АҚШ вице-президенті Майк Пенс елде ресми сапармен жүрген Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесіп, Қазақстанның АҚШ-тың Оңтүстік Азиядағы стратегиясын қолдайтынын талқылады. Тараптар бұған қоса АҚШ пен Қазақстан компаниялары арасында серіктестік орнату және ядролық қаруды таратпау мәселесін де қозғады.
Ақ үйдің хабарлауынша, Вашингтонда 17 қаңтарда өткен кездесуде вице-президент Пенс Қазақстанның коррупциямен күрес, азаматтық еркіндіктерді құрметтеу, әсіресе діни еркіндіктерді қорғаудағы міндеттерін орындауының маңызды екенін айтқан.
Ал Қазақстан президенті әкімшілігінің Назарбаевтың Пенспен кездесуі туралы 17 қаңтарда таратқан хабарламасында келіссөзде «екі жақты ынтымақтастық мәселелері» талқыланғаны айтылады. Ақорданың ақпаратына қарағанда, Назарбаев пен Пенс «Қазақстан мен АҚШ арасындағы саяси және экономикалық қарым-қатынас ауқымын бұдан ары да кеңейтіп, нығайтудың маңызды» екенін айтқан.
Нұрсұлтан Назарбаевты 16 қаңтар күні Ақ үйде АҚШ президенті Дональд Трамп қабылдаған. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қазақстанды СССР ыдырап, тәуелсіздік алған жылдан бері үзіліссіз басқарып келе жатқан Назарбаев билігін өзгеше ойлайтындарды басып-жаныштап, адам құқықтарын аяққа таптап отыр деп сынайды.
Трамп журналистерге арналған брифингінде Қазақстанның аймақтық қауіпсіздік мәселелерінде АҚШ-тың маңызды серіктесі екенін айтқан. Осы кездесу қарсаңында қазақстандық сарапшылар Назарбаевтың сапарында экономика мен аймақтық қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық жайы талқыланады деп пайымдап, елдегі адам құқықтары мәселесінің көтерілетініне күмән келтірген.
Оқи отырыңыз: "Демократия мен адам құқығы айтылмайды"
Қаңтардың басында Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде төраға қызметіне кіріскен. Астана кеңеске 31 қаңтарға дейін төраға болады. Қазақстан сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, 18 қаңтарда Нью-Йоркте Назарбаев БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде жаппай қырып-жою қаруын таратпау мәселесіндегі сенім шаралары туралы брифинг өткізбек.