Accessibility links

Алмат Жұмағұловты қамау мерзімі 1 айға ұзартылды


"Терроризмге қатысы бар" деп айыпталғандардың ісі бойынша Алматының Алмалы аудандық сотына келгендер. 19 қаңтар 2018 жыл.
"Терроризмге қатысы бар" деп айыпталғандардың ісі бойынша Алматының Алмалы аудандық сотына келгендер. 19 қаңтар 2018 жыл.

Алматының Алмалы аудандық соты жұма күні азаматтық белсенді, былтыр қарашада "терроризм актісін жасауға жария түрде шақыру" ісін тергеу аясында ұсталған Алмат Жұмағұловты тағы бір ай қамауда қалдырды.

Алмат Жұмағұловтың адвокаты Жанар Балғабаева Азаттыққа сот оны қамау мерзімін 28 ақпанға дейін ұзартқанын айтты.

Сот «терроризмге қатысы бар» деп айып тағылып, қамалған Алмат Жұмағұлов, Кенжебек Әбішев және Оралбек Өміровтің ісі бойынша адвокаттарды жеке тыңдады. Адвокаттар оларды қамаудан үйқамаққа шығаруды немесе босатуды сұрады. Судья құқық қорғаушы Маржан Аспандиярова мен Ерлан Қалиевтің Алмат Жұмағұловқа кепілдік бергеніне қарамады.

Алмалы аудандық соты 28 қарашада Алмат Жұмағұловты екі айға қамау туралы шешім шығарған. Келесі күні Жұмағұлов тергеу абақтысында қылмыстық қудалау органының іс-әрекетіне қарсылық ретінде аштық жариялаған.

Белсенді Алмат Жұмағұловқа Қылмыстық кодекстің 256-бабының 2-бөлімі, яғни, терроризмді насихаттау және террорлық актіге жария түрде шақыру бабы бойынша айып тағылып отыр. Күдікті өзін кінәсіз екенін айтып, айыпты өзінің қоғамдық-саяси белсенділігімен байланыстырады. Құқық қорғаушылар Жұмағұлов қуғындағы оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтың "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының бағдарламасын қолдағандықтан қамалып отыр деп санайды.

Алматы қалалық ішкі істер департаменті (ІІД) қарашаның соңында "қоғамдық тәртіпті бұзатын" акция ұйымдастырмақ болды деген күдікті топтың ұсталғанын мәлімдеген. ІІД ресми өкілі Салтанат Әзірбек "Терроризмді насихаттау немесе терроризм актісін жасауға жария түрде шақыру" бабы бойынша тергеу басталғанын хабарлаған.

XS
SM
MD
LG