Accessibility links

Ислам діні туралы "әңгімелесу" 174-баппен айыптауға ұласты


«Діни араздық қоздырды» деп айыпталған Қуаныш Башпаевтың суреті. Фотографияны айыпталушының адвокаты Бауыржан Азанов берді.

Павлодарда Сауд Арабиясының Медина ислам университетінің магистранты Қуаныш Башпаевты діни алауыздықты қоздырды деген айыппен соттап жатыр. Жапа шеккен имамның өтініші бойынша сот жабық режимде өтеді.

ИСЛАМ ТУРАЛЫ ӘҢГІМЕЛЕСУ

30 жастағы Қуаныш Башпаевты өткен жылдың қазан айында Астанада тұтқынға алды, ол Сауд Арабиясынан ұшып келген. Соңғы 10 жылда ол Мединада тұрып, «әл-Жамия әл-Исламия» ислам университетінде оқыды, өзінің айтуынша «муфассир» (Құранды түсіндіруші) мамандығы бойынша магистратурада оқыған. Бұған дейін «хадистанушы» мамандығы бойынша осы университеттің бакалавриатын бітірген.

Қуаныш Башпаев Павлодар облысы Екібастұз қаласының тумасы, басында жергілікті мешіттен діни білім алған. Енді ол жарты жылдан бері Павлодардың тергеу изоляторында жалғыз кісілік камерада отыр, өзіне тағылған айыпты мойындамайды.

Қорғаушысы Бауыржан Азановтың айтуынша, «Қуаныш Башпаев бұрынғы СССР аумағында, тіпті Еуропада теолог ғалым, дін маманы ретінде танымал», араб тілін еркін меңгерген, Құранды жатқа біледі. Үйленген, алты баласы бар, қазір олардың бәрі Қазақстанда. Қорғаушының сөзінше, айыпталушы өзін «салафпын» дейді.

Башпаевтың экстремистік қылмыс жасағанын дәлелдейтін бірде-бір айғақ жоқ.

- Тергеу органдары қылмысқа бір дәлел келтіре алмады. Башпаевтың экстремистік қылмыс жасағанын дәлелдейтін бірде-бір айғақ жоқ. Достарымен кафеде немесе асүйде Құран сүрелерін талқылайды деп айыпталды, - дейді қорғаушысы Бауыржан Азанов.

Айыптауға діни танымдық сараптама себеп болған, қорғаушы «оны діннен алыс, зайырлы білім алған адамдар жасады» дейді. Азанов қорғауындағы адамның интернет қолданбайтынын, оның даусы жазылған аудио жазбаларды түрлі сайттарға кімнің, қалай салғанын білмейтінін айтты. Бұл жазбалар 2011-2012 жылдары Қуаныш Башпаев Қазақстанға келген кезде жасалса керек. Діни араздық қоздыру туралы 174-бап Қазақстанда екі жыл бұрын пайда болды.

- Тергеу аудиожазбаларды «дәрістер» дейді, біз әңгімелесу дейміз: ол университет студенттері алдында оқыған жоқ қой. Жазбалардан ыдыс-аяқтың даусы естіледі. Біреу: «Бізге мынандай аятты айтшы» дейді, ол соны түсіндіреді. Сосын бәрін жазып алып, интернетке салады. Бұл жазбалар бұрыннан тұрған екен, ол Сауд Арабиясында тұрғандықтан бұл туралы білмеген, - дейді адвокат Бауыржан Азанов.

Адвокат Бауыржан Азанов.
Адвокат Бауыржан Азанов.

Оның айтуынша, жапа шегушілер, діни адамдардан құралған куәгерлер Қуаныш Башпаевтың қандай сөзі діни алауыздық тудырғанын көрсете алмайды, тек соның белгілерін айтады.

- Неліктен сот жабық режимде өтіп жатыр? Бұл - 174-бап, онда мемлекеттік құпия жоқ, жыныстық қылмыс емес... Сотты жабуға негіз жоқ, бірақ олар жауып қойды, себебі Алматыдағы жапа шегуші имам сот жабық өтсін деп өтініш жазған. Ол қауіпсіздік шарасын сұрады, кімнен және неден қорқады? Өзі сотқа келмейді, - дейді адвокат Бауыржан Азанов.

Ол клиентінің басындағы жағдай қазір Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) тергеп жатқан Сауд Арабиясындағы «төрт студенттің» ісі екенін айтады. Олардың әрқайсысына «діни араздық тудырды» деген айыппен Қазақстан қылмыстық кодексінің 174-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған.

СОТТАЛУШЫ ТАҒЫЛҒАН АЙЫПТЫ МОЙЫНДАМАЙДЫ

Павлодар облысындағы ҰҚК департаментінің айыптау актісі бойынша Қуаныш Башпаевқа қатысты қылмыстық іс сотталушының «ВКонтакте» әлеуметтік желісіндегі аудио дәрістері негізінде қозғалған, оларда «дінаралық араздық қоздыру белгілері» болуы мүмкін.

Павлодар облысы ҰҚК департаментінің болжамынша, Қуаныш Башпаев «қазіргі мұсылмандарды Мұхаммед пайғамбардың заманындағы көп құдайға табынушылармен салыстырып, көп құдайға табынушы азаматтарды өлтіруге болатыны» туралы айтқан. Тергеудің айтуынша сотталушы иудейлер, христиандар мен басқа да өзге дінге сенушілерді теріс сипаттап, оларды дінсіздер деп атаған; Қазақстандағы «халықтық исламды» ұстанатын мұсылмандардың теріс бейнесін қалыптастырып, олардың діни сезіміне тиіскен, «сопыларға» деген жеккөрініш тудырған».

Мешіттегі уағыз. (Көрнекі сурет)
Мешіттегі уағыз. (Көрнекі сурет)

Павлодар облысының ҰҚКД айыптау актісінде «15.04.2016 ж. № 2605 сарапшылардың қорытындысы бойынша: «Абдуррахим Абу Ибрахим — Мұсылман, жаңа жылды тойлауды тоқтат!“» деп аталатын файлда, «Абдуррахим Абу Ибрахим — Ашариттер мен матрудиттерге дәреже жолдау(Әхлі сүнне)», «Абдуррахим Абу Ибрахим —Әл-матрудия сектасының сенімінің адасқанына қысқаша түсініктеме» файлдарында діни араздық қоздыру белгілері, бір адамдардың екінші адамдардан артықшылықтарын насихаттау, дінге көзқарасы бойынша азаматтардың кемшілігі мен артықшылығы туралы баяндау бар. Диск мәтінінде айтылған идеялар исламдағы ваххабиттік түсініктің салафиттің бағытына жатады» деп жазылған.

Онда Башпаевтың өз айыбын мойындамайтыны, дәрістерді «әңгімелесу» деп атайтыны, оларды 2011 жылы Алматыдағы кафелердің бірінде өткізгені жазылыпты. Тергеу анықтағандай тағы біраз әңгімелер үш жыл бұрын Екібастұз мешітінде айтылған. Айыптау актісінде Башпаевтың әңгімелерін еш жерде жарияламағаны және оны кімнің жариялағанын білмейтіні, аудиожазбалардың өз әңгімесінен алынған үзінділер екенін мойындайтыны айтылған.

Ары қарай айыптау актісінде имамдар, теологтар мен дінтанушылар сияқты біраз куәгердің пікірі берілген. Олардың біразы Башпаевтың интернеттегі дәрістері «ҚМДБ ұстанымдары мен діни бағытына қайшы», уағыз айту үшін аталған мекемеден рұқсат алмаған деген.

Айыптау актісінде ҰҚКД тергеушісі 2015 жылы Астанада бесінші рет өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер съезін еске алады.

Онда «Башпаев мұсылмандар мен әлемдік дін өкілдері арасындағы диалогты мойындамай, соңғыларын қорлайды, ол Қазақстанда түрлі халық өкілдері, этностар, конфессиялар еліміздің аумағында бір-біріне төзіммен қарап, бейбіт өмір сүруі керек деген қағидаға теріс қарайды» деп жазылған.

Minbar.kzсайтында Башпаевтың фамилиясы адасқан ғалымдар мен уағызшылар тізіміне енгізілген, сайт мұсылмандарға оның сөздерін тыңдамауға, жазбаларын оқымауға кеңес береді.

Мақаланы орыс тілінен аударған – Динара Әлімжан.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG