Accessibility links

Сауд Арабиясында 11 ханзада ұсталды


Сауд Арабиясының тақ мұрагері ханзада Мохаммед бен Салман. 23 шілде 2017 жыл.
Сауд Арабиясының тақ мұрагері ханзада Мохаммед бен Салман. 23 шілде 2017 жыл.

Сауд Арабиясында король әулеті мүшелерінің шығындарының бір бөлігін мемлекеттік бюджеттен қаржыландыруды доғару туралы биліктің шығарған шешіміне қарсылық білдірген 11 ханзаданың тұтқындалғаны туралы ақпарат тарады.

Әлгіндей шығындарға су, электр жарығы және басқа коммуналдық қызмет үшін төлемдер жатады. Мұнай бағасы құлдырап отырған кезде король Салманның жарлығымен қабылданған реформа бойынша бюджет тұрақтылығын сақтау мақсатында қосымша құн салығын енгізу және өзге де шаралар қарастырылған.

Араб сайттарына сілтеме жасаған Reuters агенттігінің хабарлауынша, биліктің шешіміне наразы болған ханзадалар талаптарын айту үшін Эр-Риядтағы король сарайына жиналған. Өз еріктерімен тарауға шақырғанға көнбеген оларды билік тұтқындап, абақтыға қамаған.

Бұл туралы тарап жатқан хабарламаларға қатысты Сауд Арабиясының ресми тұлғалары әзірше ешқандай комментарий бермей отыр. Өткен жылы арасында патша әулетінің өкілдері де бар бірқатар жоғары лауазымды шенеуніктер мен бизнесмендерге коррупция айыбы тағылып, олар қазіргі король Салманның ұлы Мохаммед бен Салманның бұйрығымен ұсталған. Кейін қазынаға ауқымды мөлшерде қаржы төлеуге келіскен соң олардың көпшілігін босатқан.

XS
SM
MD
LG