Accessibility links

Пхеньян Сеулмен тікелей келіссөзге келісті


Оңтүстік Корея мен Солтүстік Корея шекара аймағындағы Пханмунджом елді мекеніне баратын жол (Көрнекі сурет).
Оңтүстік Корея мен Солтүстік Корея шекара аймағындағы Пханмунджом елді мекеніне баратын жол (Көрнекі сурет).

Солтүстік Корея билігі Оңтүстік Кореяның 9 қаңтарда тікелей келіссөз жүргізу ұсынысын қабылдады. Бұл – 2015 жылдан бергі жоғарғы деңгейдегі алғашқы келіссөз болмақ. Келіссөз екі елдің шекара аймағындағы Пханмунджом елді мекенінде өтеді.

Оңтүстік Кореяның ұлттық бірлік министрлігі өкілінің айтуынша, келіссөзде Солтүстік Кореяның Пхёнчханда өтетін Қысқы олимпиада ойындарына қатысу мәселесі және Корей түбегіндегі жағдай талқыланбақ.

Соңғы екі күнде Сеул мен Пхеньян өкілдері бірнеше рет арнайы телефонмен сөйлескен. Арнайы телефон байланысын қайта бастауға Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын пәрмен берген. Мұның алдында жаңа жылдық құттықтау сөзінде Ким Чен Ын Пхеньянның Сеулмен диалог орнатуға ынталы екенін және ұлттық құрамасын Пхёнчхандағы олимпиадаға жіберетінін мәлімдеген. Оңтүстік Корея президенті Мун Чжэ Ин Ким Чен Ынның ниетін құптаған.

Қос корей елі арасында келіссөзді қайта бастауды АҚШ президенті Дональд Трамп та қолдады. Ал АҚШ қорғаныс министрлігі Оңтүстік Кореямен 2018 жылдың басына жоспарланған бірлескен әскери жаттығудың кейінге қалдырылғанын мәлімдеді. Пхеньян бұған дейін жаттығуды Солтүстік Кореяға басып кіруге дайындық деп атап, айыптаған.

XS
SM
MD
LG