Accessibility links

"Оккульттік ұйым" туралы істе полицей куәлік етті


"Алауыздық қоздырды" деп айыпталған Уәли Әлиасқаров (сол жақта) пен Михаил Ткачев сотта отыр. Қарағанды, 21 қараша 2017 жыл.
"Алауыздық қоздырды" деп айыпталған Уәли Әлиасқаров (сол жақта) пен Михаил Ткачев сотта отыр. Қарағанды, 21 қараша 2017 жыл.

Қарағандыда "СССР оккульттік ұйымының" ықтимал екі мүшесінің ісін қарап жатқан процесте сотталушыларға айып ретінде тағылған кітаптарға ресми түрде тыйым салынбағаны жария болды. Бұған қоса, іске қатысты куәгер полиция өкілін тыңдады.

28 жастағы Михаил Ткачев пен 66 жастағы Уәли Әлиасқаровтың Қарағанды тергеу абақтысында қамауда отырғанына 10 айға жуықтады. Сотталушылардың туыстарының сөзінше, олар екі бөлек камерада отыр. Екеуі туыстарымен сот отырыстарында ғана жүздеседі. "Ұлттық және діни алауыздықты қоздырды" деген айып тағылған екеуінің өңі жүдеу, беті бозарыңқы тартқан. Азаттық тілшісімен қысқа әңгімеде сотталушылар "камералас жігіттер қолдау танытып отыр" деп хабарлады. 2017 жылғы қарашада басталған сот процесі аяқталуға жақын қалған сыңайлы.

"ҚАРСЫЛАСЫҢЫЗ ЕМЕСПІЗ"

"Киелі Русь жаратушыларының одағы" ["Союз Сотворцов Святой Руси" - СССР] оккульттік ұйымы идеяларын тарату, осы ағымның кітаптарын оқып, жұртпен талқылау арқылы "алауыздық қоздырды" деген айыпты Ткачев пен Әлиасқаров жоққа шығарады. Прокуратураның бұрынғы қызметкері Уәли Әлиасқаров сотта істі айыптаушы тараптың "қиялынан туған" деп атады.

Қаулыда мен үшін тұжырым жасап, бізді қылмыскер етіп шығаруға сізге кім құқық берді? Сізден сұрарым – біз қарсыласыңыз емес екенімізді түсініңіз

- Қолдау танытқаны үшін туыстарым мен пікірлестеріме ризамын. Бізге камералас жігіттер де құрмет көрсетіп жатыр. Жігіттер маған тіпті ас-су жинап берді, өйткені олар осы жерде күні бойы болатынымызды, бұл жерде тіпті су да болмай қалатынын біледі. Заңды бұзған жоқпын деп санаймын, өйткені прокурор жеке ұстанымын айтты. Егер жауапкершілікті сезінсеңіз, бүкіл жайтты білу үшін тергеу кезінде менің өзіммен сөйлесер едіңіз. Әлгі кітаптарда зорлық-зомбылық әрекеттерге немесе әлдебір жаман істерге шақыру жоқ. Қаулыда мен үшін тұжырым жасап, бізді қылмыскер етіп шығаруға сізге кім құқық берді? Сізден сұрарым – біз қарсыласыңыз емес екенімізді түсініңіз, - деді сотталушы Әлиасқаров прокурор Нұрбек Құзбақовқа.

Сотталушылардың адвокаты Игорь Кирьянов сотта Ткачевке қысым жасалған деп мәлімдеді. Оның сөзінше, Ткачевке кінәсін мойындап, Әлиасқаровты қаралауды ұсынған. Прокурор Құзбақов мұны жоққа шығарып, Ткачевке қысым көрсетуім мүмкін емес деді.

Адвокат тергеу үшін Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінен маман шақыртуды талап еткен болатын. Өйткені бұған дейінгі сот отырысында сотталушы Ткачевтің әйелі ол жақтан тергеу мазмұны заңға қайшы деп санайтын кітаптар мен өзге әдебиеттерге діни сараптама нәтижелерін сұратқан. Бірақ министрлік маманы сотқа келген жоқ, ал судья дәлелді себеппен келмеді әрі "сараптама нәтижелері істе бар" деді.

