Accessibility links

Ресейде Путинді президент сайлауына ұсынуға қол жинау басталды


Ресей президенті Владимир Путин (ортада) волонтерлар форумында тұр. Мәскеу, 6 желтоқсан 2017 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин (ортада) волонтерлар форумында тұр. Мәскеу, 6 желтоқсан 2017 жыл.

Ресейде жұма күні елдің қазіргі президенті Владимир Путиннің кандидатурасын кезекті президент сайлауына кандидат етіп ұсынуды қолдайтын азаматтардан қол жинау басталды. Заң бойынша, Ресейдің барлық аймақтарының жартысынан астамынан кемінде 300 мың қол жиналуы керек.

Бұған дейін Владимир Путин 2018 жылғы наурызға белгіленген президент сайлауына өзін-өзі ұсынатыны туралы мәлімдеген. Оның сайлауға түсуін жақтайтындардан қол жинаумен "Волонтеры Победы" ("Жеңіс еріктілері") қоғамдық ұйымы айналысып жатыр. Ұйым белсенділерінің басым көпшілігін студент жастар құрайды. Бұл ұйымға 2017 жылы федералдық бюджеттен субсидия түрінде 60 миллион рубльден аса қаржы бөлінген. Қол жинау негізінен ірі қалалардағы сауда орындарында өтіп жатыр.

Кавказ.реалии сайтының хабарлауынша, Ресейдің Ставрополь өлкесінде аграрлық университеттің студенттерін оқудың орнына қол жинаумен айналысуға мәжбүрлемек болған. Орталық сайлау комиссиясына шағым түскеннен кейін университет деканатының "ол қалжың" деп мәлімдегені туралы "Дождь" телеарнасы хабарлады.

Қазір Ресейде президент сайлауына түсуге ниет білдірген өзге үміткерлердің кандидатурасын қолдаушылардан да қол жинау жалғасып жатыр. Григорий Явлинскийдің штабы қажетті қолдың үштен бірінен астамы жиналғаны туралы хабарлаған. Осы кезге дейін Орталық сайлау комиссиясы оннан аса үміткерге қол жинауға рұқсат берген. Ресей либералды-демократиялық партиясы (ЛДПР) мен Ресей федерациясы коммунистік партиясы (КПРФ) атынан түсетін Владимир Жириновский мен Павел Грудинин қол жинаудан босатылған.

Бұған дейін Ресей президенті сайлауына түсуге ниет білдірген оппозиционер Алексей Навальный өзін президент сайлауына қатыстырудан бас тартқан Ресей Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) шешімін қолдаған Жоғарғы соттың қаулысына шағым берген.

Қол жинау қаңтардың 30-ына дейін аяқталуы тиіс. Ресейдегі кезекті президент сайлауы биылғы наурыздың 18-іне белгіленген.

XS
SM
MD
LG