Accessibility links

Түрмедегі және бостандықтағы белсенділер


Атыраулық азаматтық белсенділер Макс Боқаев (сол жақта) пен Талғат Аян сотта отыр. Атырау, 12 қазан 2016 жыл.

Қоғамда резонанс тудырған сот процестеріне бай болған 2016 жылы "саяси астары" бар істер бойынша журналистер, азаматтық белсенділер және ірі бизнесмен де сотталды.

ТОҚТАР ТӨЛЕШОВ ІСІ

"Мемлекеттік төңкеріс әзірледі" деп айыпталған шымкенттік бизнесмен Тоқтар Төлешевтің ісі әлеумет назарына өткен жылдың басында іліккен еді. Сыра зауыты директоры өзі үшін вице-президент қызметін енгізу арқылы мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды, лауазымды тұлғалар мен азаматтық белсенділерді ақшаға сатып алды деп айыпталды. Көп ұзамай айыпталушы қылмысын мойындап, түсінік бере бастады. Тергеу болжамынша, кейбір бұрынғы лауазымды шенеуніктер және армия офицерлерінің қолдауымен билікті басып алу жоспары болған, кейін олар да сотталды.

Бұл жанжал Facebook әлеуметтік желісінің қазақстандық сегментінде көптеген мем, мысқылға ұласты.

Қарашаның 7-і күні Астана соты Тоқтар Төлешевті 21 жылға соттап, мүлкін тәркілеу және полковник дәрежесіндегі әскери шені мен "Құрмет" орденінен айыру туралы үкім шығарды.

"Төлешов ісі" бойынша кәсіпкер Тоқтар Төлешов пен басқа да сотталушыларға сот үкімін жариялау сәті. Астана, 7 қараша 2016 жыл.
"Төлешов ісі" бойынша кәсіпкер Тоқтар Төлешов пен басқа да сотталушыларға сот үкімін жариялау сәті. Астана, 7 қараша 2016 жыл.

Көктемде жер реформасына қатысты елдің бірнеше қаласын шарпыған митингілерден кейін Атырауда белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аян тұтқындалды. Екеуін президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жер кодексіне енгізілген өзгерістерге деген елдің жағымсыз көзқарасын қалыптастару үшін Тоқтар Төлешевтен оның көмекшілері арқылы 100 мың доллар алған деп айыптады. Жер реформасында Қазақстан азаматтарына жерді жеке меншікке сату және шетелдіктерге жалға беру мерзімін 10 жылдан 25 жылға дейін ұзарту қарастырылған болатын. Кейін Алматыда қамауда отырған кәсіпкер видеобайланыс арқылы Атырау сотына куәлік берді. Ол күдіктілерді өзі көрмегенін, олармен телефон арқылы сөйлеспегенін және тікелей нұсқау бермегенін айтты. Тоқтар Төлешев сотта "оны танктің астына тастағым келмейді" деген уәжбен аты-жөнін айтудан бас тартқан атыраулық танысы арқылы келісім жүргізілгенін мәлімдеді. Атыраулық белсенділер митингілерді қаржыландыруға ақша алғаны жайлы тағылған айыпты мойындаған жоқ.

Макс Боқаев пен Талғат Аян "әлеуметтік араздық тудырды", "жалған ақпар таратты" және "қоғамдық жиындар өткізу тәртібін бұзды" деген баптар бойынша сотталды.Судья әрқайсысын бес жылға түрмеге кесті.

Азаматтық белсенділер Макс Боқаев (сол жақта) пен Талғат Аян сот үкімі жарияланғаннан кейін. Атырау, 28 қараша 2016 жыл.
Азаматтық белсенділер Макс Боқаев (сол жақта) пен Талғат Аян сот үкімі жарияланғаннан кейін. Атырау, 28 қараша 2016 жыл.

БҰҰ-ның адам құқығы жөніндегі сарапшылары Қазақстан билігін жер митингілеріне қатысқан адамдарды босатуға шақырды.Құқық қорғаушылар бірлескен мәлімдемесінде Макс Боқаев пен Талғат Аянның үкімет қаулыларына қарсылығын бейбіт жиындар мен митингілер өткізу арқылы білдіруге заңды азаматтық құқығы бар деп көрсеткен.

Батыс Қазақстанда жарияланған үкімді Human Rights Watch (HRW) халықаралық ұйымы да айыптады.

- Боқаев пен Аянды өз көзқарастарын бейбіт түрде білдіргені үшін ғана соттау – сот төрелігін өрескел бұзу. Макс Боқаев пен Талғат Аян дереу босатылуы тиіс, - деп мәлімдеген ұйымның Еуропа және Орталық Азия бойынша зерттеушісі Мира Риттман.

Бұған қоса, құқық қорғаушылар Макс Боқаев пен Талғат Аянды ар-ождан тұтқындары деп таныды.

МӘМБЕТӘЛИН МЕН НАРЫМБАЕВТЫҢ БОСТАНДЫҚҚА ШЫҒУЫ

Өткен жылғы қаңтардың 22-сі күні әлеуметтік желілердегі парақшаларында өзін "Қазақстан мұсылмандары одағы басшысы" деп атайтын Мұрат Телібеков жазған деп болжанатын кітаптан үзінділер жариялағаны үшін азаматтық белсенділер Серікжан Мәмбетәлин мен Ермек Нарымбаев екі және үш жылға сотталды. Азаматтық белсенділер 2015 жылғы қазанда тұтқындалып, қылмыстық кодекстің 174-бабы бойынша, яғни "әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық және діни алауыздық тудырғаны" үшін сотталған. Сол күні Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) баспасөз еркіндігі жөніндегі өкілі Дуня Миятович Алматы сотының екі белсендіге шығарған шешімі - "Қазақстанда сөз бостандығын тұншықтыруға тырысқан тағы бір әрекет" деп мәлімдеген.

"Араздық тудырған" деп айыпталған белсенділер Ермек Нарымбаев (сол жақта) пен Серікжан Мәмбеталин. Алматы, 5 қаңтар 2016 жыл.
"Араздық тудырған" деп айыпталған белсенділер Ермек Нарымбаев (сол жақта) пен Серікжан Мәмбеталин. Алматы, 5 қаңтар 2016 жыл.

Үкімнен кейін белсенділер Facebook желісіндегі парақшаларында "өкініш білдіру постарын" жариялаған. Көп ұзамай Мәмбетәлинді ешқайда кетпеу туралы қолхатпен тергеу абақтысынан шығарған, ал Нарымбаевты үй қамағына ауыстырған.

Былтыр наурыздың 30-ында апелляциялық сот белсенділердің жазасын жеңілдетіп - Мәмбеталиннің еркіндігін бір жылға, Нарымбаевтың еркіндігін үш жылға шектеуге ауыстырды. Ермек Нарымбаев шектеу жазасымен босату шарттарын бұзып, Қазақстаннан биліктің рұқсатынсыз кетіп қалды. Қазір ол Киевте тұрып жатыр әрі саяси баспана сұраған. Оның сөзінше, туған елінде конституция кепілдік берген азаматтық құқығы бұзылған.

ӘКЕЛІ-БАЛАЛЫ МАТАЕВТАР

Әкелі-балалы Сейітқазы және Әсет Матаевтар жаңа, 2017 жылды түрмеде қарсы алды. Астана соты Қазақстан Журналистері одағының сол кездегі төрағасы және ұлттық баспасөз клубының жетекшісі Сейітқазы Матаевты алты жылға, ал оның баласы, ҚазТАГ агенттігінің жетекшісі Әсет Матаевты бес жылға бас бостандығыгнан айырды. Өткен жылғы қазанның 3-і күні сот әкелі-балалы Матаевтарды биліктің жағымды имиджін қалыптастыруға бөлінген мемлекет қаржысын жымқырған деп таныды. Судья екеуінің мүлкін тәркілеу туралы қаулы шығарды.

Қазақстан Журналистері одағының төрағасы Сейітқазы Матаев (алдыңғы қатарда) сот залына келе жатыр. Астана, 23 тамыз 2016 жыл.
Қазақстан Журналистері одағының төрағасы Сейітқазы Матаев (алдыңғы қатарда) сот залына келе жатыр. Астана, 23 тамыз 2016 жыл.

Соттағы соңғы сөзінде Сейітқазы Матаев "мені тапсырыс бойынша қудалап жатыр" деп мәлімдеді. Ол "тапсырыс берушілер" ретінде қазіргі парламент мәжілісі төрағасы Нұрлан Нығматулинді, ұлттық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бюросы бастығы Талғат Татубаевты атады. Екеуі "Матаев сот процесін саясиландыруға тырысып жатыр" деген уәжбен әлгі айыптауды теріске шығарды.

ВЛАДИМИР КОЗЛОВТЫҢ БОСАУЫ

Тіркелмеген "Алға" партиясының бұрынғы жетекшісі Владимир Козлов өткен жылғы тамыздың 19-ы күні түнде Алматы облысының Заречный кентіндегі түрмеден босап шықты. Одан екі апта бұрын Қазақстан сот жүйесі "Жаңаөзен ісі" бойынша сотталған соңғы тұтқынды шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы шешім шығарған.

Қазақстандағы адам құқығы бюросының директоры Евгений Жовтистің пікірінше, Козловты саяси шешім қабылдау нәтижесінде босатқан. Құқық қорғаушы бұған ықтимал себептер ретінде ішкі қаржылық-экономикалық және саяси проблемалар мен Батыс елдерінің Қазақстан билігіне қысымын атаған.

Оппозициялық саясаткер Владимир Козловтың түрмеден босап шыққан кезі. Алматы, 20 тамыз 2016 жыл.
Оппозициялық саясаткер Владимир Козловтың түрмеден босап шыққан кезі. Алматы, 20 тамыз 2016 жыл.

2011 жылғы желтоқсанның 16-17-і күндері болған Жаңаөзен оқиғалары кезінде "әлеуметтік араздықты қоздырды" деген айыппен 2012 жылғы қазанның 8-інде жеті жарым жылға сотталып, дүние-мүлкі тәркіленген Владимир Козлов 2012 жылдың қаңтар айынан қамауда отырды. Ол кезде полиция бірнеше ай бойы ереуілде тұрған мұнайшылар мен қала тұрғындарына қарсы қару қолданған. Соның салдарынан, ресми дерекке сәйкес, 16 адам қаза тауып, 100-ден аса адам жараланған.

ФРАНЦИЯНЫҢ ӘБЛЯЗОВТІ БЕРУДЕН БАС ТАРТУЫ

2016 жылдың соңына қарай Францияның мемлекеттік кеңесі 2015 жылғы қыркүйектің 17-і күні Франция премьер-министрі Мануэль Вальс қол қойған тұтқын Мұхтар Әблязовті Ресейге экстрадициялау туралы жарлықтың күшін жойды. Франция түрмесінде үш жылдан аса уақыт қамауда отырып шыққан Мұхтар Әблязовтің Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен қақтығысының кезекті эпопеясы осылай аяқталды. Қаулыда конституциялық принциптеріне сәйкес Франция саяси мақсатта сұратылған шетелдік азаматты беруден бас тартуы тиіс деп көрсетілген.

Әблязовті Қазақстан, Украина және Ресейде аса ірі көлемде қаржы жымқырды деп айыптайды. Әблязов бұл айыптауларды "саяси астары" бар деген уәжбен жоққа шығарып келеді. Қазақстан мен Ресей Францияның Әблязовті бермеу шешіміне қатысты қарсылық білдірді.

Бұрынғы банкир және оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтің (сол жақта) Францияда түрмеден босап шыққан сәті. 9 желтоқсан 2016 жыл.
Бұрынғы банкир және оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтің (сол жақта) Францияда түрмеден босап шыққан сәті. 9 желтоқсан 2016 жыл.

16 желтоқсан, Қазақстан тәуелсіздігі күні, Мұхтар Әблязов YouTube желісінде тікелей эфирге шыққан еді, бірақ Қазақстандағы қолданушылар бұл трансляцияны сол күні көре алмады. Кешкісін бірқатар әлеуметтік желілер мен YouTube сервисі ашылмай қалды. Ақпарат және коммуникация министрлігі Қазақстанда әлеуметтік желілерді Әблязовтің сұхбатына бола өшірді деген болжамды теріске шығарып, "әлеуметтік желілер мен кей іздеу жүйелерінің ашылмай қалуына техникалық ақаулар себеп" деп мәлімдеді.

Халықаралық құқық қорғау ұйымдарының хабарлауынша, Қазақстанда журналистер, азаматтық белсенділер мен блогерлердің үстінен саяси астары бар деп қарастыруға келетін қылмыстық істер қозғау жиілеп барады.

XS
SM
MD
LG