әли Ларижани (ортада) және оның інісі, сот жүйесінің басшысы Садег Ларижани (оң жақта).
Иран күштік құрлымдарының басшылары: президент Хассан Роухани (сол жақта), парламент спикері Әли Ларижани (ортада) және оның інісі, сот жүйесінің басшысы Садег Ларижани (оң жақта).

Иранның консерваторлық ұстанымдағы сот шенеуніктері президент Хассан Роуханидің өткен сайлауда ақшаны қайдан алғанын қаузады. Роухани қаржы төркінін ашып көрсетуге әзір екенін мәлімдеп, сот жүйесінен де сондай қадам күтетінін айтқан.

Алауыздық Роухани 2013 жылы билікке келген соң реформа жасауға шақырып, Ирандағы ең ауқатты адам Бабак Занжани тұтқындалғаннан кейін басталған тәрізді.

ШОТТАРДЫ ЖАРИЯЛАУҒА ШАҚЫРУ

Өткен айда президент Роухани сот жүйесінің құзіретіне астарлап тиіскен еді. Осы аптада қатаң бағытты ұстанушы саясаткерлер Роуханиден сайлау кезінде қаржыны қайдан алғанын жариялауды сұрады және бауырын тергеуді талап етті.

Қаңтардың 3-і күні Роухани Twitter әлеуметтік желісіндегі парағына үкіметтің "сайт ашып, барлық шығындар мен шоттарды жариялауға әзір екені" туралы жазды, бірақ "сот жүйесі де өзінің барлық шоттарын ашық көрсетсін" деген талап қойды.

Сот жүйесі өкілінің айтуынша, президент қайта сайлану мүмкіндігін жібермеу үшін "жариялылық туралы пікірталасты қару етіп отыр". Сол күні ондаған парламент мүшесі президент Роуханидің бауырын "жемқорлыққа қатысы бар" деп айыптады.

Иран билігі қаржы ұрлаған деп айыптаған қаржы алпауыты Бабак Занжани (оң жақта) сотта отыр.
Иран билігі қаржы ұрлаған деп айыптаған қаржы алпауыты Бабак Занжани (оң жақта) сотта отыр.

Өткен желтоқсан айында президент Роухани қаржы алпауыты Бабак Занжанидің ісіне қатысты сот жүйесінің қызметіне күмән келтірген еді. Занжаниді бұрынғы қатаң бағыттағы президент Махмуд Ахмадинежад тұсында "мұнайды ұрлап сатып, үкіметтен 2 миллиард доллардан астам қаржы жымқырған" деп айыптап, өлім жазасына кескен болатын.

Сот жүйесі үкімді әлдеқашан шығарып қойса да, Роухани "адамдар ақшаның қайда кеткенін және оған кімнің көмектескенін білгісі келеді" деді. Қылмыс болған кезде Иран экономикасының жағдайы өте қиын болғанын және халықаралық санкциялардың (2015 жылы Тегеран мен әлемдік державалар арасында жасалған келісімге сәйкес санкция алынып тасталды) жағдайды одан әрі ауырлатқанын ескерсек, Иран үшін бұл - өте маңызды іс.

Консерваторлар мен қатаң бағытты қолдаушылар Роуханиге бақталас үміткерді мамырда өтетін сайлауда ұсынады, ал қазір олардың көбі Тегеран әлемдік державалармен жасасқан ядролық келісімге үзілді-кесілді қарсы болып отыр.

Роуханидің пікірінше, жариялылықтың жоқтығы және Занжани ісіне қатысты халық сұрағына жауап бере алмау "3 миллиард доллардан да маңызды, халықтың сенімін әлеуметтік капитал деп қарастыру керек". Ол барлау қызметі істі сотқа жібермей тұрып тергеуі керек еді дейді.

Президент сайтында жарияланған ақпаратта Роуханидің "адамдар бұл мәселе анықталатын шығар деп күтеді" деген сөзі берілген. Сот жүйесінің басшысы, әділет министрлігіне тәуелсіз лауазым иесі Садег Ларижани қаңтардың 2-сі күні сөйлеген сөзінде Роуханидің сайлау кампаниясына үлес қосқанын мәлімдеді.

"Бабак Занжани президент сайлауы науқанына көмектесіп, миллиондаған туман (Иранның ұлттық валютасы риалдың ең үлкен бірлігі) жұмсағанын айтты" деген ол. "Оның сөзінің бәрін шындық деуге болмас" деген Ларижани миллионердің көп сөйлеп, түрлі мәлімдемелер жасағанын да айтқан.

САЙЛАУ ҚАРСАҢЫНДАҒЫ НАУҚАН

Сот жүйесінің басшысы "Бабак Занжани айыптаған жеке тұлғалардың бәрін тергеуге болады, қажет болса қамауға аламыз" деді. Содан соң Ларижани "Адамдар ақшаның қайда кеткенін білу керек дей ме? Біз де соны білгіміз келеді. Президент кеңсесінің қаржысы қайда жұмсалып жатыр?" деп қарсы сұрақ тастады.

Роухани оған Twitter арқылы берген жауабында жұмсалған қаржы есебін жариялайтын жүйе құруға әзір екенін және сот жүйесінен де сондай қадам күтетінін айтқан.

"Әрбір мекеме өз өкілеттігі мен міндеті аясында әрекет етіп, қоғамдық пікірге жауап қатуы керек" деп жазды Роухани.

Расталмаған кей дерек бойынша, соңғы аптада үлкен саяси жүйенің бір бөлігі саналатын Садег Ларижани (оның ағасы Әли Ларижани парламент спикері және адам құқы бойынша өкіл) 60-тан астам жеке банк шотын бақылайды екен, оның бәріне мемлекет қаржысы салынған. Иранның мемлекеттік айыптаушысы сот жүйесінің барлық шоты талапқа сай екенін және кейбір ақша аударымы елдің рухани басшысының рұқсатымен жасалғанын айтқан.

Роуханидің Twitter-дегі жазбасы сот жүйесінің баспасөз хатшысы Голам Хоссейн Мохсени Эжеиге әсер етті. Ол қаңтардың 4-і күні сот жүйесінің шоттары "жариялы" екенін және заңгерлердің қажетті "құжаттарды" көргенін мәлімдеді.

Эжеидің айтуынша, үкімет бұрын істерін ашық жүргізбеген, Роуханидің жариялылық туралы мәлімдемесін мамырдағы сайлау қарсаңындағы науқан деп қарастыру керек. Ол 2015 жылғы ядролық келісім кезінде біраз нәрсенің өздеріне баяндалмағанын айтты.

Эжеи үкіметтен Роуханидің 2013 жылғы сайлау науқаны кезінде ақшаны қайдан алғанын жариялауды сұрады. Әсіре қатаң бағыттағы "Кейхан" газеті Эжеиді қолдап, Роухани жариялылық қажет деп айғайлайды, бірақ оның айтып тұрғаны "үкіметтің құпиясы" деді.

Реформашыл "Этемад" басылымы Роуханидің жазбасы үкіметтің "міндетін айқындап алғанын көрсетті", президенттің жариялылық туралы үндеуі "бұрын-соңды болмаған" жағдай деп жазды.

Қаңтардың 4-і күні 46-дан астам заң шығарушы Иран президенті Роуханиден бауыры Хоссейн Ферейдунды сот жүйесіне шақырып, "қаржылық жемқорлыққа қатысты" айыптауды сұрады. Роуханидің қарсыластары да президенттің ішкі тобына кіретін, Роуханидің "көзі мен құлағы" саналатын Ферейдунды "жемқорлыққа қатысы бар" деп айыптайды.

XS
SM
MD
LG