Accessibility links

Рамазан Есіргеповтің Париждегі 100 күні


Ортада жұдырығын көтеріп тұрған қазақстандық құқық қорғаушы әрі журналист Рамазан Есіргепов. Париждегі саяси шаралардың бірі, 2017 жылдың күзі.

Биыл тамыздың басында Парижге ұшып кеткен қазақстандық журналист әрі құқық қорғаушы Рамазан Есіргепов саяси босқын мәртебесін алуға тырысып жүр. Ол Қазақстаннан кету себебін «тағы қылмыстық қудалауға ұшыраймын деген қауіппен кеттім» деп түсіндіреді. Есіркепов Азаттық тілшісіне Францияға қалай барғанын, ондағы қазіргі жағдайын айтып берді.

ПАРИЖГЕ ҰШАР АЛДЫНДАҒЫ ОҚИҒАЛАР

2017 жылы тамыздың 2-сі күні таңертең жақтастары Рамазан Есіргеповті Алматыдан іздеп жатқанда ол "Украина әуе желілері" компаниясы ұшағымен Парижге ұшып бара жатқан.

61 жастағы Есіргеповтің сөзінше, қылмыстық іс қозғау үшін полицейлер оны қарсылық көрсетуге арандатуға тырысқан. Мұнан соң ол Қазақстаннан кетуді ұйғарған.

Шілденің аяғында Алматыда бірнеше наразалық акциясына қатысқан Есіргеповті полиция әкімшілік сотқа апаруға әрекеттенген. Өзінің сөзінше, әлгі арандату әрекеттері сол кезде жасалған. Есіргепов «әкімшілік іс біртіндеп қылмыстық іске ұласуы мүмкін еді» деп топшылайды.

Оның сөзінше, бұлай қауіптенуге себебі болған, өйткені одан үш күн бұрын, яғни шілденің 29-ы ол Алматыда саяси тұтқындарды қолдап рұқсат етілмеген марш ұйымдастырған. Акциядан кейін екі белсенді әкімшілік жазамен қамалған болатын. Есіргеповті де кемі 10 тәулікке әкімшілік қамауға алулары "әбден мүмкін" еді.

Бірақ марш лидері әрі ұйымдастырушысы Рамазан Есіргеповке қамаудан сытылып кетудің сәті түскен, өйткені полицейлер енді «жармаса бергенде» оның қан қысымы күрт көтеріліп кетіп, жедел жәрдем шақыруға тура келген, ал дәрігерлер «бұл кісіні мазалауға болмайды, өйтпеген жағдайда оның денсаулығына біз жауапты болмаймыз» деген. Ондай жауапкершілікті полицейлер де алғысы келмеген.

Саяси тұтқындарды қолдау маршын аяқтап тұрған Рамазан Есіргепов (қара киім киген) пен белсенділер. Алматы, 29 шілде 2017 жыл.
Саяси тұтқындарды қолдау маршын аяқтап тұрған Рамазан Есіргепов (қара киім киген) пен белсенділер. Алматы, 29 шілде 2017 жыл.

Есіргепов елден кетерінде болған оқиғаларды есіне түсіреді. Оның сөзінше, тамыздың 1-і күні оны полиция бөліміне бәрібір апарып, рұқсат етілмеген шеру ұйымдастырды деген айыппен үстінен әкімшілік іс қозғағылары келген. Есіргеповтің сөзінше, сол күні кешкісін полицейлер оны әкімшілік сотқа заңсыз, яғни ешқандай шақырту қағазынсыз апаруға тырысқан. Оның сөзінше, қарсылық танытуға арандату үшін полиция қызметкерлері оны жан-жақтан қаумалап, өздерінің көлігіне қарай "жайлап" итермелей бастаған.

Сол кезде оның қан қысымы тағы күрт көтеріліп кетіп, жедел жәрдем шақырған. Құқық қорғаушының айтуынша, Есіргеповті кардиологиялық орталыққа апарған, дәрігерлер полицейлерге «сотқа апаруға үзілді-кесілді болмайды» деп қатаң ескерткен.

Есіргеповтің сөзінше, дәрігерлердің әлгі ескертуінен кейін полицейлер оны жайына қалдырған. Ал ол сотқа апару үшін тиісті құжаттарды дайындап алған полицейлер таңертең келеді деп түйген. Сондықтан ол кардиологиялық орталықтан шығып, үйіне бара жатқан жолда «қызмет» көлігімен (биыл мамырда пойызда пышақпен жарақаттау оқиғасына қатысты іс бойынша тергеу амалдары жүріп жатқан кезеңге Есіргепов транспорт полициясының тәулік бойы күзетінде болған, ал оны күзеткендердің әрқайсысында жеке жеңіл көлігі болған) әуе агенттігіне бұрылып, ертеңгі күні Парижге ұшатын бірінші рейске билет сатып алған. Сөйтіп тамыздың 2-сі күні таңсәріде Алматыдан Францияға Киев арқылы кедергісіз ұшып кеткен.

Құқық қорғаушы әрі журналист Рамазан Есіргепов Алматы қалалық сотында тұр. Алматы, 24 шілде 2017 жыл.
Құқық қорғаушы әрі журналист Рамазан Есіргепов Алматы қалалық сотында тұр. Алматы, 24 шілде 2017 жыл.

Рамазан Есіргепов Қазақстаннан кету себебін журналистикамен айналысқаннан бері, әсіресе "Алма-Ата Инфо" газетін басқарған кезде биліктің қудалауына ұшырадым деп түсіндіреді. 2008 жылдың аяғында өзі басқарған газетте "Елімізді президент басқара ма, әлде ҰҚК басқара ма?" деген мақаласын жариялағаннан кейін ол «мемлекеттік құпияны таратты» деген айыппен сотталып, түрмеде үш жыл отырып шыққан. Ол өзіне тағылған айыпты мойындаған жоқ әрі әлі күнге дейін «мені түрмеге саяси себептермен - жоғары биліктің арнайы қызмет сияқты органдарындағы коррупцияны әшкерелегенім үшін қамады» деп санайды.

Түрмеден шыққаннан кейін Рамазан Есіргепов құқық қорғаумен белсенді айналысып, билікті сынағандарды қудалауға қарсы көптеген наразылық акцияларына қатысқан, бірақ оның сөзінше, полиция одан көз жазбай бақылап жүргенін сезіп жүрген.

2017 жылғы мамырда Алматыдан Астанаға бара жатқан құқық қорғаушыны поезда біреулер пышақтап кеткен болатын, ол шабуыл саяси себеппен жасалды деп санайды. Сондықтан ол Қазақстанда енді қалу қауіпті деп санаған.

Пышақ жарақатын алған Рамазан Есіргепов ауруханада жатыр. Жамбыл облысы, 15 мамыр 2017 жыл.
Пышақ жарақатын алған Рамазан Есіргепов ауруханада жатыр. Жамбыл облысы, 15 мамыр 2017 жыл.

Бірақ Рамазан Есіргепов Францияға кетіп қалуын «қашу емес», Қазақстанның авторитарлық билігіне қарсы шығуды енді Парижден жалғастыру деп атайды.

ЕСІРГЕПОВТІҢ ПАРИЖДЕГІ ЖАҒДАЙЫ

Парижге барғаннан кейін Рамазан Есіргепов бірден "Шекарасыз тілшілер" ұйымы көмегіне жүгінген, бұл ұйым ол түрмеде отырған жылдары да, түрмеден шыққаннан кейін де жағдайды жіті бақылап, барынша көмек көрсеткен болатын. Ол жақта Есіргеповті құшақ жая қарсы алған. Оның сөзінше, ұйым күніне 60 еуродан есептеп оған екі ай бойы материалдық көмек көрсеткен. Есіргеповтің айтуына қарағанда, оны журналистер үйіне орналастырып, жеке бөлме алуына көмектескен де сол ұйым көрінеді.

Оның сөзінше, енді Рамазан Есіргеповке штаб пәтерлері АҚШ-та орналасқан екі құқық қорғау ұйымы - "Журналистерді қорғау комитеті" мен Freedom House көмектесіп жатыр. Жақын маңдағы арнайы дүкеннен азық-түлік немесе тұрмысқа қажет заттар сатып алу үшін оған күніне сегіз еуродан есептеп талон береді. Есіргепов "бөлмемде тамақ пісіруге болатын пеш те бар" дейді.

Құқық қорғаушы әрі журналист Рамазан Есіргепов (оң жақтан екінші) қоғамдық-саяси шаралардың бірінде Африка құрлығынан шыққан адамдармен бірге жүр. Париж, 2017 жылдың күзі.
Құқық қорғаушы әрі журналист Рамазан Есіргепов (оң жақтан екінші) қоғамдық-саяси шаралардың бірінде Африка құрлығынан шыққан адамдармен бірге жүр. Париж, 2017 жылдың күзі.

Оған қоғамдық көлікпен Париж бен облыста тегін жүруге болатын жол билетін жасатып берген. Соның арқасында ол Париждің ескі фильмдерден өзіне жақсы таныс орындары мен маңайындағы жерлерді аралап шыққан.

Рамазан Есіргепов Парижге барған бетте саяси баспана беруді сұрап, өтініш берген. Қазір құжаттары көші-қон қызметінің қарауында жатыр.

Рамазан Есіргепов Парижде әр сенбі, жексенбі сайын өтетін қоғамдық-саяси шараларға қатысады. Оның сөзінше, Қазақстандағы оппозициялық митингілер мен шерулерге салынған жаппай тыйымнан кейін оған митингі, шерулердің еркін өтуі демократияның нағыз салтанаты болып көрінеді. Рамазан Есіргеповтің сөзінше, әлгі шаралардың әрқайсысы өз тақырыбымен өткенімен, кейде ол өзі жасаған әрі қазақстандық саяси тұтқындарды қорғауға шақырған плакаттарын алып шығады.

- Өзге елдерге қарағанда, Франция нағыз демократиялық ел. Мен Орта Азиядан (Өзбекстаннан) шыққандармен де, Африка, Азия континентінен шыққандармен де кездесіп, сөйлестім, олар "Франция – ең пейілді, ең демократиялық мемлекет" дейді. Көшеде саған мүлде ешкім, полицей де "соқтықпайды". Бұл ел еркіндікпен тыныстап тұрғандай, - дейді Рамазан Есіргепов.

Ол "тіл жағынан онша қиындық көріп жүрген жоқпын, өйткені қажет болып қалса журналистер үйіндегі ерікті аудармашылардың көмегіне жүгінуге болады" дейді.

Парижге барғаннан кейін Рамазан Есіргепов Қазақстан қоғамының саяси сауатын ашуға көмектесер деген үмітпен "Алма-Ата Инфо" интернет-газетін шығара бастаған. Ол Қазақстанға оралуға әзірше дайын емес. Қазақстан қоғамын демократиялық реформалар жүргізуге шақыратын Рамазан Есіргепов реформаларды іске асыруға дайын "300 спартандық" шықса ғана елге ораламын дейді.

Бірақ Рамазан Есіргепов Қазақстанда қалған отбасы жайлы мүлде айтқысы келмейді. Құқық қорғаушы "қоғамдық-публицистикалық қызметімді отбасылық мәселелермен араластыруға болмайды" деп санайды.

Рамазан Есіргеповтің сөзінше, Парижде тұрған 100 күн ішінде оған Франциядағы Қазақстан елшілігінен немесе консулдығынан ешкім хабарласпаған.

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ КӨЗҚАРАС

Рамазан Есіргеповке көптеген жылдар бойы көмектесіп келген құқық қорғаушы әрі журналист Розлана Таукина Азаттыққа "екеуміз сөйлесіп тұрамыз, ол кісінің қауіпсіз жерде екеніне қатты қуанамын" дейді. Бірақ ол Есіргеповтің Қазақстаннан қашуына өзінің әлдебір қатысы бар деген кез-келген болжамды жоққа шығарады.

Құқық қорғаушы әрі журналист Рамазан Есіргепов пен оның белгісіз жақтасы Қазақстан билігінің "саяси тұтқындарды" қудалауына қарсы акция өткізіп тұр. Париж, 2017 жылдың күзі.
Құқық қорғаушы әрі журналист Рамазан Есіргепов пен оның белгісіз жақтасы Қазақстан билігінің "саяси тұтқындарды" қудалауына қарсы акция өткізіп тұр. Париж, 2017 жылдың күзі.

Рамазан Есіргеповтің отбасы мүшелері оның айналасындағы жағдайға да, онымен қарым-қатынасы жайлы да комментарий бермейді.

Қазақстан билігі, яғни ішкі істер министрлігі Рамазан Есіргеповке әлдебір қысым жасалғанын ертеректе де жоққа шығарған, қазір де осы позицияны ұстанады. Мысалы, Азаттықтың "Күндіз-түні күзетте болған Есіргепов елден қалай білдірмей кетіп қалды? " деген сұрағына ІІМ "Есіргеповке бұлтартпау шарасы қолданылған жоқ, биыл мамырда пойызда оны жарақаттау фактісі бойынша қозғалған істе ол күдікті емес, жәбірленуші болған. Сондықтан күзет оған еркіндігін шектеу үшін емес, жеке қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қойылған болатын" деп жауап берді.

ІІМ-нің хабарлауынша, Есіргеповке әлдебір қатер төніп тұр деп болжауға негіз болмаған.

ІІМ жауабында "Жәбірленушіден [Есіргеповтен] қауіпсіздік шараларын қарастыру туралы арыз, өтініш түскен жоқ, оның өмірі мен денсаулығына қастандық жасау әрекеттері тіркелген жоқ, оның қауіпсіздігіне қатер төнгенін растайтын мәліметтер де анықталған жоқ" деп жазылған.

"Ал күзет қайда қараған? " деген сұраққа ІІМ тамыздың 1-інен 2-сіне қараған түні Есіргепов "мазам болмай тұр" деп, оларды өзі босатқан, ал бұған құқығы болған деп жауап береді.

ІІМ жауабында "Қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қойылған полиция қызметкерлері жәбірленушінің өз өтініші бойынша түнде оның жанында болмаған" делінген.

Азаттықтың биыл мамырда Алматыдан Астанаға бара жатқан Рамазан Есіргеповті пойызда пышақтау фактісі бойынша қозғалған қылмыстық істі тергеу барысы туралы сұрағына ІІМ "қылмыстық істі толық, сапалы әрі объективті түрде тергеуге, қылмыс жасаған тұлғаларды анықтауға бағытталған тергеу және жедел іздестіру шаралары қазір жалғасып жатыр" деген жауап жолдады.

Бірқатар қазақстандық құқық қорғау ұйымдары Рамазан Есіргеповті саяси тұтқын деп таныған. Құқық қорғаушы түрмеде отырған кезде оны оппозициялық күштер "Азаттық" сыйлығымен сырттай марапаттап, оны отбасы мүшелеріне табыс еткен. Сол тұста, Есіргепов түрмеде отырған 2011 жылы Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымы оған беделді Хеллман – Хаммет сыйлығын берген.

2012 жылы түрмеден шыққаннан кейін журналист БҰҰ-ның адам құқығы комитетіне жүгініп, 2016 жылы комитет Есіргеповтің "заңсыз сотталғаны" туралы және "түрмеде бір тәулік артық ұстады" деген екі шағымы бойынша оның пайдасына шешім шығарған.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG