Accessibility links

Белсенділер «терроризм» айыбына ілікті


Қазақстанның ішкі істер министрлігі әскерлері. (Көрнекі сурет)
Қазақстанның ішкі істер министрлігі әскерлері. (Көрнекі сурет)

Құқыққорғаушылар елде Тәуелсіздік күні қарсаңында кезекті “белсенділерді қудалау” операциясы жүріп жатқанын айтады. Қазіргі кезде сот шешімі бойынша үш адам қамауға алынған.

ЖҰМАҒҰЛОВ ТҮРМЕДЕ АШТЫҚ ЖАРИЯЛАДЫ

"Терроризм" бабы бойынша айыпталып, екі айға қамалған белсенді Алмат Жұмағұлов қарсылық ретінде аштық жариялады. Бұл жөнінде Азаттық тілшісіне оның адвокаты Жанар Балғабаева хабарлады. Адвокаттың айтуынша, оған қылмыстық кодекстің 256-бабының (Терроризмдi насихаттау немесе терроризм актiсiн жасауға жария түрде шақыру) 2-бөлімі (Адам өзiнiң қызмет бабын пайдалана отырып не қоғамдық бiрлестiк лидері жасаған не бұқаралық ақпарат құралдары немесе телекоммуникациялар желілері пайдаланыла отырып жасалған не адамдар тобы немесе алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған, оның ішінде шетелдік көздерден алынған қаражат пайдаланыла отырып жасалған дәл сол іс-әрекеттер) бойынша айып тағылып отыр.

“Белсенділерді қудалау” операциясы
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:49 0:00

Желтоқсан оқиғасы ескерткіші алдында саяси тұтқындарды қолдау акциясын өткізіп тұрған белсенділер. Ортада (көк киім киген) - Алмат Жұмағұлов. Алматы, 29 шілде 2017 жыл.
Желтоқсан оқиғасы ескерткіші алдында саяси тұтқындарды қолдау акциясын өткізіп тұрған белсенділер. Ортада (көк киім киген) - Алмат Жұмағұлов. Алматы, 29 шілде 2017 жыл.

Белсенді Алмат Жұмағұлов соңғы бірнеше айда Алматыдағы Ганди паркінде өтіп жүрген саяси-әлеуметтік мәселелерге арналған кездесудің басы-қасында жүріп, өзін қуғындағы бизнесмен Мұхтар Әблязовтің Facebook-те жариялаған "Қазақстанның демократиялық қозғалысының" бағдарламасын қолдаймын деп ашық айтып келген. Оның адвокаты Жанар Балғабаева Азаттық тілшісіне:

Адвокат Жанар Балғабаева.
Адвокат Жанар Балғабаева.

- Ол өзін кінәсіз деп санайды. Қоғамдық-саяси әрекеттері үшін және "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын қолдағаным үшін қамалдым дейді. Ол мұны арандату деп есептейді,- деді.

«ҚОҒАМДЫҚ ТӘРТІПТІ БҰЗАТЫН АКЦИЯ» НЕ ЕДІ?

Қазір осы іс бойынша тағы екі азамат: Оралбек Өміров пен Кенжебек Әбішев қамауға алынған. Бұған дейін Алматы полициясы "қоғамдық тәртіпті бұзатын" акция ұйымдастырмақ болды деген күдікті топтың ұсталғанын мәлімдеген. Алматы қалалық ішкі істер департаментінің (ІІД) ресми өкілі Салтанат Әзірбек "Терроризмді насихаттау немесе терроризм актісін жасауға жария түрде шақыру" бабы бойынша тергеу басталғанын хабарлаған.

Полиция бұл іс бойынша күдіктілер - 47 жастағы О.Өміров, 43 жастағы Қ.Әбішев және "топ жетекшісі" 51 жастағы А.Жұмағұлов ұсталды (43 жастағы - адвокат) деген ақпарат таратқан. Тергеу болжамынша, күдіктілер аты аталмаған "тіркелмеген қоғамдық ұйымды жамылып" Алматыда "қоғамдық тәртіпті бұзу, халықтың үрейін алу және құқық қорғау органдарының жұмысына саботаж жасау" акцияларын ұйымдастырмақ болған.

Салтанат Әзірбектің сөзінше, бұл іс бойынша үгіт-насихат материалдары, электрондық ақпарат тасылмалдағыш, әдебиет пен "қарулы "жиһадқа" шақыратын" видео тәркіленген.

Алмат Жұмағұловтың Facebook-ке жариялаған видеосынан алынған скриншот.
Алмат Жұмағұловтың Facebook-ке жариялаған видеосынан алынған скриншот.

Алмат Жұмағұловтың адвокаты Жанар Балғабаеваның айтуынша, қылмыстық істе Алмат Жұмағұловтың осы діни видеоны жасауға қатысы бар екені туралы ақпарат жазылған. Ал бейнероликті тергеу изоляторында көрген Алматтың өзі мұны естіген кезде таңғалып, оған қатысы жоқ екенін айтқан.

ОРТАҚ ЧАТТАҒЫ ДҮДАМАЛ РОЛИК

"Терроризм" бабы бойынша қазіргі кезде қамаудағы үш азаматтан бөлек тағы бірнеше белсенді “қорғалуға құқығы бар куәгер” ретінде шақырылып отыр. Олардың арасында Қарашаш Боданова, Халелхан Әділханов, Мамет Қабылбеков, Бақытнұр Бек, және басқа белсенділер бар. Олардың көбі Ганди паркіндегі кездесуге байланысты құрылған WhatsApp-тағы ортақ чаттың мүшелері. Белсенділер бұған дейін Алматы әкімшілігінен елдегі өткір мәселелерге қатысты бейбіт жиын өткізу туралы рұқсат сұрап, келісім ала алмаған.

Белсенділердің болжамынша, олардың қылмыстық іске тартылуына осы саяси белсенділіктері негіз болуы мүмкін.

ВИДЕО: "Желтоқсаншы" белсенділер не халде? (28 қараша 2017 жыл)

"Желтоқсаншы" белсенділер не халде?
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:11 0:00

Олардың айтуынша, қысым қарашаның 27-сі күні басталған. Олардың WhatsApp-тағы ортақ тобына таңғы алтыларда мүшелердің бірінен қарулы "жиһадқа шақырған" діни ролик түседі. Дәл сол күні екі сағаттан соң олардың үйіне полиция сау ете қалады.

Қолдарында "жиһадқа әрекет жасады" деген қағаздары бар адамдар келіп прокурордың санкциясымен үш сағат үйді тінтті. Таңертең келді де, протокол толтырып, телефонды тартып алып, мөр қойып, үйдегі әр кітапқа дейін қарап, 29 кітапты алып кетті.

- Қолдарында "жиһадқа әрекет жасады" деген қағаздары бар адамдар келіп прокурордың санкциясымен үш сағат үйді тінтті. Таңертең келді де, протокол толтырып, телефонды тартып алып, мөр қойып, үйдегі әр кітапқа дейін қарап, 29 кітапты алып кетті. Видеокамераны, ұялы телефонды алды. Дискілерді алды. Экстремизмге қатысты нәрсе іздеп жүр. "Роликті көрдің бе?" деп те сұрады. "Роликті провокация жасап салған ау" дедім, - дейді белсенді Халелхан Әділханов.

Дәл осындай жағдай белсенділер Бақытнұр Бек, Қарашаш Боданова, Мамет Қабылбеков, Алмат Жұмағұловтың үйінде қайталанған. Мұнан кейін белсенділерді полицияға апарып, жауап алған. Өткен аптаның соңында дәл осы іс бойынша белсенді Сүйіндік Алдабергенов, оппозициялық саясаткер Жасарал Қуанышәлин, Рысбек Сәрсенбайұлы және Асхат Берсалимов полицияға шақырылған.

Саяси тұтқындарды қолдау акциясының алдында Ганди паркінде кездесіп отырған азаматтық белсенділер. Алматы, 29 шілде 2017 жыл.
Саяси тұтқындарды қолдау акциясының алдында Ганди паркінде кездесіп отырған азаматтық белсенділер. Алматы, 29 шілде 2017 жыл.

Кейбір белсенділер ортақ чатқа роликті жіберген адамның соңғы бір айда ғана кездесуге келе бастағанын және оның «арандатушы болуы ықтимал» екенін айтады. Белсенділерден ешқайда кетпеу туралы қолхат алынған.

16 ЖЕЛТОҚСАН АЛДЫНДАҒЫ “ПРОФИЛАКТИКА”

Белсенділердің сотына қатысып жүрген құқыққорғаушы Ерлан Қалиев мұны "Тәуелсіздік күні қарсаңында митингілерді болдырмаудың амалы" деп атайды.

- Меніңше, бұл - таза провокация, биліктің қолымен жасалған әрекет. Мейрам алдында халықты қорқыту, - дейді Ерлан Қалиев.

“Фактілерді әлі тереңірек зерттеу керек” екенін айтқан құқыққорғаушы Амангелді Шорманбаев "кейінгі кезде терроризм, экстремизмге қатысты заңдардың саяси белсенділерді қудалану кезінде пайдалану жиілеп кеткенін" айтады. “БҰҰ Қазақстанда олай істеуге болмайды" деп бірнеше рет ескерткен. Бірақ әзірге билік оған құлақ аспай келеді” дейді ол.

Амангелді Шорманбаев.
Амангелді Шорманбаев.

- Негізі мемлекет тарапынан арандату жасауға болмайды деген халықаралық заң бар. Егер видеоны жіберген адам шынымен де арнайы орган адамы болса, онда бұл арандату болып шығады. Адам құқықтары бойынша Еуропа соты бұлай жасауға болмайтынын қайта-қайта ескертіп келеді. Келесі жылы Қазақстан адам құқықтары бойынша БҰҰ-ға есеп береді. Сол есеп бойынша үкіметтік емес ұйымдар адам құқықтары бұзылғаны жөнінде ақпарат береді. Мұндай ақпарат тікелей сол есепке түседі, - дейді құқыққорғаушы.

Ақпарат бойынша, қазіргі кезде тәркіленген кітаптар мен заттар тексеруден өткізіліп жатыр. Кейбір сарапшылардың сөзіне қарағанда, "бұрын билік белсенділерге қарсы "әлеуметтік араздық" бабымен іс қозғап келсе, енді оларға қарсы "терроризм" бабын да пайдалануға көшкені байқалады".

1986 жылы желтоқсанның 16-сы және 17-сі күндері «Желтоқсан оқиғасы» болса, 1991 жылы желтоқсанның 16-сы күні Қазақстан өзінің Тәуелсіздігін жариялаған еді. Ал 2011 жылы желтоқсанның 16-сы және 17-сі күндері Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен мен Шетпеде болған ереуіл мен толқу кезінде ресми дерек бойынша полиция оғынан 17 адам қаза тауып, жүзден аса адам жараланған.

Қазақстанда жыл сайын желтоқсанның 16-сы және 17-сі күндері Тәуелсіздік мерекесімен бірге Желтоқсан және Жаңаөзен оқиғаларын еске алатын түрлі шаралар өтіп келеді.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG