Дамаск түбіндегі Шығыс Ғута елдімекеніне үкімет күштері зымыран соққысын бергеннен кейін тұрғындар зарин иісі пайда болғанын айтып шағымданған. Бұл туралы ВВС хабарлады. Дәрігерлердің айтуынша, зардап шеккендерін айтып медициналық көмекке жүгінген алты адамнан газдан уланғанға ұқсас белгілер байқалған.
Ресей әскерінің қолдауына сүйенген Сирияның үкімет күштері қоршаудға ұстап отырған Шығыс Ғута аумағында 400 мыңға жуық адам бар. БҰҰ Шығыс Ғутада апатты жағдай қалыптасқаны туралы мәлімдеген.
Сирияда азамат соғысы тұтанған 2011 жылғы наурыздан бері қарсылас тараптар бір-бірін "химиялық қару қолданды" деп бірнеше рет айыптаған. Қарсы жақтың зарин газын қолданғаны туралы айыптаулар жиі айтылған. Кей шабуылдар барысында зарин газы қолданылғанын халықаралық ұйымдар растаған.