Accessibility links

Қауіпсіздік Кеңесі төрағалығынан Қазақстан не ұтады?


БҰҰ бас хатшысы Антониу Гуттериш (сол жақта) пен Қазақстанның БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Қайрат Омаров. Нью-Йорк, 9 қаңтар 2017 жыл.

Қазақстан биылғы қаңтарда БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық етеді. Астана мұны әлемдік деңгейде қол жеткізген кезекті жетістігі ретінде көрсетеді. Жергілікті сарапшылар "халықаралық кикілжіңдерде нақты позициясы жоқ Қазақстанның төрағалық етуі ешқандай нәтиже бермейді" деп есептейді.

ҚАУІПСІЗДІК КЕҢЕСІНІҢ ТҰРАҚСЫЗ МҮШЕСІ

Қазақстан жаңа, 2018 жылдың қаңтар айы бойы Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы міндетін атқарады. Қазақстан сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, Қауіпсіздік Кеңесіндегі төрағалығы жұмысының алғашқы күні Қазақстанның БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Қайрат Омаров Кеңес мүшелерін төрағалықтың басымдықтарымен және Кеңестің қаңтар айындағы жұмыс бағдарламасымен таныстырған.

Астана Қауіпсіздік Кеңесі төрағасы қызметіндегі басымдықтары ретінде ядролық қарусыз әлемді жақындату; жаһандық соғыс қатерін болдырмау және жергілікті жанжалдарды реттеу; аймақтық қауіпсіздік пен ынтымақтастықты нығайтуда Орталық Азияның мүдделерін ілгерілету; терроризмге қарсы күрес және өзге мақсаттарды атап отыр. Қаңтардың 18-і күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі мүшелерінің "Жаппай қырып-жою қаруын таратпау: сенімді нығайту шаралары" тақырыбында жоғары деңгейдегі тақырыптық пікірталас өтеді деп жоспарланған. Сонымен бірге Қазақстан сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахмановтың төрағалығымен "Қауіпсіздік пен дамудың өзара тәуелділігінің үлгісі ретінде Ауғанстан мен Орталық Азиядағы аймақтық серіктестікті құру" тақырыбында жарыссөз, ал айдың соңына қарай Таяу Шығыс мәселесі бойынша тоқсандық пікірталас өткізілмек.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ Бас Ассамблеясы сессиясында сөйлеп тұр. Нью-Йорк, 28 қыркүйек 2015 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ Бас Ассамблеясы сессиясында сөйлеп тұр. Нью-Йорк, 28 қыркүйек 2015 жыл.

Қазақстан билігі БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық етуін ел тәуелсіздігін жариялағалы бері өткен кезеңде халықаралық деңгейде қол жеткізген кезекті жетістігінің айғағы деп атайды.

Биыл қаңтардың 2-і күні Қазақстанның БҰҰ-ға мүше болып қабылданғанына 26 жыл толды.

"ҰСТАНЫМЫ ТАЙҒАНАҚ ТӨРАҒА"

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне Қазақстанның төрағалық етуін қазақстандық сарапшылар әрқилы бағалайды. Саясаттанушы Айдос Сарымның пікірінше, кеңеске төрағалық ету – мәртебе болғанымен, одан ешқандай пайда келмейді. Сарапшы бұл мандатты Қазақстан үшін өзін насихаттауына мүмкіндік деп қана қабылдайды әрі төрағалық қызмет әлемдегі ахуал нашарлаған сәтке тап келгені Қазақстанды тығырыққа тірейді деп есептейді.

Айдос Сарым.
Айдос Сарым.

- Бақылаушы ұйымда отырғандықтан белгілі бір көзқарасты жақтау, қандай да бір тарапты қолдау тәрізді мәселелер қайта-қайта шыға береді. Ал Қазақстанның нақты бір ұстанымы жоқ. Украина, Сирия, Иерусалим мәселелеріне қатысты әлемдік саясатта қырғи-қабақ соғыстары күшейіп, дау-жанжал өршіген сәтте Қазақстан көзқарасы қайшы тараптардың бірінің сөзін сөйлеуге мәжбүр болады, ал бұл – біз үшін қауіп, - дейді ол Азаттыққа.

Сарапшы Қазақстан төрағалық кезеңде өзін Ресейдің ықпалынан арылған, кемшіліктері болса да, сара жолын қалыптастырған ел ретінде көрсетуі керек деп санайды.

Қазақстанның философиялық, адамгершілік тұрғыдағы ұстанымының болмауы төрағалықта үлкен бір нәтиже шығаруға мүмкіндік бермейді

- Мәселен, Украина жерінің Ресейге өтіп кетуі халықаралық заңнамаларға анық қайшы. Қазақстан осыны ескерген мемлекет болса, бұған үзілді-кесілді қарсы шығуы керек еді. Бірақ БҰҰ-да дауыс беру кезінде Ресей жағына шығып кетті. Олар бізді посткеңестік ел ретінде қабылдамауы үшін заңды шешімдер айтуымыз қажет. Ал Қазақстанның философиялық, адамгершілік тұрғыдағы ұстанымының болмауы төрағалықта үлкен бір нәтиже шығаруға мүмкіндік бермейді, - дейді ол.

Саясаттанушы Қазақстан әлемдік мәселені шешуге келгенде қауқарсыз екенін айтады. Оның сөзінше, мүддесі қайшы ірі елдерге Қазақстанның сөзі өтпейді: Иранға араласып, Солтүстік және Оңтүстік Кореяларды табыстырып, Ресейге "Украинадан кет" дей алмайды.

- Үлкен елдердің ойнына араласатындай біздің әлемдік экономика мен әлемдік еңбек бөлінісіне қосатын қандай да бір үлесіміз көп емес. Біз - шикізат шығаратын автократиялық елміз. Оның үстіне Қытай мен Ресейдің мүддесіне тәуелдіміз, - дейді Сарым.

Ол "Қазақстан төрағалықтан нақты бір нәтиже көргісі келсе, аймақтық мәселені алып, соны шешуі тиіс" деп есептейді.

- Бізде Арал мәселесі мен трансшекаралық өзендер мәселесі бар. Төрағалық ету мүмкіндігін дұрыс пайдаланамыз десек, аймақтағы мәселені шешіп, сондай қарарға қол қойдырып алу керек. Мәселен, көршілерімізді су мәселесінде ымыраластыққа тартқанымыз дұрыс, - дейді ол.

"МАДАҚ ЕСТУ МОТИВІ"

Қазақстанда сот шешімімен жабылған Қазақстан коммунистік партиясының бұрынғы жетекшісі, оппозициялық саясаткер Серікболсын Әбділдиннің пікірінше, Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық етуді мәртебе көру - қателік, өйткені ол – Кеңестің уақытша мүшелерінің бәрі атқаратын қызмет. Ол Кеңеске төрағалық етуден Қазақстанға нәтиже келетініне күмәнданады.

Серікболсын Әбділдин.
Серікболсын Әбділдин.

- Назарбаев өткен жылы жасаған үндеуінде де, оған дейін де ядролық қарудан бас тартуды алға тартып келеді. АҚШ та, Ресей де әлемде қазіргідей жағдайлар болып жатқанда біздің президенттің сөзіне құлақ аспайды. Назарбаевтың халықаралық аренаға шығуға жиі ұмтылыс жасауының астарында өз басын көпіртіп мақтап-мадақтату мотиві ғана жатыр, - дейді ол.

Ал экс-дипломат Қазбек Бейсебаев "төрағалық мандатқа ұмтылыс жасауы – Қазақстанның сыртқы саясаттағы қателігі" деп санайды.

- Біз ұйымға кірдік, төраға болуға ұмтылыс жасадық, дауыс беретін елдермен кездестік. Енді не болды? Қазір бейбіт заман емес. Мүдделер қайшылығы бар. Біз бұрынғыдай нейтралитет қалпымызда отыра алмаймыз. Қалаған сәтте сөйлеп, кейде тыс қалу еркінен айырылдық. Осылайша, екі айдаһардың арасында қалдық, сол бізге керек пе? Төрағалық ету кеудемізді қаққаннан басқа ештеңе бермейді, - дейді ол.

Қазбек Бейсебаев.
Қазбек Бейсебаев.

Қазбек Бейсебаевтың пікірінше, Қазақстан ең алдымен экономикалық тәуелсіздікке қол жеткізуі керек.

- Соңғы жылдары Қазақстанның Ресейге тәуелділігі күшейіп кетті, бензинді әлі солардан сатып аламыз. Экономикада әлі мақтанатын ештеңе жоқ, - дейді ол.

Экс-дипломат "Қазақстанда сыртқы саясат жоқ – біз басты назарды Орталық Азияға аударуымыз керек" дейді. Мысалы, Қауіпсіздік Кеңесіндегі төрағалықтың жеті мақсатының біріне кіретін "Африкадағы елдерге көмектесу миссиясының Қазақстанға қажеті жоқ" деп санайды ол.

Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық етуі қаңтардың 31-іне дейін жалғасады.

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты бес мүшесі және екі жыл мерзімге сайланатын тұрақты емес 10 мүшесі бар. Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі қызметіне өткен жылғы қаңтар айынан бастап кіріскен болатын.

  • 16x9 Image

    Аян ҚАЛМҰРАТ

     

    Аян Қалмұрат - Азаттықтың Алматы бюросында 2017 жылдан бері тілші. Тұран университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Бұрындары 7kun.kz ақпарат агенттігі мен "Жас Алаш" республикалық қоғамдық-саяси газетінде жұмыс істеген. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG