Accessibility links

Астанаға келген Роухани Тегеранда жиі сыналады


Иран президенті Хассан Роухани. Ереван, 21 желтоқсан 2016 жыл.

Иран баспасөзі президент Роуханидің Астанаға сапарын Еуразия экономикалық одағымен байланыстырып, аймақтық ынтымақтастық тұрғысынан көрсетуге тырысты.

Иран президенті Хассан Роухани бүгін ресми сапармен Астанаға келді. Кешеден бері Еуразия экономикалық одағына (ЕАЭО) мүше үш елге – Армения, Қазақстан, Қырғызстанға сапарлап шыққан Роухани кейінірек Ресейге де бармақ.

Бүгін Астанада екі ел президентінің қатысуымен Каспий теңізіндегі кеме қатынасы, өзара туризм сапарын жеңілдету, мал шаруашылығы, екі ел сауда қатынасындағы мәселелерді шешу туралы ұлттық банктер арасындағы келісімдерге қол қойылды.

ИРАН БАСПАСӨЗІ РОУХАНИ САПАРЫ ТУРАЛЫ

Иран ядролық бағдарламасына қатысты санкциядан шыққаннан бері басқа елдерді экономикалық, инвестициялық тұрғыда қызықтыра бастаған. Алайда санкциядан кейін бірден «жұмақ» орнай қоймады. Елдегі заңнамалық, бюрократиялық тосқауылдар Иранның қандай да бір елмен байланысының кедергісіз дамуына қолбайлау болып келеді.

Бірақ Иранмен санкция кезінде де байланысын үзбеген елдер болды. Соның бірі – Қазақстан. Биыл сәуір айында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Иранға сапарында да, Иран президентінің бүгінгі Астана сапарында да бұрыннан қалыптасқан байланыс аясын кеңейту назарға алынып отыр.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен Иран президенті Хассан Роуханидың бұған дейінгі кездесулерінің бірі. Тегеран, 11 сәуір 2016 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен Иран президенті Хассан Роуханидың бұған дейінгі кездесулерінің бірі. Тегеран, 11 сәуір 2016 жыл.

Иран баспасөзі бүгінгі санында Роуханидың бұл сапарын ЕАЭО-мен қатынас аясында қарастырған. «Абрар» газеті «Армения, Қазақстан, Қырғызстанмен байланыс дамып келеді» деген мақала жариялаған. «Афкар» газетінде бүгін жарияланған мақала «Иран ЕАЭО елдерімен байланысты дамыту қамында» деп аталады. «Эттелаат» газеті Роуханидың Ереванға сапары туралы жариялаған мақаласында екі ел азаматтары үшін виза тәртібінің алынып тасталатыны жайлы хабарлған. «Таадол» газетіндегі мақала «Еуразия одағымен еркін сауда идеясы күш алып келеді» деп аталады. «Сәнаат» газеті «Еркін сауда мақсатындағы Еуразиямен байланыстың дамуы» деген мақала жариялаған. «Шахе» газеті «Еуразиямен еркін сауда» деген атпен мақала шығарған.

Иран осы ретте көптеген мәселеде ортақ тіл табыса алатын солтүстіктегі көршілеріне ерекше назар аударып отыр.
«Һәмдели» газеті.

Иран президентінің Кавказ бен Орталық Азия елдеріне сапары кезінде Тегеранда шығатын «Һәмдели» газеті «Аймақтық билетпен ойын» деген мақала жариялады. Газет Роуханидың бұл сапарына «Иран дипломатиясының жаңа кезеңі» деген баға берген. Онда Иранның оңтүстіктегі көршілерімен қатынасы Сауд Арабиясымен арадағы араздыққа қатысты кенжелеп қалғаны айтылады. Газеттің жазуынша, Иран осы ретте көптеген мәселеде ортақ тіл табыса алатын солтүстіктегі көршілеріне ерекше назар аударып отыр. «Һәмдели» Иранның қауіпсіздік, саяси қатынастарға қоса ауыл шаруашылығы, астық, өндіріс саласындағы ынтымақтастыққа мүдделі екенін айтады.

Бір айта кететіні – Иран баспасөзінің бүгінгі санының бірінші бетінде Роуханидың Кавказ және Орталық Азия сапарына қоса елдегі доллар бағамының шарықтағаны және инфляцияның өсіп бара жатқаны жайлы хабарлар да жарияланды. Кейбір газеттерде Роухани үкіметінің әрекеті сыналды. «Абрар» газеті «Елдің негізгі проблемасы – ақша емес, басқарудың әлсіздігі және кеңсе бюрократиясы»деген мақала жарияласа, «Этемад» газеті Хассан Роухани үкіметі «қашан өз-өзіне келеді» деген сауал қояды.

Иранда алдағы жылы президент сайлауы өтеді. Ел ішінде көп сыналып жүрген Хассан Роухани бұл сайлауда екінші мерзімге сайлауға түсе алады.

ЭКОНОМИКА МА, САЯСАТ ПА?

Иран президенті сапар алдында өз елінің Армения, Қазақстан, Қырғызстанда технология, инженерлік қызмет түрлерін көрсетуге даяр екендігін мәлімдеген. Ол соңғы жылдары Иранның ЕАЭО-мен байланысы жақындай түскенін айтқан.

Хассан Роухани еркін сауда үшін осы бірлестікпен жұмыс істеудің Иранға тиімді екеніне мән береді. Ол Иранның Армения, Қара теңіз арқылы Еуропа базарына шыға алатынын айтса, Иранды Қазақстанмен байланыстырып жатқан темір жол солтүстік және батыстағы елдерімен қатынасты дамытуға себепші болады дейді. Иран Қырғызстанды Қытаймен байланыстыратын маршрут бойындағы ел ретінде таниды.

Биыл 26 желтоқсанда Санкт-Петербургте ЕАЭО-ға мүше елдердің (Ресей, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Армения) президенттері кеден кодексін бекітеді. Ал Иран 2017 жылы ЕАЭО-мен еркін сауда жөніндегі келісімге қол қоюы мүмкін.

Тегеран ЕАЭО-мен байланысты экономика мәселесін алға тартқанымен бұл мәселеге саяси жағынан да мән беретіні байқалады. Иран, арасында бұрынғы совет елдері бар, Қытай дa мүше Шанхай ынтымақтастық ұйымы, ЕАЭО тәрізді бірлестіктерді деңгейіне қарамастан «Батысқа қарсы тұратын ұйым немесе батыстық бірлестіктерге балама нысан» ретінде қарастырады.

Алайда Хассан Роуханиді Астанаға келген сапарында оны әуежайдан Қазақстанның премьер-министрі емес, тіпті сыртқы министрі де емес, инвестиция және даму министрі мен сыртқы істер министрінің орынбасарының күтіп алуы Астананың экономикалық қатынасқа реңк беруге тырысатынын көрсететінін сияқты.

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    Алматы бюросының бас редакторы. Азаттық радиосында 2010 жылдан бері жұмыс істейді. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG