Accessibility links

АҚШ БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде Иранға ескерту айтты


АҚШ-тың БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Никки Хейли.

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің жұма күні кешке шұғыл шақырылған отырысында АҚШ соңғы аптада Иранның көптеген қалаларында өтіп жатқан наразылық акцияларына қатысушы ирандықтарға қолдау білдіретіні туралы мәлімдеді.

"Азаматтық құқықтар үкіметтің сыйға тартқаны емес, ол адамның тартып алынбайтын құқықтары. Иран режимі қазір бақылауда отыр. Күллі әлем сіздердің не істеп жатқандарыңызға көз тігіп отыр", - деп мәлімдеді АҚШ-тың БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Никки Хейли. Ол адам құқықтарын құрметтеу – сонымен бірге бейбітшілік пен қауіпсіздік мәселесі екенін айтып, адамдарды негізгі құқықтарынан айырған кезде тұрақтылыққа қатер төнетіндігін ескерткен.

"АҚШ Ирандағы еркіндікті, отбасыларының жетістігі мен елінің абыройлы болуына қалайтын адамдармен иық тірестіріп бірге тұрады", - деген Хейли.

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүше елдердің көпшілігі Ирандағы адам құқықтарын қорғауға қолдау танытқан, сонымен бірге Франция, Қытай, Швеция және өзге де кей елдер Иранда болып жатқан жағдайды БҰҰ-да талқылаудың қисындылығына шек келтірген. Ресей мен Иран елшілері "Қауіпсіздік Кеңесін Иранның ішкі мәселесін талқылауға араластыруға әрекет жасап отыр" деп АҚШ-ты айыптаған. Олардың айтқанына Ұлыбритания мен Нидерланд өкілдері қарсылық білдірген.

Иранда инфляцияның шарықтауы мен баға қымбатшылығы және елдегі жемқорлыққа тұрғындардың жаппай наразылығы үкіметтің ішкі және сыртқы саясатына қарсылыққа ұласты. Соңғы мәліметтер бойынша, наразылық акциялары барысында кемінде 21 адам өлген. Жүздеген адам ұсталып, қамалған. Сонымен бірге Иранда билікке қолдау білдіру шерулері де ұйымдастырылып өткізілді. Иран мемлекеттік телеарнасы жұма күні елдің бірқатар қалаларында үкіметті қолдау шеруіне он мыңдаған адам қатысқаны туралы хабарлады.

АҚШ президенті Дональд Трамп Ирандағы наразылық шеруіне шыққандарды қолдайтыны туралы бұған дейін Twitter әлеуметтік желісіндегі парақшасында бірнеше мәрте мәлімдеген.

Иран билігі елдегі наразылық шерулерін "сыртқы күштер ұйымдастырды" деп біледі.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG