Accessibility links

АҚШ сенаты бюджет туралы заң жобасын бекітпеді


АҚШ сенаторы Чарльз Шумер (ортада).
АҚШ сенаторы Чарльз Шумер (ортада).

АҚШ конгресінің жоғарғы палатасы бюджет туралы заң жобасын бекітпегендіктен мемлекеттік мекемелердің көпшілігі жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды. Ресми түрде олардың жұмысы қаңтардың 20-сына ауған түні тоқтады. Мемлекеттік сектордың қимылсыз тұрысы қанша уақытқа созылары белгісіз.

Бюджет туралы заң жобасын 51 депутат қолдап, 44 демократ пен 4 республикашыл қарсы дауыс берген. Сенат ережесі бойынша, кез-келген қаржы құжатын бекіту үшін кемінде 60 дауыс қажет.

Сенаттағы демократтар жас күнінде ата-аналарымен бірге АҚШ-қа заңсыз келіп, осы елде өскен иммигранттарға заңды мәртебе беруге республикашылдарды көндіру үшін бюджет туралы заңды қабылдауға кедергі қою тәрізді тәукеледі қадамға баратындары туралы бұрыннан бері ескертіп келген. Қазіргі кезде АҚШ-та екі миллионнан аса әлгіндей иммигрант бар деп саналады. Олардың 800 мыңын бұрынғы президент Барак Обаманың жарлығы депортациядан уақытша сақтап қалған. Бірақ жарлықтың күші наурыздың басында бітеді.

АҚШ-тың қазіргі президенті Дональд Трамп және сенаттағы азшылық жетекшісі Чарльз Шумер жағдайды құтқару үшін талпыныс жасап көргенімен, ортақ келісімге қол жеткізе алмады. Республикашылар мен демократтар арасында келіссөздер жалғасып жатыр, Ақ үйдің бюджет басқармасының басшысы тараптар жақын күндері ортақ мәмілеге келуі мүмкін деп болжайды.

XS
SM
MD
LG