Accessibility links

Жалалабадта гуманитарлық ұйым кеңсесіне шабуыл жасалды


Ауғанстандағы шабуыл
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:00:51 0:00

Ауғанстандағы шабуыл

Ауғанстан билігі 24 қаңтарда елдің шығысындағы Жалалабад қаласында «Балаларды қорға» (Save the Children) гуманитарлық ұйымының кеңсесіне шабуыл жасалып, кемінде 11 адам жараланғанын хабарлады. Нангархар уәлаяты губернаторының ресми өкілі Атталла Ходжанидің хабарлауынша, жанкешті ұйым кеңсесінің сыртында көлікке қойылған бомбаны жарып жіберген.

Бұдан соң бір топ содыр кеңсеге басып кірген. Қазір шабуылдағандар мен қауіпсіздік күштері арасында атыс болып жатыр. Жараланғандар ауруханаға жеткізілді.

Шабуылды әзірге ешқандай топ мойнына алған жоқ.

Ауғанстанда соңғы шабуыл 20 қаңтар күні ел астанасы Кабулда шетелдіктер түсетін қымбат қонақ үйге жасалған. Ол шабуылдан 30 адам, оның ішінде 14 шетелдік қаза тапқан. Шабуылды «Талибан» қозғалысы мойнына алған.

Қарулы топ кеңсеге басып кіргенде іште болған Мохаммад Амин есімді адам AFP агенттігіне «қатты жарылыс» үнін естігенін айтты.

«Біз бас сауғалап жан-жаққа қаша бастағанда қарулы адамның ғимаратқа кіретін басты қақпаны [минометтен] атқанын көрдім. Сосын терезеден секіріп кеттім» деді ол.

Тағы бір куәгер ұйым кеңсесі ішінен атыс үнін естіп жатқанын айтты.

Телеарнадан көрсетілген хабарларда Save the Children кеңсесі орналасқан ғимарат төбесінен түтін шыққанын және сыртында бір көліктің жанып жатқаны көрінеді.

Save the Children ұйымының аты-жөнін атамаған өкілі ғимаратта 100 шақты адам жұмыс істейтінін айтты.

Шабуыл жасалған аумақта бірнеше қайырымдылық ұйымы мен үкімет ғимараттары орналасқан.

Пәкістанмен шектесетін Нангархар уәлаяты «Ислам мемлекеті» экстремистік ұйымы бекінген аймақ саналады және мұнда «Талибан» содырлары да ара-тұра бой көрсетіп қалады.

Save the Children - Ауғанстандағы ең ірі қайырымдылық ұйымдарының бірі саналады. Ұйым білім беру, денсаулық сақтау және балаларды қорғау жұмыстарымен айналысады.

Ауғанстанда шетелдік гуманитарлық ұйымдар бұған дейін де шабуылға ұшыраған. Қызыл Крест халықаралық комитеті былтыр жеті қызметкерін өлтіріп кеткен соң қазан айында елдегі қызмет ауқымын шектейтінін мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG