Алаяқтық жасады деген айыппен ұзақ мерзімге сотталған 67 жастағы Мұхтар Зимановтың (2011 жылы қайтыс болған танымал заңгер Салық Зимановтың ұлы) қорғаушылары сейсенбіде Алматыда өткен баспасөз конференциясында оны шартты түрде мерзімінен бұрын босатудан бас тартуға себеп жоғын мәлімдеді.
2013 жылы сот Мұхтар Зимановты алаяқтық жасады және пара беруге оқталды деп айыптап, 13 жылға соттаған. Ал жоғары сот инстанциясы жазаны 12 жылға дейін азайтқан. Кейін Қазақстан президенті жанындағы комиссия Зимановтың рақымшылық жасау туралы өтінішін қарап, оған рақымшылық жасаудан бас тартқанымен, жаза мерзімін 9 жылға дейін азайтқан. Осылайша, Зиманов осы кезге дейін жаза мерзімінің үштен екісін өтеп, заң бойынша шартты түрде мерзімінен бұрын босап шығу құқығына ие болған.
Адвокат Тагир Сисинбаевтың айтуынша, Зиманов зейнет жасына толып қойғандықтан жазасының жартысын өтеген соң-ақ шартты түрде босатуды сұрауға хақылы. Осыған байланысты бұған дейін оны мерзімінен бұрын босатуға өтініш берілгенімен, алғашқы және апелляциялық сот инстанциялары оны қанағаттандырудан бас тартқан. Адвокаттың сөзіне қарағанда, бұл өтінішті былтыр желтоқсанда Астананың Алматы аудандық сотында түрме әкімшілігі мен прокурор қолдаған. Бірақ судья Зимановтың «әлі толық түзелмегенін» айтып, өтінішті қанағаттандырудан бас тартқан. Зимановтың адвокаттары соттың бұл шешіміне апелляциялық шағым түсірген. Бұл шағым 24 қаңтар күні Астана сотында қаралмақ.
Мұхтар Зимановтың адвокаты Нұрлан Өстеміров оның «еш кінәсі жоғын» және «заңсыз сотталғанын» мәлімдеді. Адвокат мұны қымыстық істе пара және жәбірленуші болмағаны және Зиманов пара беруге оқталды деген адамның кім екені белгісіз болып қалғаны дәлелдейтінінайтты. Қорғаушылар сол себепті Зиманов босатылуы тиіс деп біледі.
Мұтар Зимановтың әйелі әрі қорғаушысы Жанна Зиманова заң бойынша күйеуі түрмеден босатылуы тиіс екенін айтады. Ол егер күйеуін босатпаса онда оның заңнан тыс әлде бір астары бар деп біледі. Жанна Зиманова күйеуінің түрмеде отырғанына «әлде бір жоғары шенді адамдар мүдделі» деп долбар жасап отыр. Зиманова олар осы мақсатта күйеуі Мұхтар Зимановтың бұрынғы банкир Мұхтар Әблязовпен байланысы бар деген сыбыс таратып отыр деп біледі. Жанна Зиманова күйеуін арандатып, одан соң оны түрмеден босатпайтындай жазалауы мүмкін деп алаңдайды. Әйелінің айтуынша, түрме әкімшілігі әзірге Зимановтың тәртібіне қатысты бірнеше рет ындаландыру бергенін және бір де бір тәртіптік жауапқа тартылмағанын айтады.
Оқи отырыңыз: «Мұхтар Зиманов» ісі бойынша сотталғандар
Мұхтар Зиманов Астана маңындағы қатаң режимдегі ЕЦ-166/10 колониясында жазасын өтеп жатыр. Мұхтар Зиманов танымал заңгер, академик Салық Зимановтың ұлы болғандықтан және оның кейбір шәкірттері Қазақстандағы заң шығару орындарында жауапты қызмет атқаратындықтан оның ісі бойынша сот процесі қоғамда резонанс тудырған. «Мұхтар Зиманов ісінің» бұған қоса «Қорғас ісімен» жанама байланысы да бар делінген. Тергеу мәліметінше, Зиманов «Қорғас» кеденіндегі жемқорлық ісі бойынша сотталушылардың бірін заңсыз босатуға көмектеспекке уәде берген. Сотталушылар мен олардың адвокаттары Зимановқа қарсы істі «қолдан жасалған» деп біледі.