Accessibility links

Ресей соты Навальныйдың апелляциялық шағымын қанағаттандырмады


Алексей Навальный.
Алексей Навальный.

Ресей Жоғарғы сотының апелляциялық алқасы президент сайлауына қатысуына тыйым салынған оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйдың шағымын қанағаттандырмады.

Бұған дейін, өткен жылғы желтоқсанның 30-ы күні Жоғарғы сот Навальныйды "Кировлес" ісіне қатысты сотталғандықтан президенттікке кандидат ретінде тіркеуден бас тартқан Ресей Орталық сайлау комиссиясының шешімін қуаттаған.

Навальный өзін сайлауға тіркеуден бас тартқан ОСК шешімі - заңсыз деп санайды. Ол ел Конституциясы мен Ресей билігінен "Кировлес" ісі бойынша сот үкімін қайта қарауды талап еткен Еуропалық адам құқығы туралы сот шешімін алға тартқан. "Кировлес" ісіне қатысты шыққан алғашқы сот үкімінің күші жойылғанымен осы іс бойынша екінші қайтара сот процесі өткізіліп, Навальныйға шартты жаза тағайындалған болатын.

Адвокатының мәлімдеуінше, Навальный енді Жоғарғы сот төралқасына шағым бермек, егер ол да өтінішін қанағаттандырмаса, онда саясаткер Конституциялық сотқа жүгінбек.

Орталық сайлау комиссиясының өзін президент сайлауына қатыстырудан бас тартқаннан кейін Навальный жақтастарын сайлауға бойкот жариялауға шақырған. Саясаткердің жақтастары қаңтардың 28-і күні елде жаппай қарсылық акцияларын өткізуді жоспарлап отыр.

XS
SM
MD
LG