Accessibility links

БТА ісі: Ерімбетов қамауда қала береді


Ескендір Ерімбетовтің жақтаушылары сот залында отыр. Алматы, 9 қаңтар 2018 жыл
Ескендір Ерімбетовтің жақтаушылары сот залында отыр. Алматы, 9 қаңтар 2018 жыл

9 қаңтарда Алматы қаласы Медеу аудандық сотының судьясы Анина Байдаулетова "БТА банк ісі" бойынша ұсталған Ескендір Ерімбетовті қамау мерзімін ұзартып, тағы екі ай - 13 наурызға дейін абақтыда қалдыруға шешім шығарды.

Ерімбетовтің адвокаты Жанар Балғабаева қамаудағы азаматтың отбасылық жағдайын, бес баласы Қазақстанда тұратынын, оған сенім білдіріп отырған ақын Олжас Сүлейменов, композитор Еркеш Шәкеев сияқты белгілі адамдар барын, және жақындарының 57 миллион теңге кепіл ақша салуға дайындығын айтқан. Судьяны Ерімбетовтің қашып кетпейтініне сендіруге тырысқан. Алайда жемқорлық айыбы тағылып, Алматының тергеу изоляторында отырған Ерімбетовті судья бостандыққа да, үй қамаққа да шығармады.

Қазақстанда "БТА банкінен" қаржы жымқырып, оны заңдастыруға қатысы бар" деген күдікпен бірнеше адам қамауға алынған. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы хабарлаған. Е.Ерімбетов, В.Соколенко, Д.Пестов және М.Зоровты ұлттық бюро мен ҰҚК-нің ведомствоаралық жедел тергеу тобы 13 қарашада ұстаған еді.

Ұсталғандарға қатысты "БТА банкі" басшылығының арызымен Қылмыстық кодекстің 189-бабы ("жымқыру") және 193-бабы ("заңдастыру") бойынша соталды тергеу ісі басталған. "БТА банк" төрт азаматты банктің бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязов "жымқырған 500 миллион доллардан астам қаржыны жылыстатып, заңдастыруға қатысы бар" деп көрсеткен.

Тергеушілер бұған қоса Ерімбетовті "өзінің "SKY SERVISE" компаниясы арқылы 1 миллиард теңге бюджет қаржысын жымқырды" деп күдіктенеді.

Ұлттық бюро Ерімбетовпен бірге оның әпкесі, Бельгияда жүрген Ботагөз Жәрдемәлінің "БТА-банкінен" 500 миллион доллар қайтарымсыз несие беруге "тікелей қатысы барын" айтады. Сырттай сотталған Мұхтар Әблязовтің серігі әрі кеңесшісі деп сипатталған Ботагөз Жәрдемәліге "сеніп тапсырылған бөтеннің ірі көлемдегі мүлкін ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында иеленіп кетті немесе талан-таражға салды" деген күдік бойынша 2013 жылы халықаралық іздеу жарияланған.

Сот ұсталған күдіктілердің мүлкіне арест қойған.

Былтыр 7 желтоқсан күні Алматыда Ескендір Ерімбетовтің туыстары баспасөз жиынын өткізіп, оны Қазақстан билігі "саяси себеппен қудалап жатқанын" мәлімдеген. "Баламызды оппозициялық саясаткерден ақша алды деп айыптау негізсіз. Оны шетелде тұратын қызымыз Ботагөз Жәрдемәліні елге қайтарып, Әблязовке қарсы куәлік бергізу үшін қамауға алды" деген Ескендір Ерімбетовтің әкесі Мырзахан Ескендіров.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG