Accessibility links

Тұтқын Әбдірахмановтың шағымы бойынша іс қозғалды


Берік Әбдірахманов.
Берік Әбдірахманов.

"Діни араздықты қоздырды" деп айыппен Ақтөбеде түрмеде отырған Берік Әбдірахмановтың шағымы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Әбдірахманов "түрмеде ұрып-соғып, азапатағаны" туралы шағымданған. Бұл туралы бүгін Азаттыққа павлодарлық құқық қорғаушы Елена Семенова хабарлады.

Семенова дәлел ретінде Берік Әбдірахмановтың "ақтық хатын" ұсынған. Хатта Әбдірахаманов КА-168/1 тергеу изоляторының қызметкерлерінің азаптауы туралы жазған.

Бас прокуратура Әбдірахмановтың шағымы Ақтөбе облысы прокуратурасына жіберілгенін хабарлаған. Ал облыстық прокуратура мәліметінше, "бұл шағым сотқа дейінгі бірыңғай тергеп-тексеру тізіліміне тіркелгеніп, қылмыстық іс қозғалған".

Оқи отырыңыз: Түрмедегі тұтқынның тағдыры

Берік Әбдірахмановты 2010 жылы тамыздың 3-і күні Астананың Сарыарқа аудандық соты діни араздықты қоздырды, заңмен тыйым салынған діни ұйымға мүше болды және терроризмді насихаттады деген айыптармен алты жылға соттаған. Жаза мерзімін өтеу 2009 жылғы қазанның 3-інен бастап есептелген.

Әбдірахманов түрмеде отырған кезде, 2013 жылғы ақпанның 13-і күні Павлодар қалалық соты діни араздықты қоздырды деген айыппен оны төрт жылға соттаған. Өтелген және өтелмеген мерзімдерін алып-қосқанда, екінші іс бойынша үкім кесілген күннен бастап ол түрмеде бес жыл алты ай отыруы тиіс болған.

Берік Әбдірахмановтың туыстары ол видеокамера алдында діни көзқарасынан бас тартуға көнбегені үшін азап шегіп жатыр деп санайды. Үй-іші екі мәрте туберкулезге шалдығып, аяғындағы қан тамырларында түйіндер (варикоз) пайда болған тұтқынға науқасқа тиесілі тағам да жеткілікті берілмей отыр деп шағымданған.

Түрме әкімшілігі Берік Әбдірахмановқа қысым жасалғаны туралы айыптауларды жоққа шығарады және тұтқын науқасқа тиесілі дәрі-дәрмек пен тамақтың барлығын алып отыр деп мәлімдейді. Түрме әкімшілігінің сөзін жоғарғы мекемелер мен бақылаушы органдар да растайды.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG