Accessibility links

Қарағандыда "оккульттік ұйым" мүшелері сотталды


Михаил Ткачев (сол жақта) пен Уәли Әлиасқаров өздеріне қатысты сот үкімін тыңдап тұр. Қарағанды, 15 қаңтар 2018 жыл.
Михаил Ткачев (сол жақта) пен Уәли Әлиасқаров өздеріне қатысты сот үкімін тыңдап тұр. Қарағанды, 15 қаңтар 2018 жыл.

Қарағандыда «алауыздық тудыру» ісі бойынша айыпты деп танылған қарағандылық Михаил Ткачев пен Петропавл тұрғыны Уәли Әлиасқаров бес жылға сотталды. Сот үкімі 15 қаңтарда жарияланды. Бұған дейін сотта сөйлеген прокурор Нұрбек Құзбақов «СССР оккульттік ұйымының» ықтимал мүшелері деп аталған сотталушылардың айыбы «толық дәлелденгенін» айтып, оларды бес жылға соттауды сұраған.

Сотқа қатысып отырған сотталушылардың туыстары мен жақтастары үкімді әділетсіз деп санайды.

Мұны кінәсіз, дәлелсіз соттап жіберу деуге болады. Бұл – бассыздық, - деді үкімнен соң Уәли Әлиасқаров.

Біз Жоғарғы сотқа дейін барамыз. Біздің кінәміз жоқ, - деді Михаил Ткачев.

Сотталушылардың адвокаты Игорь Кирьянов жарыссөзде мемлекеттік айыптаушылар сотталушылардың нақты қандай қылмыс жасағанын дәлелдей алмағанын айтып, сотталушыларды толық ақтауды сұрады.

«СССР оккульттік ұйымының» мүшелері делінгендер ісіне қосылған діни сараптама материалдарында сотталушылар талқылап, таратты деген кітаптарға Қазақстан территориясында тыйым салынбағаны айтылады. Екі діни сараптаманы Ткачевтің жұбайының сұрауы бойынша дін істері жөніндегі комитеті жасаған.

Бұған дейінгі бұл іс бойынша сотта материалдарға кешенді сараптама жасаған сарапшылардың бірі мәтінде «ұлттық және діни алауыздық тудыру белгілері» барын және бір ұлттың «басқаларынан артық екені» айтылатынын айтқан. Прокурор мен адвокаттың «Дін істері жөніндегі комитеттің сараптамасы мәтіннен үгіт-насихат белгілерін байқамады ма?» деген сауалына кешенді сараптамаға қол қойған тағы бір сарапшы өздерінің бұл жайында «сот процесінің алдында ғана естігенін» айтты. Оның сөзінше, комитет сараптамасының қорытындысы «ұсыныс ретінде» ғана жарайды.

Оқыңыз: "Оккульттік ұйым" туралы істе полицей куәлік етті

Ткачев пен Әлиасқаров "Киелі Русь жаратушыларының одағы" ["Союз Сотворцов Святой Руси" - СССР] оккульттік ұйымы идеяларын таратты, осы ағымның кітаптарын оқып, жұртпен талқылау арқылы "алауыздық қоздырды" деп айыпталған. Сот 2017 жылы қарашада басталған.

XS
SM
MD
LG