Accessibility links

АҚШ-та фантаст-жазушы Урсула Кребер Ле Гуин дүние салды


Урсула Кребер Ле Гуин.
Урсула Кребер Ле Гуин.

АҚШ-та 89 жасында фантаст-жазушы Урсула Кребер Ле Гуин дүние салды деп хабарлады New York Times. Ұлының айтуынша, Ле Гуин соңғы айларда қатты ауырған. Жазушы 22 қаңтар күні Орегон штатындағы Портланд қаласында өз үйінде қайтыс болды.

Жазушының ғылыми фантастика жанрындағы романдары 40 тілге аударылып, миллиондаған тиражбен сатылған. Оның 1969 жылы шыққан «Түнектің оң қолы» деп аталатын романы ең әйгілі саналады. Кітап фантастика саласындағы ең танымал «Хьюго» және «Небьюла» сыйлықтарын иеленген. Жазушы ғұмырында 20-дан астам кітап пен 100-ден астам әңгіме жазды. Оның бестселлер шығармалары қатарында «Азат ететін дуа», «Атаулар ережесі», «»Жертеңізі сиқыршысы» және «Өзге жел» кітаптары бар.

Жазушы 1929 жылы 21 қазанда танымал антрополог Альфред Кребердің отбасында дүниеге келді. Ол алғашқы әңгімесін 11 жасында жазды. Гарвард және Колумбия университеттерін бітіріп, ортағасырлық роман әдебиеті саласына маманданды. Ле Гуин фантастикадан өзге балалар кітабын жазып, поэзиямен және аудармамен щұғылданды.

Жазушы шығармашылығы үшін АҚШ-тың балалар әдебиеті саласындағы ең жоғары наградасы Джон Ньюбери сыйлығымен және америка әдебиетіне ерекше үлес қосқаны үшін Ұлттық кітап қорының медалімен марапатталды.

XS
SM
MD
LG