Accessibility links

АҚШ 2017 жылы ғарыш кемесін ұшыру санынан алға шықты


Falcon 9 зымыран тасығышының Каннаверал мүйісінен ұшырылу сәті. 30 қазан 2017 жыл.
Falcon 9 зымыран тасығышының Каннаверал мүйісінен ұшырылу сәті. 30 қазан 2017 жыл.

АҚШ 2017 жылы 2003 жылдан бері бірінші рет ғарышқа аппарат ұшыру саны жағынан өзге елдерден озып кетті. 2017 жылы АҚШ космодромдарынан барлығы 27 зымыран тасығыш ұшырылған және олардың барлығы сәтті болған.

Ресей былтыр ғарышқа 20 зымыран тасығыш, Қытай 19 зымыран тасығыш ұшырған. Екі елде де бір зымыран тасығыштың ұшырылуы сәтсіз болған. Ресей 2003-2015 жылдары ғарышқа ұшырған зымыран тасығышы саны жағынан бірінші орында болған еді.. 2016 жылы Реейдің алдына АҚШ пен Ресей шығып кеткен болатын. Өткен жылы ұшырылған барлық зымыран тасығыштың үштен бірі АҚШ-тың үлесіне тиеді және оған көбінесе SpaceX жекеменшік компаниясының белсенділігі себеп болған. Бұл компанияның Falcon-9 зымыран тасығыштары орбитаға 18 рет ғарыш аппараттарын шығарған.

SpaceX өкілдерінің сөзінше, компания биыл ұшыратын зымыран тасығыш санын 27-ге жеткізбек. Ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Қытайдың мемлекеттік ғарыш компаниясы 2018 жылы 35 рет зымыран тасығыш ұшыруды мақсат етіп отыр.

Falcon 9 зымыран тасығыштары ресейлік зымыран тасығыштарға айтарлықтай бәсекелестік тудырған. Америкалық сарапшылар биыл «Роскосмос» зымыран тасығыш ұшыру санын онша көбейтпейді деп болжайды.

SpaceX таяу жылдары астронавт алып ұшатын ғарыш кемелерін ұшыру нарығында ықпалды ойыншыға айналуы мүмкін. Компания бортында екі астронавт болатын Dragon-2 ғарыш кемесін бірінші рет биыл жазда сынақ ретінде ғарышқа ұшырмақ.

XS
SM
MD
LG