Дін істері комитеті 2017 жылғы мамырдың 4-інде жолдаған жауабында "Діни сараптама жүргізу үшін сіздер ұсынған материалдар таза діни сипаттағы кітаптар емес, алайда оккультті-эзотерикалық және синкретикалық сипаты бар, ішінде діни мәтіндер кездеседі. Бірақ сараптама қорытындысына сәйкес, бұл материалдарды Қазақстан Республикасы территориясында пайдалануға тосқауыл болатындай мәліметтер мен фактілер анықталмағанын хабарлаймыз" делінген.

Айыптаушының дерегінше, Ресей соты тыйым салған төрт кітапқа жасалған діни сараптамаға қатысты екінші сауалға Дін істері комитеті бұл материалды пайдалануға және таратуға тосқауыл қоятындай мәліметтер мен фактілер анықталмады деп 2017 жылғы желтоқсанның 8-інде жолдаған жауабында да хабарлаған.

Кітаптарға ресми түрде тыйым салынбаған, бірақ өткен аптада сарапшылардың бірі мәтіндерде "ұлттық және діни алауыздықты қоздыру белгілері" және бір ұлттың екінші ұлттан "артықшылығы туралы сөздер бар" деп мәлімдеген.

"ЖИЫНДАРҒА" ҚАТЫСҚАН ПОЛИЦЕЙ КУӘГЕР

Бұл іске қатысты тергелген көптеген куәлердің бірі – полиция қызметкері Дмитрий Р. бірнеше мәрте сотқа келген жоқ. Сондықтан ол тергеуге ақыры келген кезде сотталушылардың туыстары мен жақтастары куәгерді тергеу ісіндегі көптеген жайттардың бетін ашатын шығар деп қуанып қалғандай болды. Полиция өкілінің Қарағандыда өткен жиындарға қатысқаны және тіпті даулы кітаптарды сатып алғаны анықталды. Ал Ткачев пен Әлиасқаров әлгі кітаптарды оқып, талқылағаны және таратқаны үшін істі болған. Азаттық тілшісімен әңгімелескен сотталушылардың кей туыстары "бізді әлгі полицей жиындарға қандай мақсатпен қатысты екен деген күмән мазалайды" дейді.

Ткачев пен Әлиасқаровтың ісі бойынша сот отырысы. Қарағанды, 29 қараша 2017 жыл.
Ткачев пен Әлиасқаровтың ісі бойынша сот отырысы. Қарағанды, 29 қараша 2017 жыл.

Ал полицейдің өзі сотта "2015 жылы анам қатты науқастанып қалды. Сондықтан дертіне шипа болатын биологиялық қоспалар іздей бастадым. Әлеуметтік желілерде әлдебір препараттар жайлы ақпаратты оқып отырғанда, "СССР қозғалысы" туралы деректі көзім шалды. Ткачевтің парақшасына осылай тап болдым әрі көп ұзамай онымен достасып, ол маған кітаптар жайлы айтып берді" деді. Куәгер сондықтан анасына көмектескісі келгені үшін Ткачевке деген құрметі мен ризашылығын білдіру мақсатында "Откровения людям нового века" кітабын, газеттер сатып ала бастағаны әрі олардан қызықты жайттарды тапқаны туралы баяндады. Бұған қоса, Дмитрий Р. бос уақыты болған кезде Қарағандыдағы жиындарға қатысқанын айтты.

Онда кітаптарды талқылап, өлең оқитынбыз, әңгіме-дүкен құрып, шай ішетінбіз, жиналғандар кезекпен оқитын кітапты мен де оқығанмын, онда тұрған не бар? Тергеуге шақырып әрі қандай іс бойынша шақырғандарын айтқан кезде әлгі кітаптардың көзін жоюдым

- Әлгі кітап, газеттерді бастап оқыдым да, кейінге қалдырдым. Оларды соншалықты қызығып оқыған жоқпын, бірақ болашақта оқимын деп ойладым. Іс бұлай насырға шабады деп ешкім ойлаған жоқ қой. Ол жиындарға бақылау үшін қатысқанмын, олар пікірлестер клубының отырысы сияқты өтетін. Мен әлгі клубқа емес, Михаилмен әңгіме-дүкен құру үшін баратынмын. Онда кітаптарды талқылап, өлең оқитынбыз, әңгіме-дүкен құрып, шай ішетінбіз, жиналғандар кезекпен оқитын кітапты мен де оқығанмын, онда тұрған не бар? Тергеуге шақырып әрі қандай іс бойынша шақырғандарын айтқан кезде әлгі кітаптардың көзін жоюдым, - деді куәгер Дмитрий Р. адвокаттың сұрақтарына берген жауабында.

Оның үстінен қызметтік тексеру жүргізіліп, Р.Дмитрийге "қызметіне толық деңгейде сай емес" деген ескерту жариялаған. Бірақ ол "басшылардың еркі біледі ғой" деген уәжбен шағымданбаған.

Прокурор Құзбақовтың әлгі кітаптардың мазмұны туралы сұрағына полицей оларды "мазмұны эзотериялық бағыттағы кітаптар деген дұрыс шығар" деп жауап берді. Адвокаттың "Әлгі жиындарда дін туралы әңгіме қозғалды ма?" деген сұрағына куәгер "Қозғалды деп шартты түрде айтуға болады" деді. "Өзге діндер туралы жағымсыз сөздер айтылды ма?" деген сұраққа полицей "Ондай ештеңе естіген жоқпын" деп жауап қатты. Бұған қоса, куәгер үйінде тінту жүргізілмегенін айтты. Адвокат пен сотталушылардың "Сізге бірдеңе оғаш көрінген жоқ па?" деген сұрағына куәгер Дмитрий Р."Ол кезде әлдебір тыйым жайлы мүлде білген жоқпын" деді. Бұған қоса ол "Арнайы қызмет ештеңе сұраған жоқ па?" деген сауалға "Ондай болған жоқ, әйтпесе мені жазаламас еді ғой" деп жауап берді.

Уәли Әлиасқаров пен Михаил Ткачевке "бейбітшілік пен қоғамдық тәртіпке қарсы ауыр қылмыс жасаған" және "ақпараттық-коммуникациялық желілерді пайдаланып ұлттық, діни алауыздықты қоздыруға, діни және ұлттық тегіне байланысты ерекшелігі мен басымдығын жария түрде насихаттауға бағытталған қасақана іс-әрекеттерді топ болып сөз байласып жасаған" деген айыптар тағылған. Айыптаушының мәлімдеуінше, Ткачев пен Әлиасқаров "адамдардың санасын алдап-арбап, Қазақстандағы қоғамдық пікір мен азаматтардың дүниетанымына ықпал еткен", оккульттік ұйым жақтаушыларының кездесуін ұйымдастырып, оларға кітаптар жеткізіп беріп тұрған.

Сотқа тартылғандардың жақтастары қылмыстық іс "ойдан шығарылған" деп санайды. Айыпталушылар өтініштерінің барлығы дерлік қабылданбады деп шағынады.

Сотталушылардың бірінің туыстарының өтініші бойынша сот процесін Қазақстандық адам құқығы бюросының заңгері Данияр Ахмади бақылап отыр. Бұған дейін Михаил Ткачевтің туыстары Азаттық тілшісіне бірнеше ай бұрын ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа хат жазғандарын, бірақ олардың сөзінше, ол жақтан шағым бас прокуратураға жолданды, кейін облыстық, сосын аудандық прокуратураға түсті деген "сырғытпа" жауап келгенін айтқан болатын.

XS
SM
MD
LG