Accessibility links

Трамптың Назарбаевпен әңгімесі күдікке ілік болды


АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Дональд Трамп.

Дональд Трамп Нұрсұлтан Назарбаевпен алғаш рет телефонмен сөйлесті. Трамптың кей ел басшыларымен телефон әңгімелері жайлы хабарларға қатысты батыс баспасөзі күмән білдірген пікірлер жариялады.

ДҮНИЕЖҮЗІЛІК ДЕМОКРАТИЯ ДӘУРЕНІ БІТТІ МЕ?

Америкалық Washington Post басылымы «Трамптың қазақстандық диктатордан үйренері бар» деген мақаласында АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Дональд Трамп пен Нұрсұлтан Назарбаевтың жақында болған телефон әңгімесі туралы жазған. Қазақстан президентінің баспасөз қызметі мазмұнын жариялаған екеуара әңгімеде Назарбаевтың Трампты президенттік сайлаудағы жеңісімен құттықтағаны, өз кезегінде Трамптың Назарбаевты Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығымен құттықтап, Назарбаевтың басшылығымен «Қазақстанның «ғажап» деп атауға тұрарлық таңғаларлық табыстарға жеткенін» айтқаны баяндалған. Бірқатар батыс газеттері мұндай хабарламаға күмәнмен қарайды.

«АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Дональд Трамп пен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ортақ сипаты бар: екеуі де заттарға өз есімін бергенді ұнатады. Трамп мұнара, стейк, университет пен 75 доллар тұратын шарапты («Трамп» қонақүйінде беріледі) өз құрметіне атаған. Ал Назарбаевтың құрметіне белгіленген мереке күні бар, оның суреті ақшаға басылды және парламент астана атауын да оның құрметіне өзгерткісі келеді», - деп жазады Washington Post.

«Көптеген аймақтық талдаушылар Қазақстан коммунистік партиясының бұрынғы басшысы, тәуелсіздік алғаннан бері елді билеп отырған Назарбаевтың Орталық Азиядағы өзге постсоветтік елдерге зиян тигізгендей этникалық және экономикалық қиындықтарға ұрынбай келе жатқанын кереметке балайды. Мұсылмандар басым [тұратын], ширек ғасыр ішінде толқулар мен репрессияларды өткерген аймақта Назарбаев Қазақстанның тұрақтылығын мақтан тұтады. Бірақ үйдегі ол тыныштық демократияның есебінен орнаған», - деп жазады Washington Post газетіндегі мақала авторы Давид Филипов.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Токио, 7 қараша 2016 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Токио, 7 қараша 2016 жыл.

Америкалық New York Times басылымы «Трамптың әлемдік жетекшілерге жасаған ұшқалақ қоңыраулары дипломаттарды шошытты» атты мақалада Трамп пен Назарбаевтың әңгімесіне қатысты «Трамп әлемдегі ең ұзақ билікте отырған деспоттардың бірі – Қазақстан президентіне сүйсінетінін айтты» деп жазған.

Англиялық Guardian газеті «Жер жаһандағы диктаторлар Трамптың жеңісіне шаттанады» деген мақалада әлемдегі демократияның жағдайына талдау жасаған. «Соңғы онжылдық бедерінде жыл сайын әлемде демократия әлсіреп барады. Әлемнің бар аймағында демократиялық реформаторлар әккі деспоттар мен жалған демократтардан жеңіліп жатыр... Дональд Трамптың Ақ үйге басшылық етуі демократияның құрдымға кетуін тездетуі мүмкін» деп жазады басылым.

«Трампты тыңдаған деспот басшылар көптеген жауыздық іс-әрекеті жазасыз қалады деп сенетін болар... Қырғи-қабақ соғыс аяқталғаннан бергі кезеңдегі дүниежүзілік демократияны қара түнек басқан онжылдық одан сайын түнере түсуі мүмкін», - деп қорытады Guardian.

НАЗАРБАЕВПЕН ӘҢГІМЕ

Америкалық Foreign Policy журналы «Ресейге жанама есік іздеген Трамп Орталық Азияға хабарласты» деген мақалада Дональд Трамптың сәрсенбіде телефон арқылы Орталық Азия жетекшілерінің бірі Нұрсұлтан Назарбаевпен алғаш рет сөйлескеніне тоқталған. Әңгіме барысында терроризм, ядролық қаруды таратпау және Мәскеумен қарым-қатынасты жақсарту жайы талқыланғаны хабарланған.

«Жылжымайтын мүлік магнаты сөйлескен Орталық Азиядағы алғашқы басшы – Назарбаев және бұл әшейін кездейсоқтық емес. 17 миллионнан астам тұрғыны бар мұнайға бай Қазақстан дипломатиялық алаңда ауыр жүк көтеріп көзге түскен: Сирия жөнінде бейбіт келіссөз өткізді, Иранмен ядролық келісім бойынша келіссөз жүргізді және жақында БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне тұрақты емес мүше болып сайланды. Оған қоса, Қазақстан Ресейдің жақын одақтасы. Әңгіме жайлы [Нұрсұлтан Назарбаевтың баспасөз қызметі таратқан] жарияланымға сәйкес, екі басшы Вашингтон мен Мәскеудің қарым-қатынасын жақсартуды талқылаған, Назарбаев «терроризммен күрес, украиналық дағдарысты реттеу және ғаламдық ядролық қауіпсіздікті нығайтуды ұсынған», - деп жазады Foreign Policy.

Бұл мақаланың авторы Рейд Стэндиш америкалық Foreign Policy журналының қосалқы редакторы, бұрынғы Совет одағы елдеріне қатысты мақалалар жазады және біраз уақыт Қазақстанда тұрып, жұмыс істеген. Ол өз мақаласында АҚШ президенті болып сайланғаннан бері Дональд Трамптың әлемдегі 44 басшымен сөйлескенін, соның ішінде Ресей президенті Владимир Путинмен бірнеше рет әңгімелескенін жазады.

Сенбі күні Дональд Трамптың Тайвань президенті Цай Инвэньмен телефон арқылы сөйлескені туралы хабар тарады, екі ел арасында бұндай жоғары деңгейдегі байланыс соңғы 40 жылда алғаш рет болып отыр.

(Мақаланы орысшадан аударған – Динара Әлімжан.)

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG