Accessibility links

"Демократия мен адам құқығы айтылмайды"


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік ұшақтан түсіп келе жатыр.

Қазақстандық сарапшылардың пайымдауынша, президент Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-қа сапарында демократия мен адам құқығы мәселелері талқылануы екіталай. Мамандар “АҚШ президенті Дональд Трамп пен Назарбаев Ұлттық қордың америкалық банкте "бұғатталып жатқан" ақшасы сөз етуі ғажап емес” дейді.

Қазақстан тәуелсіздігін жарияламай тұрып елді басқарған Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттігі кезінде АҚШ-та бес президент ауысты. Сарапшылардың пікірінше, АҚШ-Қазақстан байланысының 26 жылдық тарихын идиллия әрі сәтті деп айтуға келмейді. Екі ел арасында біраз салқындық болған.

Ақ үй Назарбаевтың АҚШ-қа сапары қарсаңында таратқан мәлімдемесінде “тараптар аймақтық қауіпсіздік және экономикалық ынтымақтастық саласындағы стратегиялық әріптестікті кеңейту" мәселелерін талқылайтын деген.

НАЗАРБАЕВТЫҢ САПАРЫНА ҚАТЫСТЫ БОЛЖАМДАР

Қаңтардың басында Назарбаевтың АҚШ-қа сапарына қатысты қазақстандық саясаттанушы әрі "Қазақстан" мемлекеттік телерадиокорпорациясы басшысы Ерлан Қарин “бұл сапар аса маңызды оқиға болмақ. Өйткені Қазақстан басшысы - Трамп кездесу өткізетін алғашқы шетел басшыларының бірі " деген еді биылғы жылға меңзеп.

- Бұл сапар АҚШ үшін де маңызды. Өйткені Ақ үй жуырда Ауғанстанға қатысты жаңа стратегия әзірлейтінін хабарлаған. Бұл мәселе бойынша Қазақстан нақты ұсыныстар жасаған жоқ. Бірақ еліміз аймақтағы жағдайға белсенді араласып келеді, - дейді Ерлан Қарин.

Ерлан Қариннің пікірінше, “кездесу қалай өтсе де, екі ел қатынастары үшін жағымды әсері болады деп сенімді түрде айтуға болады”.

Трамп пен Назарбаев.
Трамп пен Назарбаев.

"Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қоры" төрайымы Зәуреш Батталованың айтуынша, Батыс елдері үшін бірінші кезекте экономикалық мәселелер маңызды. Ал табиғи ресурстарға бай Қазақстанды олар үлкен бизнес жүргізуге қолайлы ел ретінде қарастырады.

- Мемлекеттік қарым-қатынастар аясында көбінесе экономикалық мәселелерге басымдық беріледі. Ал адам құқығы әрдайым екінші деңгейде қалып қояды. Дипломатиялық миссиялармен кездескен кезде Қазақстанға қатысты екіжүзді стандарт ұстануды доғаратын кез жетті. “Адам құқығы бірінші орында болуы тиіс. Ал елде адам құқығы өрескел бұзылып жатса, ең әуелі осы жайлы айтуға тиіссіздер, ал сіздер өздеріңіздің экономикалық мүдделеріңіз бен пайдаларыңызды ойлап бұл жағына көбінесе көз жұма қарайсыздар” дегенді оларға үнемі айтып жүрмін, - дейді Зәуреш Батталова.

Ол Назарбаевтың АҚШ-қа сапары кезінде құқық қорғау ұйымдары Қазақстандағы адам құқығы ахуалына қатысты мәселелерді қозғап, саяси тұтқындарды босатуды талап етуі тиіс деп санайды. Батталова, бірінші кезекте, саяси тұтқын деп денсаулығы сыр берсе де түрмеде отырған Мұхтар Жәкішев, Арон Атабек және Вадим Курамшинді атады.

АҚШ президенті Дональд Трамп пен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2017 жылы Сауд Арабиясындағы саммитте кездескен сәті.
АҚШ президенті Дональд Трамп пен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2017 жылы Сауд Арабиясындағы саммитте кездескен сәті.

​Саясаттанушы, Орталық Азияда демократияны дамыту қорының бас директоры Толғанай Үмбетәлиеваның сапарға қатысты түрлі болжамдары бар.

- Күн тәртібіне Ресей президенті Путиннің өтініштері де енгізілуі мүмкін. Оның үстіне, халықаралық процестерде Қазақстан үнемі "араағайын" болғысы келіп жүреді ғой. Демократия мен адам құқығы мәселелері кездесуде басты тақырыптар болмайды. Бұл - тым шетін мәселе, - дейді Толғанай үмбетәлиева.

"БҰҒАТТАЛҒАН" 22 МЛРД ДОЛЛАР МӘСЕЛЕСІ ҚОЗҒАЛА МА?

Зәуреш Батталованың пайымдауынша, Қазақстан билігі қомақты қаржы бөліп, Батыс елдерінде мықты лоббизм жүйесін құрып алды. Сондықтан сапар барысында Астана молдовалық бизнесмен Анатол Стати мен оның компанияларының Қазақстан үкіметіне қарсы талап-арызына байланысты бұғатталған 22 миллиард долларды босату жолын іздеуі мүмкін.

Толғанай Үмбетәлиеваның пікірінше, сапар барысында америкалық New York Mellon банкінде "бұғатталып жатқан" Қазақстан ұлттық қоры ақшасына қатысты жағдай да “талқыланады”.

Шетелге шикізат сатудан түскен ақша жиналатын ұлттық қордың 40 пайызға жуығы былтырғы қазанда бұғатталған. Қазақстан Стати компаниялары Стокгольмнің арбитраж сотында жеңгеннен кейін салынған шектеулерді алдырып тастауға тырысқан. Бірақ бұл әрекеттерінен түк шықпаған.

Оқи отырыңыз: Бұғатталған 22 млрд доллардың салдары қандай болмақ?

Жуырда Қазақстан әділет министрлігі Астананың “қарсы тарап мүдделеріне пайдалануы мүмкін” әрі “елге кесірі тиіп кетеді” деген уәжбен бұдан былай бұғатталған миллиардқа қатысты комментарий бермейтінін мәлімдеген.

"ЕКІ ЕЛ АРАСЫНДА САЛҚЫН КЕЗЕҢДЕР БОЛҒАН"

Толғанай Үмбетәлиеванің сөзінше, екі ел арасында салқын, дүрдараз кезеңдер болғанына қарамастан Қазақстан тәуелсіздігін алғашқылардың бірі болып мойындаған АҚШ Астананың негізгі стратегиялық әріптесі. Оның сөзінше, екі елдің арасы Вашингтон демократия мен адам құқығы мәселелеріне мән берген кезде суыған.

- Алғашқы кезде екі ел арасын адам құқығы және демократия мәселелері, бұған қоса, "Қазақгейт" ісі біраз бұзды. Өйткені Қазақстан басшылығы халықаралық беделін бәрінен маңызды санайды ғой. Қазақстан беделін демократия құндылықтарының арқасында арттыра алмайтынын түсінеді. Сондықтан экономикалық жетістіктер көбірек айтылады, бірақ әлгі жетістіктің құны қандай екені баршаға, оның ішінде АҚШ-қа да аян. 2000 жылдардың басында постсоветтік кеңістіктегі кей елдерді шарпыған түрлі-түсті революцияларды АҚШ ұйымдастырды деген күдікті ойлар Вашингтонмен қатынас орнатуға ұмтылған Қазақстан басшылығының аптығын біраз басты, - дейді Толғанай Үмбетәлиева.

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кеңесшісі америкалық Джеймс Гиффеннің қатысы бары анықталған "Қазақгейт" жанжалы 2000 жылдардың басында шыққан еді. Ол кезде Қазақстанның жоғары лауазымды шенеуніктерінің Швейцария банктеріндегі есеп-шоттарында жатқан күмәнді ақша жайлы қоғам біліп қойған. Кейінірек әлгі ақша Қазақстанға қайтарылып, сол қаржыға "Бота" қайырымдылық қоғамдық қоры құрылған.

Оқи отырыңыз: "Қазақгейт" ісі

Үмбетәлиеваның сөзінше, Астана "Қазақгейт" жанжалынан кейін "Мәскеумен тым жақындаса бастады". Ал бұл жылдары АҚШ көбінесе бақылаушы позициясын ұстанды. Мәскеу Қырымды аннексиялап алып, Ресей Украинаның шығысындағы жанжалға киліккеннен кейін Кремльдің сыртқы саясаты "үлкен сұрақтар тудырды". Осы тұста АҚШ өз саясатын қайта қарап, "белсенділігін жандандыра" бастады.

Барак Обама мен Нұрсұлтан Назарбаев 2013 жылы Санкт-Петербургте өткен G20 саммитінде кездесіп тұр.
Барак Обама мен Нұрсұлтан Назарбаев 2013 жылы Санкт-Петербургте өткен G20 саммитінде кездесіп тұр.

Толғанай Үмбетәлиеваның айтуынша, демократия мен адам құқығы мәселелерін маңызды санаған АҚШ-тың бұрынғы президенті Барак Обама әкімшілігі тұсында Қазақстандағы саяси режимнің “ерекшеліктеріне” байланысты Астанамен қарым-қатынасы салқын болған.

- Қазір АҚШ-та өзі де америкалық демократияға "қатер төндіреді" деп саналатын жаңа басшы отыр. Қазақстан билігі үшін Трамп – бизнес өкілі, онымен келіссөз жүргізу оңай, - дейді Толғанай Үмбетәлиева.

АҚОРДАНЫҢ - ЖАЛҒЫЗ, АҚ ҮЙДІҢ БЕС ҚОЖАЙЫНЫ

1990 жылы 24 сәуірде Қазақстан президенттігіне сайланған Нұрсұлтан Назарбаев елді сол уақыттан бері үзбей басқарып келеді. АҚШ-та бұл кезеңде бес президент ауысты әрі Билл Клинтон, Джордж Буш және Барак Обама екі мерзім президент болды.

Оқи отырыңыз: Назарбаевтың кешкі асы және Борат бейнесі

АҚШ-тың 45-президенті қызметіне кіріскеннен бері Трамп Назарбаевпен екінші рет кездеспек. Екеуінің алғашқы кездесуі былтыр мамырда араб мемлекеттері саммиті аясында өткен. Екі ел басшылары телефон арқылы бірнеше рет сөйлескен. Сондай әңгімелердің бірінен кейін америкалық БАҚ-"әлемдегі ең ұзақ билікте отырған деспоттардың біріне тәнті екенін айтқан" Трампты қатты сынаған.

Фотогалерея: Назарбаев және АҚШ-тың бес президенті

АҚШ-тағы құқық қорғау ұйымдары Астананы еркіндікті шектеп, адам құқығын таптап отыр деп сынаған баяндамалары мен есептерін жыл сайын жариялайды. Бірақ АҚШ - Қазақстан экономикасындағы негізгі инвестор елдердің бірі. Президент Назарбаевтың сөзінше, Қазақстанда АҚШ-тың қатысуымен 500-дей компания жұмыс істейді, оның 140-тан астамы– екі елдің бірлескен жобасы.

Назарбаевтың биылғы АҚШ-қа сапары 16-18 қаңтар аралығына жоспарланған.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG