Accessibility links

Освенцим маңынан советтік ұшақ сынықтары табылды


Освенцим маңындағы тоған түбінен табылған советтік Ил-4 ұшағының қалдығы. Польша, 19 қаңтар 2018 жыл.
Освенцим маңындағы тоған түбінен табылған советтік Ил-4 ұшағының қалдығы. Польша, 19 қаңтар 2018 жыл.

Польшада бұрынғы нацистік Аушвиц-Биркенау концлагеріне жақын маңдағы тоған түбінен екінші дүниежүзілік соғыс кезінде құлаған советтік бомбалаушы ұшақтың сынықтары табылған. Бұл туралы жұма күні Освенцим қаласындағы әуесқой тарихшыларға сілтеме жасап France-Press агенттігі хабарлады. "Тұқы балығын өсіретін кәсіпкер Рождество мерекесі қарсаңында суы құрғатылған тоған табанынан ұшақ сынықтарын тауып алған соң дереу бізге хабарласты" дейді Аушвиц-Биркенау аймағындағы тарихи ескерткіштер қорының өкілі Дагмар Копиаш. Қор концлагерьге қатысы бар заттарды жинақтаумен айналысады.

France-Press агенттігіне сұхбатында Копиаш тоған түбінен ұшақтың қалған сынықтарын іздеу аса қиынға соққанын айтқан. "Ұсақ-түйегіне дейін іздеп табу үшін қысқы суықта тоған табанының әр шаршы метрін електен өткізіп шықтық" деген қор өкілі. Оның сөзінше, советтік Ил-4 бомбалаушы ұшағын нацистік әуе қорғанысы күштері Қызыл армия әскері концлагерьді азат етерден бірнеше күн бұрын, 1945 жылғы 19 қаңтарда атып түсірген.

Копиаштың жорамалы бойынша, ұшақтың кириллица әріптерімен жазылған жазуы бар бөлшектері таулы аймақта топырақ қабатының қозғалысы әсерінен жер бетіне шығып қалған.

Нацистік Германия 1939 жылы Польшаны басып алған соң Аушвиц-Биркенау концлагерін салған. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде нацистер қолынан қаза тапқан 6 миллион еврейдің бір миллионы 1940-1945 жылдар аралығында осы концлагерьде өлтірілген. Олармен бірге 100 мыңнан астам басқа тұтқындар да құрбан болған.

Аушвиц-Биркенау мемориалдық кешені туралы фотогалерея:

XS
SM
MD
LG