Accessibility links

Мәскеуде совет диссиденті Виктор Сокирко қайтыс болды


Виктор Сокирко.
Виктор Сокирко.

СССР мен Ресейдегі құқыққорғау қозғалысының ардагері, диссидент Виктор Сокирко 79 жасында Мәскеуде қаңтардың 5-і күні қайтыс болды. Бұл туралы оның ұлы Алексей Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды деп хабарлады Азаттықтың Орыс қызметі.

Виктор Сокирко жас кезінен еркін ой-пікірлері үшін қудалауға ұшыраған. 1956 Мәскеудің Бауман атындағы жоғары техникалық училищесіне түскен ол 1957-1958 жылдары жазда Қазақстанда тың игеруге қатысқан. 1961 жылы СССР коммунистік партиясы бағдарламасының жобасын сынағаны үшін Сокирко комсомол қатарынан шығарылған.

1968 жылы Виктор Сокирко саяси көзқарасы үшін сотқа тартылған диссиденттер Юрий Галансков, Александр Гинзбург және басқаларды қорғап, совет билігін БҰҰ-ның адамның саяси және экономикалық бостандықтары туралы пактілерін ратификациялауға, Қызыл алаңға наразылық демонстрациясына шыққандардың үкімін қайта қарауға, Қырым татарларының құқығын қорғауға, оларды Қырымға қайтаруға шақырған хатқа өзгелермен бірге қол қойған. Құқыққорғаушы ретіндегі белсенділігі үшін Сокирко аспирантурадан шығарылған.

Ол 1973 жылы "Якир мен Красин ісі" бойынша сотта "совет жүйесіне қарсыларды әшкерелейтін" куәгер болудан бас тартқаны үшін сотталған. 1970 жылдардың соңында Сокирко "Поиски" атты жасырын қолжазба басылымын (самиздат), "Экономикалық ерікндікті қорғау" жинағын шығаруға атсалысқан. Осы істері үшін 1980 жылы үш жылға шартты мерзімге сотталған. 1989 жылдан 2001 жылға дейін шаруашылық істері үшін сотталғандар мен экономикалық еркіндікті қорғау қоғамын басқарған.

2001 жылдан бастап Виктор Сокирко Мәскеудегі Пушкин алаңында (кейін "Чистые пруды" бульварында) әр бейсенбі сайын өткізілетін соғысқа қарсы пикеттерге қатысты. Пикетке шыққандар биліктен Кавказ аймағында күш қолдануды тоқтатуды, адам құқықтарын қорғауды және федерализмді дамытуды талап еткен.

XS
SM
MD
LG