Accessibility links

"Алауыздық" ісіндегі "оккульттік" ұйым аталды


Михаил Ткачев пени Уәли Әлиасқаров сотта тұр. Қарағанды, 21 қараша 2017 жыл.

Қарағанды соты "Киелі Русь жаратушыларының одағы" оккульттік ұйымының ықтимал мүшелері деп аталған екі ер адамның үстінен қозғалған "алауыздық қоздыру" туралы істі қарап жатыр. Сотталушылар – бірі прокуратураның бұрынғы қызметкері – айыптаудың мәнісін түсіндіруді талап етеді. Айыпталушылардың жақтастары қылмыстық іс "ойдан шығарылған" деп санайды.

Қамауда отырғанына сегіз ай болған 28 жастағы қарағандылық Михаил Ткачев пен Петропавлдың 66 жастағы тұрғыны Уәли Әлиасқаровты сотқа қолдарына кісен салып, күзетпен әкеліп жүр. Қарағанды соты отырысына екеуінің ондаған жақтасы мен туыстары қатысып отыр. Сотталушыларға Қазақстан территориясында ресми түрде тыйым салынбаған кітаптарды оқыды және ондағы идеяларды таратты деген айып тағылған.

"ЖҰРТТЫҢ САНАСЫН АЛДАП-АРБАҒАН"

Қарашаның 29-ы күні прокурор Ольга Кирьянова оқып берген айыптау актісіне сәйкес, Ткачев пен Әлиасқаровқа "бейбітшілік пен қоғамдық тәртіпке қарсы ауыр қылмыс жасаған" және "ақпараттық-коммуникациялық желілерді пайдаланып ұлттық, діни алауыздықты қоздыруға, діни және ұлттық тегіне байланысты ерекшелігі мен басымдығын жария түрде насихаттауға бағытталған қасақана іс-әрекеттерді топ болып сөз байласып жасаған" деген айыптар таққан.

"Араздық қоздыру" ісі бойынша сот процесі. Қарағанды, 21 қараша 2017 жыл.
"Араздық қоздыру" ісі бойынша сот процесі. Қарағанды, 21 қараша 2017 жыл.

Тергеу болжамынша, Уәли Әлиасқаров ресейлік академик Леонид Маслов құрған "Киелі Русь жаратушыларының одағы" ("Союз Сотворцов Святой Руси" - СССР) ұйымының идеяларына ерген, ұйым тарататын басылымдарды оқыған (айыптаушы "Духовный старт", "Откровения людям нового века" деген "оккульттік ғылыми жалған басылымдар мен осы аттас кітапты атады), интернеттен осы ұйымның жарнамасын үзбей қарап отырған.

Прокурор Ольга Кирьянова айыптау актісінен "Осы идеологияға елігіп әрі Планета тарихында төңкеріс жасау міндетіміз деп санаған 300 спарталықтың қатарына қосылғысы келген Әлиасқаров Масловтың идеологиясына ерген және "Киелі Русь жаратушыларының одағы" деген оккульттік, ғылыми тұрғыдан жалған, діни ұйымды жақтаушы адамға айналған" деп оқып берді.

Тергеушілер мен айыптаушының пікірінше, әлгі ағымның ықпалына түскен Әлиасқаров "діни, ұлттық өшпенділік пен араздықты қоздыруды көздейтін қастық пиғылмен өзге діндерге қатысты жағымсыз идеяларды уағыздай бастаған". Ол әлгі идеологияны ұстанатын адамдарды іздеп Ресейге барып жүрген әрі әлдебір жиындарға қатысқан, 2014 жылы ол жақта Михаил Ткачевпен танысқан. Кейін екеуі "оккульттік ағым" идеяларын Қазақстан территориясында таратуды ұйғарған. Тергеу болжамынша, Әлиасқаров Қазақстанда ағымды жақтаушылардың жетекшісі, ал Ткачев интернетте пікірлестер жиналып, сөйлесетін әлдебір қосымшаның администраторы деңгейінде модератор болуы тиіс болған. Бұған қоса, екеуі түрлі қалаларда тұратын жақтаушыларына діни кітаптарды жеткізуді ұйымдастырып тұрған, ал Ткачев Қарағандыдағы жақтаушыларына арналған жиын өткізген. Айыптаушы сотқа тартылған екеуін "адамдардың санасын алдап-арбады, Қазақстандағы қоғамдық пікір мен азаматтардың дүниетанымына ықпал етті" деп мәлімдейді.

АДВОКАТ ПЕН СОТТАЛУШЫЛАРДЫҢ УӘЖІ

Адвокат пен сотталушылар жуырда демалысқа шыққан әріптесінің орнына мемлекеттік айыптаушы ретінде жаңадан тағайындалған прокурор Ольга Кирьяноваға сенімсіздік танытып, оның процеске қатысуына қарсы екендерін мәлімдеген. Бірақ судья олардың өтінішін қабылдамай тастады.

- Мен үшін тұжырым жасауға ешкім құқық берген жоқ. Айыптау актісінде айтылғандардың бәрі бұрмаланған, олар керісінше болған. Айыптау актісінің мәнісін түсіндіріп беруін өтінейін, монолог емес, диалог түрінде сөйлесейін, сұрақтарына жауап берейін деген оймен процессуалдық прокурормен жолығуға қаншама тырыстым, бірақ өтінішіме мүлде келіспей қойды, - дейді Уәли Әлиасқаров.

- Маған, - деп жалғастырды екінші сотталушы Михаил Ткачев, - процессуалды прокурор қылмыстық істі зерттемегендей көрінеді. Оны бір күннің ішінде зерттеп шығу мүмкін емес. Айыптаушының қорытындысын неге сүйеніп жасағаны түсініксіз.

Прокурор бұған істі зерттеуге бір күн де жеткілікті болды әрі заңды бұзған жоқпын деп жауап берді.

Сотталушылардың адвокаты Игорь Кирьянов сараптама актілерін жарамсыз айғақтар деп тануды сұрайды.

- Кітаптар сараптамадан өтуі тиіс болған, сондықтан сарапшылар ол кітаптар не жайлы екенін түсінуі үшін сотталушылар әлгі кітаптардың мазмұнын түсіндіргісі келген. Сарапшылар түсініксіз ұйғарым шығарған, сараптаманы қалай жүргізгені түсініксіз. Сараптама қорытындысында әлгі кітаптар "діни оккульттік мазмұндағы" әдебиет деп көрсетілген. Бірақ ол кітаптарда жер бетінде болып жатқан жайттарды діни негізде түсіндіретін шағын ғана бөлім бар, ал күдіктілер әлдебір діни секта ұйымдастырды дегенді мойындаудан үзілді-кесілді бас тартқан, олар ғылыми-публицистикалық кітаптар оқыған. Сондықтан сарапшылардың неліктен мұндай ұйғарым шығарғаны мүлде түсініксіз, - дейді адвокат Игорь Кирьянов.

АРНАЙЫ ОПЕРАЦИЯ КЕЗІНДЕ ҰСТАЛҒАН

"Алауыздық қоздырды" деген айып тағылып отырған екі азамат биыл наурызда ұсталған. Михаил Ткачевтің туыстарының айтуынша, оның алдында күш құрылымдарының "арнайы операциясы" өтіп, олар жұрт бірге кітап оқып, өздеріне қызықты тақырыптарды талқылау үшін жиналатын әлдебір "үйірмедегі" кездесуге баса-көктеп кіріп барған. Ткачев әлгі "үйірме" мүшелерінің арасында болған.

- Біз – әлгі кітаптардың оқырмандарымыз, әуестігіміз ортақ жандармыз, кейде жиналып шай ішетінбіз. Биыл Наурыз мерекесіне орай жиналып, дастархан жайып, ғылыми-танымдық сипаттағы кітаптар оқыдық, олар Қазақстанда тыйым салынбаған әрі ашық дереккөздерде жарияланатын ақпарат. Сол мезетте бетперде киіп, автомат асынып алған адамдар баса-көктеп кіріп келіп, бәрімізді полицияға алып кетті, бірнеше сағаттан кейін ұлым Михаилдан өзгелердің бәрін босатты. Біз түсініспеушілік болар деп жорыдық. Біздің жиналуға құқығымыз жоқ па? Бізге біреулер жала жапқан деп санаймыз, - дейді сотталушы Михаил Ткачевтің анасы.

Мария Ткачева - сотталушы Михаил Ткачевтің анасы. Қарағанды, 29 қараша 2017 жыл.
Мария Ткачева - сотталушы Михаил Ткачевтің анасы. Қарағанды, 29 қараша 2017 жыл.

Михаил Ткачетің әйелі, екі жасар қызы бар. Бұрын ұзақ уақыт прокуратура органдарында жұмыс істеген зейнеткер Уәли Әлиасқаров та үйлі-баранды, бес баласы бар – үшеуі есейіп кеткен, екеуі - 9 және 11 жаста. Айыпталушылардың екеуі де жоғары білімді адамдар.

КУӘГЕРЛЕР ІСТІ "ОЙДАН ШЫҒАРЫЛҒАН" ДЕП САНАЙДЫ

Қарашаның 29-ы күні өткен сот отырысында іске қатысты ондаған куәгердің жауабын тыңдау басталды. Олардың бір бөлігі өзге қалалардан келген. Ұзаққа созылған тергеуде кей куәлер қызбалыққа салынып сөйледі.

- Әлгі кітаптарда қылмыс болатындай ештеңе жоқ. Біз оларды оқып, кей тақырыптарын талқыладық. Өзім денсаулықты қалай күтіп, ұзақ жасауға болатынын, Ғалам, махаббат туралы әлгі кітаптардан оқып білдім... Маған көп пайдасы тиді. Бұл қозғалыстың қатарында түрлі дін ұстанатын адамдар мен түрлі елдің өкілдері болды. Сонда қандай өшпенділік немесе алауыздық болуы мүмкін? Ол жерде ешқандай сектаның нышаны жоқ. Әлгі кітаптарда бір ұлт екінші ұлттан артық деген де сөз жоқ. Бұл сол кітаптарды оқымаған жандардың ойдан шығарып алғаны. Біз - дінге қатысы жоқ, ғылымға қатысы бар адамдармыз. Плакат көтеріп, қару ұстап жүрген жоқпыз. Бәріміз – бейбіт жандармыз, - деді прокурор мен адвокаттың сұрақтарына жауап берген куәгер Нина Галушко.

Прокурор әлгі кітаптардың алғашқы төртеуін Таганрог соты Ресей территориясында таратуға тыйым салғанын айтып, олар адамдардың санасына бәрібір ықпал етеді деп мәлімдеді. Қазақстанда бұл басылымдар тыйым салынған әдебиет тізіміне енбеген.

- Өзгелер тәрізді әлгі кітаптарды мен де оқыдым, оларды Мәскеуде форумдарда сатып алғанмын. Олар дінге қатысы жоқ кітаптар. Бәріміз жоғары білімді, жасы келген адамдармыз, сондықтан өзімізді ақымақ еткізіп қояды деп ойлайсыздар ма? Жаман мен жақсыны айыруға бәріміздің ақылымыз жетеді. Не болса соған көзсіз сене бермейміз. Біз - пікірлестерміз, клуб мүшелеріміз. Оларды айыптап жатқаны түсінбестік, адамдарға деген сүйіспеншілікті оятудан басқа олар ешқандай алауыздық немесе өшпенділік қоздырған жоқ, - деді сотта куәгер Лариса Колесова.

Сотталушылардың туыстары мен пікірлестерінің Азаттыққа айтуынша, алты ай бұрын олар Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа хат жазған, бірақ жауап келмеген.

Кейінгі екі жылда Қазақстанда ондаған азамат "ақпараттық-коммуникациялық" ресурстарды (әлеуметтік желілерді көбінесе осылай атайды) пайдалану арқылы "өшпенділікті өршіткен", "араздық қоздырған" деген айыптармен сотталған. Олардың арасында Қазақстан билігі "дәстүрлі емес" деп санайтын діни ағым өкілдері, блогерлер, журналистер, азаматтық белсенділерді де жазалаған. "Араздық қоздыру" айыбымен қылмыстық жауапқа тартылғандардың кейбірі түрмеге қамалған.

Былтыр Еуропарламент Астананы қылмыстық кодекстің "Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық немесе діни алауыздықты қоздыру" туралы 174-бабын қайта қарауға шақырған. Бұған дейін Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымы осы бапқа халықаралық нормаларға сәйкес өзгерістер енгізу үшін Еуропа одағынан Қазақстан билігіне ықпал етуін сұраған.

  • 16x9 Image

    Елена ВЕБЕР

    Елена Вебер - шығармашылық псевдоним. Елена - 2010 жылдан бері Азаттықтың Қарағанды облысы бойынша тілшісі. Теміртау қаласында тұрады. ҚарҰУ-дің филология факультетін бітірген.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG