Accessibility links

Әлеуметтік наразылықты күшпен басу мүмкін бе?


"Үйсіздер құрылтайын" ұйымдастырушылардың бірі Дильнар Инсенова. Алматы, 9 қыркүйек 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Соңғы аптада алматылық қоғамдық белсенділердің бірі бұрынғы қылмыстық істің негізінде үш тәулікке қамалып, екіншісі ескерту алған. Сарапшылардың ойынша, билік қоғамдағы кез келген белсенділіктен қауіптенуді әдетке айналдырған.

Алматыдағы әлеуметтік наразылық акциялары мен борышкерлердің митингілерінде жиі бой көрсетіп, белсенділік танытып жүрген Дильнар Инсенова мамырдың 31-інде кешкісін ұсталып, маусымның 2-сі күні босатылды.

- Қылмыстық кодекстің 389-бабының 4-бөлімі («Өзiнше билiк ету» - ред.) бойынша іс қозғап, мені қамауға алды. Алайда тергеу барысында айыптау бұл баптың екінші бөліміне ауыстырылды. Ал өткен жұма күнгі сотта тіпті бұл істің уақытының ескіруіне байланысты оны тоқтатып, мені босатты, - деді Дильнар Инсенова.

ҚЫСЫМ

Инсенованың сөзінше, 2015 жылы ондаған басқа да алматылықтармен бірге алаяқ делдалдардың қолынан сатып алған пәтерінен күштеп шығарылған. Алайда белсенді өз хақысын даулап жүріп, баспанасына қайта көшіп кіріп алған. Бұдан соң тұрғын үй салушы компания құқыққорғау органдарына арыз жазып, 389-бап бойынша іс қозғалған. Басында бұл іс бойынша тергеуге Инсенова куәгер ретінде шақырылған.

- Кейінгі екі жылда ара-тұра тергеуге барып тұратынмын. Мамырдың 31-і күні кезекті рет тергеуге шақырды, сол жерде менің статусым «куәгерден» «айыпталушыға» ауыстырылығанын айтып, бірден уақытша тергеу изоляторына жапты. Кейін сотта бұл істің мүлдем уақыты ескіріп кеткендігі анықталып, мені босатты. Бұл әрекеттерді мені қорқытудың бір түрі деп білемін, - дейді Инсенова.

Борышкерлер қозғалысының белсенділері "Каспий банк" ғимараты алдында наразылық шарасын өткізіп жатыр. Алматы, 7 маусым 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Борышкерлер қозғалысының белсенділері "Каспий банк" ғимараты алдында наразылық шарасын өткізіп жатыр. Алматы, 7 маусым 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Тұрғындарды әлеуметтік қорғау қорының жетекшісі Дильнар Инсенова ипотекаға үй алып, қарызын төлей алмай жүрген азаматтардың акцияларына қатысып белгілі болған еді.

«Халықты баспанамен қамтамасыз етейік» қоғамдық ұйымының жетекшісі Сұлубике Жақсылықова да өзіне ескерту жасалғанын айтады.

- Мені Алматыдағы ҰҚК департаментіне шақыртып, подполковник шеніндегі қыметкері, «Сіздің шағым-арыздарыңыздың кесірінен бүкіл банктер сізден қорқады, олай жұмыс істеуге болмайды, жұмыстарыңыздың барлығын бізбен келісімге келтіруіңіз керек» деді. «Неге?» десем, «Себебі мен сіздің бастығыңыз болуым керек, ал ұйымның төрағалығын біздің айтқан адамға өткізіп беруіңіз керек, олай болмаған жағдайда сізге қатысты қылмыстық іс ашамыз» деді. Мен келіспей кетіп қалдым, - дейді Сұлубике Жақсылықова.

«Халықты баспанамен қамтамасыз етейік» қоғамдық ұйымының жетекшісі Сұлубике Жақсылықова. Алматы, 24 мамыр 2011 жыл.
«Халықты баспанамен қамтамасыз етейік» қоғамдық ұйымының жетекшісі Сұлубике Жақсылықова. Алматы, 24 мамыр 2011 жыл.

Оның сөзінше, бұл жайтқа қатысты ол ҰҚК департаментінің басшылығына, Алматы қалалық прокуратурасына арыз жазған. Азаттық ҰҚК департаментіне хабарласқанымен, Жақсылықованың бұл мәлімдемесіне қатысты ешкім комментарий бермеді.

Ипотекалық несиені АҚШ долларымен рәсімдеп баспана сатып алған қазақстандықтар ұлттық валюта теңге соңғы бірнеше жылда екі мәрте девальвацияланып, доллар курсы жылдам өскен кезде қатты зардап шеккен әлеуметтік топқа айналды. Олар үкіметтен банк алдындағы қарыздарын қайтару кезінде жеңілдік талап етіп келеді. Белсенділердің қатарында түрлі қаржылық алаяқтарға алданған адамдар да бар. Жергілікті билік жекеменшік банк, я құрылыс компаниясы мен клиенттер арасында жасалған келісім-шарттарға ықпал ете алмайтындарын мәлімдеп келеді.

«БҰРЫН ТЕК САЯСИ НАРАЗЫЛАР ҚАМАЛАТЫН»

Азаттыққа пікір білдірген сарапшылар соңғы уақытта Қазақстан билігі азаматтардың белсенділігінен көбірек қауіптеніп, сақтық шараларын күшейткен.

- Билік кез-келген болмашы митингіден «майдан» басталып кетеді ме деп қорқады. Осыдан бірнеше жыл бұрын тек саяси протестерге полиция жіберіп, наразылық білдіргендерді қамайтын. Қазір кез келген әлеуметтік мазмұндағы, тіпті жалғыз адамдық пикеттің өзін болдырмауға тырысады. Шыққандарды бірден қамап, жауапқа тартып жатыр, - дейді құқық қорғаушы Сергей Дуванов.

Журналист Сергей Дуванов.
Журналист Сергей Дуванов.

Оның сөзінше, осыдан бірнеше жыл бұрын республика бойынша жылына 160-тан аса наразылық акциясы өтіп тұрған. Ал соңғы кездері саяси митингілер мүлдем болмаған, тек әлеуметтік тақырыптағы санаулы ғана кішігірім наразылық шаралары өткен.

- Билік заң мен әкімшілік органдары арқылы митингілерге шыққандарды жазалап, бүгінде адамдар митингке мүлдем шықпайтын болды, себебі бұның қауіпті, қорқыныш және тиімсіз екенін түсінді, - дейді Дуванов.

Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина билік былтыр елдің бірнеше аймағында өткен жер митингілерінен кейін «кез келген наразылықтың ошағын түп-тамырымен жою керек» деген позиция ұстанып отырғанын айтады.

- Осыдан бірше жыл бұрын биліктің репрессиялық аппараты саяси партияларды құртумен айналысты. Енді оппозиция жоқ, ал аппарат жұмыс істеп отыр. Ендігі мақсаты – азаматтық белсенділер. Бірақ ол белсенділерден ешқандай қауіп жоқ, олардың артында ешқандай күш жоқ, үлкен қаржы да жоқ, олар тек өз мәселелерін шешу үшін ғана белсенді, шешілген соң олардың белсенділігі де жойылады, - дейді Төреғожина.

Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина.
Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина.

Оның сөзінше, билік қудалаумен емес, мәселені конструктивті диалог арқылы шешуді қолға алуы тиіс.

Саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамедов Инсенова мен Жақсылықова сияқты тұрғындарды «азаматтық белсенді» деп атау артықтау деп санайды.

- Бұл азаматтар өздерінің жеке басының мәселесімен жүрген адамдар ғой, ал азаматтық белсенділердің көтеретін мәселелері күрделі. Сондықтан бұл кісілерді «азаматтық белсенділер» деу артықтау. Әр мемлекеттің өзінің тәртібі бар. Заңмен реттелген тәртібі. Қазақстанда да солай. Қатал болса да сол тәртіпке барлығымыз бағынуымыз қажет, - дейді Нұрмұхамедов.

Бөріхан Нұрмұхамедов.
Бөріхан Нұрмұхамедов.

Наразы борышкерлер қозғалысы Қазақстанда 2013 жылдан бастап түрлі акциялар өткізіп, жиі көзге шалына бастады. Бұл әлеуметтік қарсылық кең жайыла бастағалы бері қозғалыстың жетекшілерін қамау, я оларға айыппұл салу да көбейді. Мысалы, Дильнар Инсенова 2013 жылы тергеуге шақырылып, «үйсіздер құрылтайын» өткізу кезінде ұсталып, 2014 жылғы қымбатшылық пен девальвацияға қарсы жиынды ұйымдастырып, сол жылы көп ұзамай және бір қамалып, 2014 және 2016 жылдары екі мәрте «бұзақы» ретінде айыппұл төлеп, биылғы ақпанда Алматы әкімімен кездесу талап еткені үшін тағы қамауға түскен еді.

  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG